2025 жылдың 24 сәуірінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының (ҚРКФ) төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған ҚРКФ делегациясы жұмыс сапары аясында Шығыс Қазақстан облысына барып, «Казцинк» ЖШС Металлургиялық кешенінің Мыс және Мырыш зауыттарының электролиз цехтарының жұмысымен танысты.
Өндіріс барысы туралы Металлургиялық кешеннің директоры Тұрарбек Әзекенов баяндады. Оның айтуынша, кәсіпорынның негізгі қызмет түрі — мырыш, қорғасын, мыс, алтын және күміс өндіру. Жалпы жұмысшылар саны — 19 мың адам, олардың 99%-ы кәсіподақ мүшелері. Компаниядағы орташа жалақы 776 мың теңгені құрайды.
Сапар барысында ҚРКФ делегациясы өндірістегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған әлеуметтік әріптестердің кеңейтілген отырысына қатысты. «Казцинк» ЖШС алаңында өткен бұл шара Дүниежүзілік еңбек қорғау күніне арналды. Отырысқа өңірдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының басшылары, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері және мемлекеттік органдар қатысты.
Отырыстың модераторы — Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар өңір кәсіпорындарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету — әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарының ортақ міндеті екенін атап өтті.
«Бұл — еңбек қорғау саласының мамандары, кәсіподақ өкілдері, жұмыс берушілер мен қауіпсіз, заманауи әрі салауатты еңбек ортасын құруға мүдделі мамандарды біріктіретін маңызды шара. Федерация төрағасының қатысуы — еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен әлеуметтік әріптестікті нығайту бағытындағы бірлескен күш-жігердің маңыздылығын көрсетеді», — деді ШҚО әкімінің бірінші орынбасары.
Өз сөзінде ШҚО бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің басшысы Бақытбек Қизатов өңірдегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған негізгі шаралар туралы айтты.
«Еңбек министрлігі өндірістегі қауіпті аймақтарды онлайн бақылауға арналған автоматтандырылған жүйелерді, сондай-ақ жасанды интеллект арқылы тәуекелдерді талдау мен болжауды қамтитын Біртұтас цифрлық мониторинг платформасын енгізуді жоспарлап отыр. Платформаның пилоттық іске қосылуы 2025 жылы 5 ірі кәсіпорында жүзеге асырылады. 2026 жылы жүйе талданып, жетілдіріледі, 2027 жылы барлық ірі өндірістерге кеңінен енгізіледі, ал 2028 жылы жоғары қауіпті кәсіпорындардың міндетті түрде қосылуы қамтамасыз етіледі», — деді Бақытбек Қизатов.
2025 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысында өндірісте 24 адам зардап шекті. Оның ішінде 3 адам қаза тауып, 13 адам ауыр жарақат алған.
«Казцинк» ЖШС-дегі еңбек қауіпсіздігі жайлы Металлургия кешенінің өндірістік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау жөніндегі бас техникалық жетекшісі Сұлтан Кәрімов баяндады. Ол кешенде «Қауіпсіз еңбек 2.0» бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанын айтты. Бұл бағдарлама 9 негізгі бағыттан тұрады: қауіпсіздік стандарттарын енгізу, ұзақ мерзімді жоспарлау, қауіпсіз мінез-құлық ережелерін қалыптастыру, талдау жасау және дұрыс шешім қабылдау. Бағдарламаның маңызды бөлігі — жұмысшылар арасынан жауапкершілігі жоғары көшбасшыларды тәрбиелеу.
Жиында кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігін бақылауда кәсіподақтың рөлі туралы Металлургия кешенінің әлеуметтік жұмыс жөніндегі бас маманы Нұрлан Омарбеков те ой бөлісті.
«Көпжылдық тәжірибе көрсеткендей, еңбек қауіпсіздігін бақылауда жұмыс беруші мен кәсіподақтың бірлескен бақылауы өте тиімді. Біздің ортақ мақсатымыз — өндірісте жарақаттың мүлде болмауы. Біздің техникалық инспекторларымыз өз ұжымдарында беделді, көшбасшы адамдар. Олар әріптестерінің еңбек қауіпсіздігіне деген көзқарасын жақсартып жатыр. Сондықтан кәсіподақ техникалық инспекторларды таңдауға және оларды оқытуға ерекше мән береді. 2025 жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша, компанияда 350 техникалық инспектор жұмыс істейді. 2024 жылы инспекторлар 40 мыңнан астам қауіпсіздік бұзушылығын анықтады. Оның жартысы арнайы «Ауытқуларды басқару» ақпараттық жүйесіне енгізілді. Сондай-ақ барлық цехтарда еңбек қауіпсіздігіне арналған WhatsApp чаты бар. Онда цех инженерлері, механиктері, энергетиктері мен техникалық инспекторлары бірігіп жұмыс істейді. Қазір өзіміздің корпоративтік «Техникалық инспекторлар мектебі» ашылып, табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл мектепте өндірістегі қауіпсіздікті бақылау ғана емес, ұжымдағы психологиялық ахуалға оң әсер ету жолдары да үйретіледі», – деді Нұрлан Умарбеков.
Жиын соңында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысушылардың баяндамалары бойынша қорытынды жасады. Ол республика бойынша еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына кеңірек тоқталды.
«Еңбек қауіпсіздігі – кәсіподақтардың негізгі бағыттарының бірі. Кәсіподақтар федерациясы 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын жасауға белсенді қатысты. Бұл құжат еңбек қауіпсіздігін өтемақы төлеу моделінен қауіп-қатерлердің алдын алуға бағытталған басқару жүйесіне көшіруді көздейді. Біз Ұлттық кәсіптік аурулар орталығын қайта аштық. Енді өндірістік медицина инфрақұрылымын қайта қалпына келтіруді ұсынып отырмыз. Сонымен қатар, мемлекеттік еңбек инспекциясын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарауына беру туралы бірнеше рет мәселе көтердік және оған қол жеткіздік. Енді еңбек инспекторларының санын көбейту керек. Қазір елімізде бір еңбек инспекторына 23-24 мың жұмысшыдан келеді. Ал халықаралық стандарт бойынша бір инспекторға 10 мың жұмысшыдан артық болмауы керек. Осы мәселе шешілгенше, Кәсіподақтар федерациясы техникалық инспекторлардың мүмкіндігін тиімді пайдаланып, олардың мәртебесін және ынталандыру деңгейін заңмен арттыруды ұсынады», – деді Сатыбалды Даулеталин.
Кәсіподақтар федерациясының дерегі бойынша, бүгінде елде 16 600 техникалық инспектор еңбек қауіпсіздігін қадағалап жүр. Сонымен бірге, кәсіподақтардың бастамасымен 11 500 өндірістік кеңес жұмыс істейді.
«Соңғы бес жылда өндірістік жарақат азайғанымен, жалпы жағдай әлі де күрделі. Жыл сайын өндірісте шамамен 200 адам қайтыс болып, 1000-нан астам адам жарақат алады. Әсіресе өнеркәсіп аймақтарында, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында жарақаттану деңгейі жоғары болып тұр. Мониторинг көрсеткендей, еліміздегі өліммен аяқталған оқиғалардың 70%-ы жұмыс берушінің кінәсінен болса, барлық өндірістік жазатайым оқиғалардың 69%-ы кәсіподақ жоқ кәсіпорындарда болған. Сондықтан біз жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігіне жауапкершілігін күшейтуді ұсынамыз», – деп атап өтті Сатыбалды Даулеталин.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде барлық әлеуметтік әріптестердің бірлескен әрекеті керек екенін атап өтті. Себебі, еңбеккерлерге лайықты еңбек жағдайын жасамайынша, еңбек өнімділігін арттыру мүмкін емес.
«Кәсіподақтар үшін жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздікпен тең. Біздің бұл мәселедегі нақты ұстанымымыз мынада: адам таңертең жұмысқа шығып, кешке аман-есен, денсаулығы мен көңіл күйі жақсы күйде отбасына оралуы керек. Ешкім күнкөрісі жасап жүріп, жұмыс орнында қаза болмауы керек. Қауіпсіз еңбек жағдайлары – жұмыс берушілер мен жұмысшылардың ортақ мақсаты», – деп атап өтті ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Төраға «Қазцинк» металлургиялық кешенінің әлеуметтік әріптестерімен бірлесіп еңбек қауіпсіздігі мәселесінде атқарған жұмысына жоғары баға берді. Шараның соңында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Қазез Бекшентаев пен Жеңіс Досановты «Еңбек озаты» медалімен марапаттады. «Кәсіподақтардағы белсенді жұмысы үшін» медалімен және Құрмет грамотасымен кәсіподақ мүшелері мен кәсіпорынның кәсіподақ жетекшілері Нұржан Магзиев, Раиса Дюсебаева, Дамир Қайырбеков және Светлана Аникеева марапатталды.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы