ҚРКФ Төрағасы: «ХЕҰ мен ҚРКФ арасындағы өзара түсіністік Еуропа мен Азия кәсіподақтарының ынтымақтастығына жол ашты»

2025 жылғы 2 мамыр, жұма күні ҚР Кәсіподақтар федерациясының орталық кеңсесінде ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Еуропа және Орталық Азия елдері бөлімінің басшысы  Сергиюс Гловацкаспен кездесуі өтті.

ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ХЕҰ мен ҚРКФ арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Сергиюс Гловацкасқа алғысын білдірді.

«Халықаралық еңбек ұйымымен әр кездесу – әлеуметтік әділдік пен еңбек қатынастарын жақсарту жолындағы маңызды қадам. Біз ХЕҰ-ның Еңбекшілер бюросына кәсіподақ бастамаларын қолдағаны үшін алғыс айтамыз. ХЕҰ мен ҚРКФ арасындағы өзара түсіністік Еуропа мен Азия кәсіподақтарының ынтымақтастығына жол ашты », – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кездесу барысында тараптар Астанада өтетін БЕАК Жазғы мектебін ұйымдастыру жоспарын талқылады.
«Қазақстан, Астана және Кәсіподақтар федерациясы – әлемдік кәсіподақ қозғалысы көшбасшыларының басын қосатын орынға айналуда. Мұндай ауқымды іс-шара алғаш рет Астанада өтеді. ACTRAV/ХЕҰ Еңбекшілер бюросы бұл бастаманы қолдап отыр және алдағы Жазғы мектеп жұмысына да қатысады», – деді Сергиюс Гловацкас.

Жазғы мектеп күн тәртібін талқылай келе, тараптар оның тақырыбы – «Жұмыс орнындағы демократия, ұжымдық келіссөздер» – Еуропа мен Азиядағы кәсіподақтар үшін де аса өзекті екенін атап өтті.


«Еуропа мен Орталық Азия елдерінің кәсіподақ әріптестерінің талқылайтын мәселелері көп, ал Астанада өтетін Жазғы мектеп – үздік тәжірибемен бөлісуге тамаша мүмкіндік. Шетелдік әріптестеріміз Қазақстанның кәсіподақтар арасындағы диалог алаңына айналып келе жатқанын айтуда. Біз өз тарапымыздан Орталық Азия өңірінде әлеуметтік диалог орнатудың озық халықаралық стандарттарын ілгерілетуге тырысып келеміз», – деп атап өтті ҚРКФ Төрағасы.

Олар сондай-ақ кәсіподақтардың әртүрлі елдердегі салалық әріптестерімен халықаралық деңгейде ынтымақтастық орнату мәселелерін талқылады.

Ертең, 3 мамыр күні Астанада Қазақстандағы білім беру саласындағы кәсіподақтардың 100 жылдығына арналған «Ғасырлық тәжірибе: тарихтан тағылым – болашаққа бағдар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Бұл іс-шараға Сатыбалды Дәулеталин мен Сергиюс Гловацкас та қатыспақ.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының Медиа орталығы