Ағымдағы жылдың 7 қыркүйегінде Ақтөбе облысының Кəсіподақтар орталығының ғимаратында “Кəсіподақ ұйымдары басшыларының көшбасшылық құзіреттіліктерін дамыту” тақырыбында семинар өткен болатын.
Облыста, тіпті республикада алғаш рет өткізілген аталмыш шараны мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің кәсіподағы Ақтөбе облыстық комитеті Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалымен бірлесе ұйымдастырды.
Семинардың ашылуына «Ақтөбе облысының Кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы Алтынбек Əмірғалиев және Мемлекеттік басқару академиясы Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Саида Садуакасова қатысып, шараның маңыздылығын атап көрсетіп, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Кәсіби және тұлғалық құзіреттіліктерін дамытудың заманауи технологиялары мен әдіс-тәсілдері негізінде кәсіподақ ұйымдары басшыларының көшбасшылық құзіреттіліктерін дамыту мақсатындағы аталмыш шараға аудандық кәсіподақ комитеттерінің және Ақтөбе қаласындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысты.
Оларға академия филиалының білікті мамандары, атап айтқанда филиал профессоры, филология ғ.к., PhD А.Мырзашева, филиалдың аға оқытушылары, заң ғылымдарының магистрі А.Абуов және психология ғылымдарының магистрі Б.Мусиралина “Көшбасшылық – кәсіподақ қызметіндегі жетістік факторы ретінде”, “Табысты коммуникация арқылы кәсіподақты басқару”, “Командамен жұмыс жасау әдістері”, “Стресс – менеджмент: қиын жағдайлардан шығу” тақырыптарында тренинг, кейс-стади өткізіп, білім-машықтарының шыңдалуына жағдай жасалды.
Семинар өте қызықты өтті. Қатысушылардың барлығы бірауыздан кәсіподақ көшбасшысының ұжымдағы рөлі қандай болатындығы жөнінде білім мен машықты қалыптастыруға септігі тиер тың бастама мен игі шараны ұйымдастырушыларға зор ризашылықтарын жеткізіп, әсерлерімен, ұсыныстарымен бөлісті. Барлық қатысушыларға шара соңынан сертификат табысталды.
Қорытынды сөзінде мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық комитетінің төрайымы Мұхтарита Сағындықова семинарды өткізуге атсалысқан ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару
академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалы директоры Саида Садуақасоваға алғыс білдіріп, алғашқы жобаның жалғасын тауып, алдағы уақытта өзге де кәсіподақ жетекшілерінің білімдерін жетілдіруге арналған шаралардың ұйымдастырылатындығын жеткізді. Кәсіподақ көшбасшылары көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.