Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Мейірхановтың төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын барысында еңбек заңнамасының сақталуы, өндірістік жарақаттардың алдын алу және әлеуметтік аударымдар мәселелері талқыланды.
2025 жылдың басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасын сақтау жөнінде 85 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, нәтижесінде 56 ұйғарым берілді. 9 заңды тұлға жалпы сомасы 6,4 млн теңгеден астам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жүргізілген жұмыстың нәтижелері бойынша жыл басынан бері 20,7 млн теңгеден астам жалақы берешегі өтеліп, сол арқылы 128 қызметкердің еңбек және конституциялық құқықтары қорғалды.
Жыл басынан бері Астанада 3 өндірістік жазатайым оқиға тіркелді, олардың барлығы құрылыс нысандарында орын алған. Бұл жағдайлар еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейту қажеттігін көрсетеді.
Әлеуметтік аударымдар бойынша берешек 226,9 млн теңгені құрайды. 878 салық төлеушіге берешек туралы хабарлама жіберіліп, 6454 салық төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатылды. Сонымен қатар, барлық қызметкерлермен жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Комиссия мүшелері еңбек жанжалдарының алдын алу және шешу алгоритмі мен еңбек тәуекелдерінің картасы бойынша жұмысты жүйелендіріп жалғастыруды жоспарлап отыр. Әрбір тәуекел бойынша қала кәсіпорындарымен жүйелі жұмысты күшейту, кешенді шешімдер әзірлеу және еңбек даулары мен жанжалдардың алдын алу бойынша нақты іс-шаралар қабылданатын болады.