Ғылыми қауымдастық пен кәсіподақтың бірлескен қадамы

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен «Кәсіподақтар ғылыми-педагогикалық қоғамдастықтың серіктестері ретінде» тақырыбында семинар өтті. Аталмыш шара Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының жүз жылдығына және Ғылым күніне орай ұйымдастырылды.
Бұл басқосу білім және ғылым саласындағы кәсіподақ ұйымдарының рөліне, олардың ғылым мен педагогика саласындағы серіктестік қарым-қатынасын нығайту жолдарына арналды.
Семинарға университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері қатысты. Іс-шараны Қазақстандық оқу-ағарту қызметкерлері кәсіподағының өкілі Есбол Мұханбетқалиев ашып, білім және ғылым саласындағы кәсіподақтың рөліне ерекше тоқталды.

– Кәсіподақтар – тек әлеуметтік қорғау құралы ғана емес, сонымен қатар білім мен ғылым саласының сенімді серіктестері. Біз кәсіподақ мүшелерінің кәсіби дамуына, әділетті еңбек жағдайының жасалуына және ғылыми қызметке қолдау көрсетуге мүдделіміз, – деді.

Есбол Мұханбетқалиев өз сөзінде кәсіподақтардың қызметі тек әлеуметтік қорғаумен шектелмей, педагогтардың кәсіби шеберлігін арттыруға, лайықты еңбек жағдайларын қалыптастыруға және ғылыми қызметке жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталғанын ерекше атап өтті.

Семинар барысында кәсіподақ ұйымының жоғары оқу орындарындағы қызметі, ғылыми-педагогикалық ұжым мен кәсіподақтың өзара байланысы, педагогтардың әлеуметтік кепілдіктері мен еңбек құқықтарын қорғау, сондай-ақ жас оқытушылар мен ғалымдарды қолдауға бағытталған бастамалар талқыланды.