2025 жыл – Мемлекет басшысының жарлығымен Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланған жыл. Бұл жыл еліміздің еңбек нарығындағы жаңа мүмкіндіктер мен міндеттерді айқындап, еңбекші жастар үшін тың серпін береді. Биыл сонымен қатар, кәсіподақ қозғалысының басталғанына 120 жыл, ал Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының құрылғанына 35 жыл толып отыр. Осы атаулы даталар аясында облыс көлемінде жастардың еңбек құқығын қорғауға және олардың кәсіподақ қозғалысындағы рөлін арттыруға бағытталған бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.

Осы бастамалардың жалғасы ретінде, Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің ұйымдастыруымен «Кәсіподақ 2.0» атты Батыс өңірлік жастар форумы өткізілді. Форум «Ақжайық» шипажайы базасында басталып, Атырау мен Ақтөбе облыстарынан келген делегаттарды қабылдады. Форум барысында «Келешек» республикалық жастар кеңесінің төрағасы Аян Сәлімгереев жастармен танысып, пікір алмасты. Сондай-ақ, өңірлік жастар ұйымдарының өкілдерімен және форум қатысушыларымен диалог алаңы ұйымдастырылды.
Форумның екінші күні Орал қаласындағы Достық үйінде пленарлық отырыс өтті. Мұнда еңбекші жастар еркін форматта пікір алмасып, болашақ жобалар мен бастамалар туралы өз ұсыныстарын білдірді. Батыс Қазақстан облысында өткен «Кәсіподақ 2.0» форумының қорытындысы бойынша қатысушылар бірнеше маңызды шешімдер қабылдады: жастар мен кәсіподақ көшбасшылары үшін онлайн форумдар мен вебинарларды қамтитын бірлескен платформа құру, жастардың еңбек құқықтары мен кәсіподақтық білімін арттыруға арналған тренингтер мен семинарлар өткізу, жастарды кәсіподақ жұмысына тарту және олардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға арналған іс-шаралар ұйымдастыру, сондай-ақ, жас жұмысшылардың құқықтарын қорғаудың маңыздылығын насихаттайтын ақпараттық науқан өткізу.

Форум аясында қатысушылар «Жайықжылуқуат» АҚ жылу-электр орталығының жұмысымен танысып, мекеме қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымымен жүзеге асырып отырған шаралары және еңбек әулеттерінің тарихымен танысты. Мекеменің бас инженері Алексей Савицкий өндірістік нысандарға экскурсия жүргізіп, қатысушыларды энергетикалық қондырғылардың жұмысымен жан-жақты таныстырды.

«Кәсіподақ 2.0» форумы – жастардың кәсіподаққа деген сенімін арттырып, олардың көшбасшылық қабілеттерін шыңдауға, еңбек мәдениетін дәріптеуге және ұрпақ сабақтастығын қалыптастыруға зор ықпал етті. Бұл форум жастардың еңбекке деген ықыласын арттырып, олардың елдің ертеңіне қосатын үлесін көрсететін маңызды алаң болды.ъ

Жастар – ұлт болашағы. Олардың еңбекке деген ынтасы мен белсенділігі, әрине, еліміздің өркендеуі мен дамуының кепілі.
