Кәсіподақтық білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және тәжірибе алмасу мақсатында Кишиневте өткен өңірлік кәсіподақтар конференциясы аясында Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының Оқу орталығы мен Молдова Республикасының Еңбек институты арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжатқа Молдова Еңбек институтының бас директоры Виорел Брага мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының оқу орталығының директоры Ляззат Есжанова қол қойды.
Меморандум кәсіподақ қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және ғылыми-тәжірибелік бастамаларды жүзеге асыру арқылы оқыту саласындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған. Бірлескен жұмыста еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік диалогты дамыту және лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінбек.
Тараптар келесі бағыттар бойынша ынтымақтастық орнатуға келісті: бірлескен семинарлар, тренингтер мен конференциялар ұйымдастыру; оқытушылармен, сарапшылармен және оқу-әдістемелік материалдармен алмасу; еңбек және кәсіподақ қозғалысының өзекті мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу; онлайн оқытуды дамыту және білім берудің инновациялық форматын енгізу.
Қол қоюшылардың айтуынша, бұл – кәсіподақтық білім беру әлеуетін арттыруға және кәсіподақ белсенділерінің кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатын халықаралық әріптестікті дамыту жолындағы маңызды қадам.
Еске сала кетейік, 15–16 сәуір күндері Молдова астанасы Кишинев қаласында Халықаралық еңбек ұйымының «Кәсіподақтық оқытудың кәсіподақ құрылымдарын жаңғырту мен нығайтудағы рөлі» тақырыбындағы Өңірлік конференциясы өтті. Оған Қазақстан, Молдова, Украина, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Әзербайжан елдерінің ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері қатысты.