Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығында салтанатты шара ұйымдастырылды. Іс-шара барысында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше көзге түскен мамандар арнайы марапаттарға ие болды.
Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, өндірісте қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ол “Қазхром” ТҰК АҚ-ның Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Хромтаудағы Дөн кен байыту комбинатының еңбек инспекторларына еңбекті қорғау саласындағы белсенді қызметі үшін Салалық кәсіподақ төрағасының Құрмет грамоталарын табыстады.
Тау-кен өнеркәсібі қызметкерлері салалық кәсіподағы төрағасының орынбасары Әбілқайыр Сотқаров пен Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы бастығының орынбасары Талғат Искарин де қатысып,еңбек қорғау саласындағы заңнама тетіктерін көпшілікке түсіндірді.
Жиын соңында марапат иелеріне жылы лебіздерін білдіріп,олардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарып жатқан жұмыстарын, жауапкершіліктерін жоғары бағалады.