ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнімен құттықтауы

Құрметті еңбеккерлер, қадірлі әріптестер!
Бүгін еңбек адамы өміріндегі ең қастерлі ұғымдардың бірі – еңбек ұлылығын ұлықтайтын 28 сәуір — Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні.
Еңбек — өмірдің өзегі, тіршіліктің күретамыры. Адал еңбектің арқасында ел еңсесін тіктеп, мемлекетіміз кемел келешекке қадам басуда. Осы жолда маңдай терін төгіп, күш-жігерін сарп етіп жүрген әрбір Еңбек адамы — құрмет пен алғысқа лайық.
Бұл айтулы күн — қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету, адамның өмірі мен денсаулығын қорғау мәселесінің маңыздылығына тағы бір мәрте назар аудартатын тағылымды сәт. Өйткені ең қымбат құндылық — адамның өмірі. Ал оны қорғау – әр қоғамның, әр ұжымның ең басты борышы.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы Еңбек адамын қорғау жолында ұдайы жұмыс істеп келеді. Әрбір еңбеккердің құқығы қорғалып, әрбір жұмыс орнында әділдік пен қауіпсіздік салтанат құруы үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Себебі әділетті еңбек пен қауіпсіз орта – ел дамуының берік негізі.
Қадірлі еңбек адамдары, еңбектеріңіз әрдайым бағалансын, төккен терлеріңіз жемісті жеңістерге ұлассын! Сіздерге зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат, отбасыңызға амандық, әрбір жаңа күннен жақсылық тілеймін!
Еңбектің туы әрқашан биік болсын! Әділет пен амандық жолындағы ортақ мақсатымызда бірлігіміз берік, жұмысымыз табысты болғай!
Ізгі тілекпен,
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы
Сатыбалды Дәулеталин