Сәрсенбі, 16 сәуір күні Астанада Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіптік одағының VIII съезі өтті. Съезд жұмысына елдің барлық өңірлерінен делегаттар, мемлекеттік органдардың, әлеуметтік әріптестердің және кәсіподақ белсенділері қатысты.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының (ҚРКФ) төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысушыларға съезд жұмысына сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде салалық кәсіподақтың қызметіне баға беріп, жалпы кәсіподақ қозғалысының басым бағыттарын атап өтті және Қазақстандағы еңбек жағдайларын жақсарту бойынша нақты бастамаларды ұсынды.
Сатыбалды Дәулеталин мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының жұмысын жоғары бағалап, оның белсенді ұстанымын және кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ ол салалық кәсіподақтың төрағасы Светлана Иманқұловаға республикалық үшжақты комиссия мен салалық әлеуметтік әріптестіктегі белсенді қызметі үшін алғысын білдірді.
Әлеуметтік-еңбек саласындағы жаңа сын-қатерлер туралы айта отырып, ҚРКФ төрағасы қазіргі кәсіподақ қозғалысы жаңа жағдайларға бейімделуі тиіс екенін, әсіресе еңбек қауіпсіздігі мен жалақы төлеудегі әділеттілік мәселелеріне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.
«Жаңа Еңбек кодексін әзірлеу — кәсіподақтар үшін басты міндет. Біз өтемақы моделінен қауіп-қатерлердің алдын алуға негізделген проактивті модельге көшуіміз қажет. Бұрын жарақат алғанда адамдарға тек өтемақы төленетін — бұл кеңестік кезеңнің сарқыншағы. Ал біз болсақ, оның алдын алуға күш салуымыз керек. Жұмысқа кеткен адам үйіне аман-есен оралуы тиіс», — деді ҚРКФ басшысы.
Сатыбалды Дәулеталин жалақы төлеу мәселелеріне жеке тоқталып, табысты қызметкерлер мен басшылық арасында әділ бөлу, сондай-ақ инфляциядан қорғау тетігі ретінде жалақыны индекстеуді заңнамалық тұрғыда бекіту қажеттігін атап өтті.
«Біздің талдауымыз көрсеткендей, ұжымдық шарттардың тек 10%-ында ғана индекстеу туралы ереже бар. Бұл дегеніміз, жұмыс берушілердің 90%-ы қызметкерлердің сатып алу қабілетін сақтауды қамтамасыз етпейді. Біз инфляция деңгейіне сәйкес жыл сайын міндетті индекстеуді заңмен бекітуді ұсынамыз. Индекстеу — бұл жалақыны көтеру емес, оның сатып алу қабілетін қалпына келтіру. Бұл, әсіресе, табысы миллиондап табатындар үшін емес, 300 мың теңгеден аспайтын азаматтар үшін маңызды», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қазіргі таңда әлеуметтік әріптестіктің нәтижелі дамып жатқанын және бұл үдерісте кәсіподақтардың рөлінің айтарлықтай артқанын атап өтті. Бұл жағдай Бас келісім, сондай-ақ салалық, аумақтық келісімдер мен ұжымдық шарттарда көрініс тапқан.
«Қазақстанда ұжымдық шарттардың 95%-ы кәсіподақтардың қатысуымен жасалады. Бұл – еңбек қатынастарын реттеудегі олардың шешуші рөлінің дәлелі. Кәсіподақ бар жерде – әділет бар, жұмысшыларға барынша лайықты жағдай жасауға деген ұмтылыс бар», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Кәсіподақтар федерациясының халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытындағы маңызды жетістіктері де сөз болды. Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, халықаралық мойындаудың айқын мысалдарының бірі – Қазақстан тәуелсіздігі тарихында алғаш рет Халықаралық еңбек ұйымының Бас директоры Жильбер Унгбоның елімізге сапары және оның Қазақстандағы сапарын дәл Кәсіподақтар федерациясынан бастауы.
«Бүгінде Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы – Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының және оның Бас кеңесінің толыққанды мүшесі. Біз тек мүшелігімізді қалпына келтіріп қана қоймай, сонымен қатар оның басқару органдарының құрамына да кірдік. Біз Халықаралық еңбек ұйымымен және өзге де шетелдік әріптестермен белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Бұл – соңғы бес жылдағы жүйелі еңбектің нәтижесі», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Сонымен қатар, ҚРКФ төрағасы кәсіподақтарды жаңарту және жастардың рөлі тақырыбына да ерекше тоқталды.
«Жастар – болашақ емес, қазіргі уақыттың өзегі. Біз жас кәсіподақ көшбасшыларын және белсенділерді қолдауымыз керек, кадрлық резервті дәл қазір – бастауыш ұйымдардан бастап Федерация деңгейіне дейін қалыптастыруымыз қажет», – деді ол.
Сондай-ақ, Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтар қауымдастығы үшін бұл жылдың ерекше маңызға ие екенін еске салды.
«Биыл Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығын атап өтеміз. Қол жеткізген барлық жетістіктеріміз – осы қозғалыстың бастауында тұрған ардагерлердің еңбегі. Біз бұл мерейтойлық жылды оларға алғыс білдіруге және олардың ісін құрметпен әрі лайықты түрде жалғастыруға арнауымыз керек», – деді ол әріптестеріне үндеу жасап.
Федерация төрағасы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының делегаттарына ерекше алғысын білдірді.
«Сіздер алдыңғы шептесіздер. Қызметтік жұмыспен қатар қоғамдық қызметті де атқарып, жұмысшылардың мүддесін қорғап жүрсіздер. Сіздердің белсенділіктеріңізсіз бірде-бір ұжымдық шарт жасалмас еді. Біз сіздерге әрдайым қолдау білдіреміз және зор ризашылығымызды білдіреміз», – деп атап өтті ол.
Сөзінің соңында Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ қызметкерлерін Еңбек адамдардың мүддесі жолында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
«Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Барлығы бірден өзгермейді, бірақ біз кезең-кезеңімен алға жылжуымыз керек. Экономикалық жағдайды ескере отырып, әріптестікті сақтай отырып, Еңбек адамының құқықтарын берік қорғауымыз қажет. Міне, кәсіподақ қозғалысының басты мәні де осында», – деп қорытындылады сөзін ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.
Съезд қатысушыларына бейнежолдау арқылы Халықаралық кәсіподақтар бірлестігінің – Мәдениет қызметкерлері кәсіподақтары Консультативтік кеңесінің Бас хатшысы Владимир Камень де сәлем жолдады.
«Халықаралық кәсіподақ қауымдастығы сіздердің әлемдік кәсіподақ қозғалысына қосқан үлестеріңізді, ашықтықты және ынтымақтастыққа әрдайым дайын екендеріңізді шын жүректен бағалайды. Біз сіздердің лайықты еңбекке деген ұмтылыстарыңызды қолдаймыз және ортақ мақсаттарға қол жеткізу жолында сіздермен бір жолда екенімізді естен шығармаңыздар», – деп атап өтті ол.
Съезд делегаттары мен қатысушыларына әріптес ұйымдардың өкілдері де құттықтау лебізін білдірді. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Туризм және спорт министрлігінің өкілдері болды. Сондай-ақ, «Астаналық цирк» МКҚК директоры Ерік Жолжақсынов пен Ұлттық индустрия және туризм қауымдастығының президенті Раушан Шамиль де сөз сөйледі. Олар кәсіподақ қозғалысы қызметкерлер мен мемлекет арасындағы маңызды байланыстырушы буын екенін атап өтіп, кәсіподақтың белсенді де сындарлы қызметіне ризашылық білдіріп, съезд жұмысына табыс тіледі.
Съезд барысында соңғы бес жылдағы атқарылған жұмыстар мен алдағы негізгі даму бағыттары туралы салалық кәсіподақ төрайымы Светлана Иманқұлова баяндама жасады. Қазіргі таңда салалық кәсіподақ құрамында 59 мыңнан астам адам бар, ал еліміздегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны 1153-ке жеткен. Бұл кәсіподаққа деген сенімнің артып келе жатқанын және жұмысшылардың белсенді қолдауын айғақтайды.
«Соңғы жылдары біз бірқатар маңызды реформаларды жүзеге асырдық. Олар қызметкерлердің жалақысын арттыруға және әлеуметтік кепілдіктерін жақсартуға бағытталған. Мәселен, 2021 жылдан бері мәдениет саласындағы азаматтық қызметшілердің жалақысы жыл сайын 20%-ға өсіп келеді. Ал 2020 жылдан бастап спорт мектептерінің жаттықтырушылары мен өзге де мамандарға үстемақы төлене бастады. Бұл, сөзсіз, олардың қаржылық жағдайына оң әсер етті», – деді Светлана Иманқұлова.
Баяндамашы еңбек өтілі 20 жылдан асатын қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға ерекше назар аударылғанын атап өтті. Атап айтқанда, чемпиондық атаққа қол жеткізген спортшыларға төленетін сыйақылар артты, сондай-ақ спорт төрешілері мен спорт зертханалары қызметкерлерінің жалақылары да едәуір көтерілді.
Салалық кәсіподақ заңнамалық актілерге де бірқатар өзгерістер енгізуге қол жеткізді. Мәселен, мәдениет қызметкерлері үшін маңызды «Қазақстан Республикасының Халық әртісі» атағы қайтарылды. Сонымен қатар, жаңа кәсіби мереке – 24 қазанда аталып өтетін «Кітапханашы күні» белгіленді. Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер ауылдық жерде еңбек ететін қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерін жақсартуға ықпал етті. Сондай-ақ, азаматтық қызметшілерді аттестаттау ережелеріне өзгерістер енгізіліп, бұл мәдениет және спорт саласында 20 жылдан астам еңбек етіп жүрген мамандар үшін бұл рәсімді жеңілдетті.
«Бұл өзгерістер Үкіметпен жүргізілген ұзақ мерзімді келіссөздердің нәтижесі болып табылады. Енді біз өз қызметкерлерімізге көрсетіліп жатқан нақты қолдау туралы нық сеніммен айта аламыз. Бірақ жұмысымыз мұнымен аяқталмайды. Біз алдағы уақытта да нақты өзгерістерге қол жеткізуге, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктері мен еңбек жағдайларын жақсартуға күш саламыз. Алда атқарылар шаруа көп және біз де жаңа сын-тегеуріндерге дайынбыз», – деп атап өтті Светлана Иманқұлова.
Съезд делегаттары кәсіподақтың соңғы бес жылдағы қызметі туралы есепті қанағаттанарлық деп танып, жаңа басшылық құрамды сайлап, кәсіподақтың жаңа жарғысы мен 2025–2030 жылдарға арналған даму бағдарламасын бекітті. Жаңа стратегиялық бастамаларда ауылдық жерде еңбек ететін қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға, қосымша төлемдер мен үстемақылар енгізілетін лауазымдар тізбесін кеңейтуге, сондай-ақ мемлекеттік органдармен және жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды нығайту арқылы қызметкерлердің құқықтарын қорғауға баса назар аударылған.
Съезд қабылдаған маңызды шешімдердің бірі – Светлана Иманқұлованы «Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласы қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы лауазымына қайта сайлау болды. Съезд аясында Кәсіподақ пен «Туризм индустриясының ұлттық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл келісім кәсіподақ пен туристік сала өкілдері арасындағы серіктестіктің жаңа көкжиектерін ашып, әлеуметтік әріптестік пен қызметкерлердің құқықтарын қорғау мәселелерін неғұрлым тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Съезд делегаттары Қазақстан Республикасының Үкіметіне, жұмыс берушілерге және салалық министрліктерге ауылдық жерлерде жұмыс істейтін қызметкерлер үшін қосымша төлемдер мен үстемақы тағайындалатын лауазымдар тізімін кеңейту туралы ұсыныспен үндеу жолдады. Бұл бастама шалғай өңірлерде еңбек етіп жүрген мамандарды қолдауға және кадрлардың ірі қалаларға жаппай кетуінің алдын алуға бағытталған.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы