Ашхабадта Орталық Азия елдерінің ұлттық кәсіподақ орталықтары өзара ынтымақтастықтың болашағын талқылады

2025 жылғы 28 сәуірде Түрікменстанның астанасы Ашхабадта Орталық Азия елдерінің кәсіподақ ұйымдары басшыларының халықаралық форумы өтіп жатыр. Бұл шара Халықаралық еңбек ұйымының Еңбекшілер бюросымен бірлесе ұйымдастырылып, Түрікменстанның Нейтралитетінің 30 жылдығына және Түрікменстан кәсіподақтарының ұлттық орталығының құрылғанына 30 жыл толуына арналды. Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Айбосынов басқарып барды.

Шараның ашылуында Түрікменстан кәсіподақтарының ұлттық орталығының төрағасы Огулдженнет Бердилиева Түрікменстан кәсіподақ қауымдастығы Орталық Азия елдерінің әріптестерімен ынтымақтастыққа ашық екенін атап өтті.

Форумға қатысушыларды құттықтап, Халықаралық еңбек ұйымының еңбекшілер бюросының директоры Мария Хелена Андре, Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) Еуропа және Орталық Азия елдері бөлімінің басшысы Сергиюс Гловацкас, Түрікменстанның еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының өкілдері сөз сөйледі.

Жиында Орталық Азия елдерінің ұлттық кәсіподақ орталықтарының делегация басшылары да өз сөздерін айтты.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Айбосынов түрікмен әріптестерін мерейтойлы күндермен құттықтады.

«Түрікменстан кәсіподақтарының ұлттық орталығының құрылуының 30 жылдығы елдің тарихындағы маңызды кезеңді білдіреді. Бұл тек өткен жетістіктердің белгісі ғана емес, сонымен қатар болашақтағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашатын бір кезең. Осы жылдар ішінде Ұлттық кәсіподақ орталығы жұмысшылардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік әділеттілікті қолдау және еңбек жағдайларын жақсартуда маңызды рөл атқарды. Түрікменстанның азаматтарының еңбек құқықтарын қорғау және нығайту бағытындағы жұмысы елдің әлеуметтік және экономикалық игілігіне қосылған баға жетпес үлес болып табылады», – деді Қайрат Айбосынов.

Қазақстан делегациясының басшысы сондай-ақ халықаралық сарапшыларға да сөз арнады.

«Біз Халықаралық еңбек ұйымына, оның өкілі Мария Хелена Андре ханымға, сондай-ақ Орталық Азия елдеріндегі ұлттық кәсіподақ орталықтарының әріптестеріне әлеуметтік әділеттілік пен лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету бағытындағы бірлескен бастамалары үшін алғысымызды білдіреміз», – деп атап өтті спикер.

Іс-шара аясында панельдік сессиялар өтті, онда барлық Ұлттық кәсіподақ орталықтарының делегациялары өздерінің ұстанымдарын ұсынды. «Нейтралитет принциптері: қазіргі тәжірибе және ынтымақтастық» сессиясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Айбосынов қатысушылардың назарын нейтралитет принциптеріне аударды.

«Үш онжылдық бойы Түрікменстанның нейтралитеті оның азаматтарының бейбіт әрі тұрақты өмір сүруіне берік негіз болды. Бұл нейтралитет мемлекеттің тәуелсіздігін, егемендігін және басқа елдермен бейбіт әрі ынтымақтасуға деген ұмтылысын білдіреді»», – деп атап өтті Қайрат Айбосынов.

Ұлттық кәсіподақ орталықтарының халықаралық институттармен ынтымақтастығы туралы сөз қозғаған Қайрат Айбосынов Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының диалог пен бірлескен іс-қимылды нығайтуға деген ұмтылысын ерекше атап өтті.

«Біз кәсіподақтарды қайта жандандыру және заманауи талаптарға сай жаңғырту, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және әділеттілік принциптерін алға жылжыту жөніндегі күш-жігерімізді біріктіруіміз керек. Кәсіподақ ұйымдары жұмыссыздық, еңбек қауіпсіздігі, тең құқықтар, мигранттарды қорғау, гендерлік теңдік және әлеуметтік қамтамасыз ету сияқты маңызды мәселелерді шешуге белсенді қатысады. Еңбек нарығындағы тұрақсыздық пен цифрландырудың өсуі жағдайында олар тек уақыттың сын-қатерлеріне жауап беріп қана қоймай, оларды алдын ала болжауға да тырысады. Әлемдегі өзгерістерді ескере отырып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы халықаралық әріптестерімен ХЕҰ-ның негізгі бастамаларын алға жылжыту және жұмысшылар үшін лайықты әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған конструктивті ынтымақтастыққа дайын екенін растайды», – деді Қайрат Айбосынов.

Екінші пленарлық сессияда — «Жұмысшылардың құқықтарын қорғаудағы кәсіподақтардың рөлі» тақырыбында Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаментінің бас сарапшысы Әсем Оспанова сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік әріптестермен бірге елдегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын жетілдіру және әлеуметтік диалогты дамыту бағытында атқарып жатқан шаралары туралы айтты.

«Өткен жылдың наурыз айында қол қойылған Бас келісім қоғамдағы әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге арналған жаңа, озық механизмдерді қамтып отыр. Бұл механизмдер Халықаралық еңбек ұйымы ұсынған тәсілдер мен көрсеткіштерге сай келеді. Кәсіподақтар федерациясы бастамасының нәтижесінде 2024 жылғы наурызда Үкімет жанындағы Республикалық үшжақты комиссия отырысында Ең төменгі жалақы мөлшерін анықтау әдістемесінің жобасы мақұлданып, Үкімет қаулысымен бекітілді. Кәсіподақ федерациясының ең маңызды мақсатының бірі — еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жұмысшылардың құқықтарын қорғау. Кәсіподақтар заңнаманы жетілдіруге қатысты жұмыс топтарына белсенді қатысып, 2024-2030 жылдарға арналған Қазақстандағы Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының әзірленуіне атсалысты. Сондай-ақ Қазақстанда лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге арналған Жол картасына да қол қойылды. Онда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбекті қорғау заңнамасын жетілдіру және Қазақстандағы еңбек инспекциясы жүйесінің Халықаралық еңбек ұйымының №81 «Өнеркәсіп және саудадағы еңбек инспекциясы туралы» және №129 «Ауыл шаруашылығындағы еңбек инспекциясы туралы» конвенциялары талаптарына сәйкестігін талдау бойынша нақты шаралар көрсетілген», – деді қазақстандық делегацияның өкілі.

Әсем Оспанованың айтуынша, әлеуметтік әріптестіктің, оның тетіктері мен құралдарын қолданудың әлеуметтік-еңбек дауларын алдын алу және шешудегі рөлі өте маңызды.

«Еңбек ұжымдарында еңбек даулары мен әлеуметтік шиеленістердің алдын алу үшін Кәсіподақтар федерациясы еңбек дауларына қатысты апта сайын мониторинг жүргізеді. 2024 жылы еңбек дауларының саны өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға азайды (2023 жылы – 84 еңбек дауы тіркелген болатын). Биыл тіркелген 68 жағдайдың 49-ы (яғни 28%-ы) ереуілсіз, келіссөздер мен түсіндіру жұмыстары арқылы шешілді. Арнайы қадамдық іс-әрекет алгоритмі жасалып, дауларға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік берді, ал 2025–2026 жылдарға арналған жол картасы олардың алдын алуға жағдай жасайды. Бір жылдың ішінде 1100-ден астам еңбек мәселелері бойынша кеңес беріліп, оған 9 мыңға жуық жұмысшы қатысты, сондай-ақ 35 мың адамды қамтыған 491 оқыту семинары өткізілді. Бұл еңбек ұжымдарындағы шиеленісті айтарлықтай азайтты. 2024 жылы Кәсіподақтар федерациясы 32 495 кәсіподақ мүшесін қамтыған 590 онлайн және офлайн форматтағы семинар өткізді», – деді Кәсіподақтар федерациясының өкілі.

Ашхабадта өткен халықаралық кездесудің қорытындысы бойынша Орталық Азия елдерінің ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері аймақта лайықты еңбек принциптерін ілгерілету үшін әлеуметтік әріптестерге арналған ұсыныстар әзірлеп, қабылдады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы