Сәрсенбі, 16 сәуір күні Кишинев қаласында «Кәсіподақтық оқытудың кәсіподақ құрылымдарын жаңғырту мен нығайтудағы рөлі» тақырыбындағы Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Өңірлік конференциясы өз жұмысын жалғастырды. Конференцияға Қазақстан, Молдова, Украина, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Әзербайжан және басқа да өңірлердің ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері қатысты.
Конференцияның екінші күнгі бағдарламасы делегациялар таныстырылымынан басталды. Олар жұмыс берушілермен келіссөз жүргізу, кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау және оқу орталықтарын дамыту тәжірибелерімен бөлісті.
Конференция аясында «Кәсіподақ қызметінің тиімділігінің негізгі шарты ретіндегі оқыту стратегиялары: мәселелер мен мүмкіндіктерді талқылау» атты панельдік сессия өтті.
Қатысушылар жұмыс топтарына бөлініп, келесі маңызды аспектілерді талқылады: белсенді оқыту – тренерлер мен лекторлардың рөлі; кімді және неге оқытамыз; әйелдер мен жастар белсенділерін оқыту – әдістер ерекшелігі және кәсіподақ мектептері мен білім беру орталықтарының тұрақты дамуы; бағдарламаларды қаржыландыру; аналитикалық көзқарас және оқытудың нәтижелерін бағалау.
Оқыту нәтижелері мен талдауы бойынша сессия модераторы ретінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының өкілі, ҚРКФ оқу орталығының директоры Ляззат Есжанова сөз сөйледі.
Талқылау барысында қатысушылар табысты тәжірибелерімен бөлісіп, даму басымдықтарын айқындап, негізгі сын-қатерлерді атап өтті. Әсіресе кәсіподақ мүшелерінің қажеттіліктерін бағалау, білім беру бағдарламаларын бейімдеу және цифрлық шешімдерді енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Күннің қорытындысы ретінде халықаралық ынтымақтастық басымдықтарын талқылау және кәсіподақтық білім беру саласындағы бірлескен болашақ жұмысқа арналған ұсынымдарды әзірлеу өтті. Конференция қорытындысын Молдова Кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Игорь Зубку шығарды.
«Бұл конференция – өңірдегі кәсіподақ қозғалысының ынтымақтастығын нығайтуға, білім мен тәжірибе алмасуға арналған тиімді алаң болды. Қатысушы әріптестеріміз ұсынған кәсіподақтық оқытудың үздік тәжірибелері – барлық ұлттық кәсіподақ орталықтары үшін құнды тәжірибе», – деді Игорь Зубку.
Конференцияға қатысушылар ұлттық кәсіподақ орталықтарының ұсыныстарын жинақтап, ортақ ұсынымдар әзірлеуді көздеп отыр.