1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінің қарсаңында облысымыздың спорт саласының дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлердің еңбегі жоғары бағаланып, оларға ерекше құрмет көрсетілді.
Іс-шараға «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, «Түркістан облысының спортшылары мен спорт саласындағы қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шадияр Қондыбаев, сондай-ақ спорт ардагерлері мен кәсіподақ белсенділері қатысты.
Жиын барысында салалық кәсіподақ төрағасы Шадияр Қондыбаев алғы сөз сөйлеп, спорт ардагерлерінің қоғам өміріндегі маңызын ерекше атап өтті. Ол сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын сақтау ісінде мұндай кездесулердің маңызы зор екенін айтты.
Осыдан соң сөз алған аумақтық кәсіподақтар бірлестігінң төрағасы Бердіғали Өмірәлі спорттың қоғамдағы орнына ерекше тоқталып, оның тек дене шынықтыру емес, ұрпақ тәрбиесі мен рухани дамудың маңызды құралы екенін атап өтті. «Бүгінгі спорт ардагерлері – жас ұрпаққа үлгі боларлық тұлғалар. Олар өз өмір жолымен жастарды еңбекке, тәртіпке, елге деген сүйіспеншілікке үйретіп келеді. Ардагерлеріміз тек спорттық жетістіктерімен ғана емес, ел бірлігін бекемдеудегі және жас буынды патриоттық рухта тәрбиелеудегі еңбектерімен де ерекше құрметке лайық» – деп, барша қатысушыларды мерекелерімен құттықтап, спорт ардагерлеріне өз алғысын білдірді.
Жиын одан әрі марапаттау рәсімімен жалғасып, онда кәсіподақ төрағалары еліміздің спорт саласының дамуына сіңірген елеулі еңбектері үшін бірқатар спорт ардагерлерін салалық кәсіподақтың «Спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы медалімен марапаттады.