Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында облыстық мәслихаттың «Еңбек» депутаттық тобымен кездесті.
Кездесуді облыстық мәслихаттың төрағасы Денис Рыбаков жүргізіп, «Еңбек» тобының кәсіподақтардың бастамасымен құрылғанын және ШҚО еңбеккерлердің мүддесін белсенді қорғап жүргенін атап өтті.
«Біз депутаттардың кәсіподақтармен бірлесіп жұмыс істеуін қолдаймыз, олардың бастамаларын құптаймыз, кәсіпорындардағы мәселелерді шешуге өз үлесімізді қосуға тырысамыз», – деді Денис Рыбаков.
Депутаттық топтың басшысы Сания Аубакирова кәсіподақтар атынан сайланған халық қалаулыларының қызметі туралы кеңірек баяндады.
«Еңбек» тобының құрамында облыстық мәслихаттың жеті депутаты бар. Топ 2023 жылдың желтоқсан айында құрылды. Сол сәттен бастап біз болашаққа арналған іс-қимыл жоспарын қабылдадық. Алғашқы кездесулеріміздің бірі өңірдегі кәсіподақ көшбасшылары және белсенділерімен болды. Кәсіподақтардан түскен ұсыныстар – біздің жұмысымыздың негізі. Содан бері кәсіпорындарға барып, еңбек ұжымдарымен кездесіп, жұмысшыларға құқықтық көмек көрсетіп, мәслихат отырыстарында еңбек адамын толғандырған өзекті мәселелерді көтеріп келеміз, – деді Сания Аубакирова.
Ол ҚРКФ төрағасына бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы базалық лауазымдық жалақы (БЛЖ) негізінде есептелетінін айтып, бұл жүйені қайта қарау мәселесіне көмек сұрады.
ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бұл мәселеге қатысты өз көзқарасын білдірді.
«Біз БЛЖ жүйесінен бас тартып, оның орнына бүкіл елде қолданылатын ең төменгі жалақы негізінде есептеу жүйесіне көшу керек деген пікірдеміз. Біз осы ұсынысты Үкіметке жолдадық. Қазір бұл мәселе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде қарастырылып жатыр, – деді ҚРКФ төрағасы.
Кездесу барысында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ШҚО бойынша өкілі Серік Мизанбеков қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша Аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен 2023 жылы мамырда жасалған меморандум аясындағы жұмыстар туралы айтты. Меморандум құқықтық түсіндіру жұмыстарын, кәсіпорындар мен ұйымдарға бірлескен сапарларды, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізуді, еңбеккерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған саясат пен рәсімдерді әзірлеу және енгізуді көздейді.
«2024 жылы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге еңбек құқықтарының бұзылуына байланысты 265 өтініш келіп түсті. Олардың ішінде заңсыз жұмыстан шығару, жалақыны кешіктіру немесе төлемеу, еңбек жағдайының сақталмауы сияқты мәселелер көтерілді. Нәтижесінде: 34 өтініш иесінің құқығы қалпына келтірілді; 193 адамға құқықтық кеңес пен түсіндірме берілді; 38 шағым құзыретті органдарға жолданды, – деді Серік Мизанбеков. Ол сондай-ақ Омбудсмен институты мен кәсіподақтардың қызметкерлердің құқықтарын қорғауда ортақ тұстары көп екенін атап өтті.
ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кездесуге қатысушыларға еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін алға жылжытудағы белсенді жұмыстары үшін алғыс білдірді және мұндай ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.
«Кәсіподақ федерациясы сайлау процесіне белсенді қатысты. Бүгінде Парламентте кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғайтын депутаттар бар. Ал жергілікті өкілдік органдарда – облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарда 300-ден астам кәсіподақ көшбасшысы мен белсендісі депутат болып сайланды. «Еңбек» депутаттық топтарының құрылуы және олардың кәсіподақтармен бірлесіп жұмыс істеуі – еңбек саласындағы мәселелерді шешу мен жұмысшылардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам, – деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ төрағасы кәсіподақтар мен депутаттық корпус бірлесе жұмыс істеуі тиіс басым бағыттарды атады.
«Бірінші кезекте еңбек қауіпсіздігі, жалақы мәселесі, жұмысшылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және оларға заң көмегін көрсету. «Еңбек» тобы мен кәсіподақтардың тиімді өзара іс-қимылы ШҚО, Павлодар, Қостанай, Алматы облыстарында көрініс табуда. Бұл өңірлерде депутаттық топтың кәсіпорындарға барып, көшпелі отырыс өткізуі дәстүрге айналған. Бұл тәжірибені барлық өңірлерге таратып, депутаттық топтар мен кәсіподақтардың жұмысын өзара тәжірибе алмасу арқылы кеңейту жоспарда бар, – деді ҚРКФ төрағасы.
Кездесу соңында Сатыбалды Дәулеталин «Еңбек» депутаттық тобының белсенді мүшелерін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамотасымен марапаттады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы