ҚРКФ білім беру жобалары ХЕҰ конференциясында таныстырылды

Бүгін Кишинев қаласында Халықаралық Еңбек Ұйымы ұйымдастырған «Кәсіподақ құрылымдарын жаңғырту мен нығайтудағы кәсіподақтық оқытудың рөлі» атты Өңірлік конференция өз жұмысын бастады.

Шараға Молдова, Украина, Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдерінің ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері қатысуда.

Конференцияның басты мақсаты – кәсіподақтық білім беру саласындағы озық тәжірибе алмасу, инновациялық тәсілдерді талқылау және халықаралық ынтымақтастықты дамыту.

Қатысушыларды Молдова кәсіподақтарының ұлттық конфедерациясы төрағасының орынбасары Лилия Франц, Халықаралық Еңбек Ұйымының Еуропа және Орталық Азия секторының жетекшісі Сергеюс Гловацкас және Халықаралық Кәсіподақ Конфедерациясының Жалпыеуропалық өңірлік кеңесінің атқарушы хатшысы Антон Леппик құттықтап, алғы сөз сөйледі.

Конференцияның негізгі бөлімі кәсіподақтық оқытудың жаһандық және өңірлік үрдістерін талқылауға арналды. Сондай-ақ Молдова ұлттық кәсіподақ конфедерациясының білім беру жүйесі таныстырылып, Конфедерация жанындағы Еңбек институтының жұмысы мен тәжірибесі ұсынылды. Қатысушы елдермен өткен сессия барысында цифрлық технологияларды қолдану, ынталандыру әдістері және халықаралық тәжірибені бейімдеу мәселелері талқыланды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) атынан конференцияға ҚРКФ Оқу орталығының директоры Ляззат Есжанова мен орталықтың дәріскері, Қызылорда облыстық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Майра Боранбаева қатысуда.

Секциялық жұмыс барысында Ляззат Есжанова сөз сөйлеп, Қазақстандағы кәсіподақтық оқытудың негізгі бағыттары мен жобаларын таныстырды.

Ол кәсіподақ мүшелерінің құзыреттілігін арттыру мен ұйымдық әлеуетті күшейтуге бағытталған білім беру бастамаларына ерекше тоқталды.

Сондай-ақ, тәжірибе алмасуға Тәжікстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Украина кәсіподақтарының өкілдері де белсенді қатысты.

Күн соңында «Ашық кеңістік» форматында пікір алмасу ұйымдастырылып, конференцияның бірінші күнінің қорытындысы жасалды.

Конференция жұмысы 16 сәуір күні жалғасады.