Атқару комитеті: ҚРКФ-дағы кәсіподақ мүшелерінің саны 26 мың адамға артты

2025 жылғы 8 мамыр, бейсенбі күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің басшылығымен ҚРКФ Атқару комитетінің кезекті отырысы өтті.

ҚРКФ аппарат басшысы Нұрлыбек Жұмаш Федерацияның мүшелік ұйымдарының статистикалық есеп нәтижелерін таныстырды. Статистикалық деректерге сәйкес, кәсіподақ мүшелерінің жалпы саны 26 134 адамға артқан.

« ҚРКФ-на қарасты кәсіподақ ұйымдары еліміздегі 16 461 кәсіпорын мен ұйымда жұмыс істейді. Кәсіподақ бар кәсіпорындардағы жалдамалы жұмысшылардың саны – 1,709 миллион адам, ал олардың 91,6%-ы кәсіподақ мүшелігімен қамтылған. ҚРКФ кәсіподақ ұйымдары Қазақстанның барлық өңірлерінде бар. 2024 жылдың қорытындысы бойынша кәсіподақ мүшелерінің саны оң қарқынмен өсіп отыр», – деді Нұрлыбек Жұмаш.

Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелерінің саны 12 салалық кәсіподақта артқан. Ең көп өсім келесі салалық кәсіподақтарда тіркелген: «Qaz Med» медицина қызметкерлері кәсіподағы, оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағы, «Қызмет» кәсіподағы, мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы.

ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ мүшелігінің өсуі статистикасына байланысты пікір білдіре отырып, кәсіподақтар қатарындағы тұрақтылықты атап өтті.

«2024 жылы ҚРКФ-ның мүшелік ұйымдарындағы кәсіподақ белсенділері қолданыстағы кәсіподақ ұйымдарына жаңа мүшелерді тарту және жаңа кәсіподақ ұйымдарын құру бойынша жұмыс жүргізді. Есепті кезеңде жаңадан құрылған 558 бастауыш кәсіподақ ұйымына 49 807 жаңа мүше тартылды. 35 жасқа дейінгі жастар саны – 429 мыңнан астам адам, бұл ҚРКФ кәсіподақ мүшелерінің жалпы санының 27,5%-ын құрайды. Әйелдердің саны – 845 мыңнан астам немесе ҚРКФ кәсіподақ мүшелерінің жалпы санының 54%-ы. Сондай-ақ, кәсіпорындарда өндірістік кеңестердің саны артты – кәсіподақтардың қатысуымен 350 жаңа өндірістік кеңес құрылды. Жалпы алғанда, статистикалық деректер кәсіподақ құрылымдарындағы жағдайдың тұрақты әрі барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамикада екенін көрсетеді», – деді ҚРКФ төрағасы.

Ұйымдық-құрылымдық мәселелерді жалғастыра отырып, Сатыбалды Дәулеталин ел кәсіпорындарында ұжымдық-шарттық реттеумен қамтуды кеңейту бойынша мүшелік ұйымдардың жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті.

«Қазіргі уақытта мүшелік ұйымдар ұсынған деректерге сәйкес, ҚРКФ-да қолданылып жүрген ұжымдық-шарттық реттеу жүйесіне 15 928 ұжымдық шарт кіреді. 2024 жылы 6170 ұжымдық шарт жасалды. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының ұжымдық шарттармен қамтылуы 2024 жылы елеулі өзгеріске ұшыраған жоқ – 95%-ды құрады. Ал ұжымдық шарты жоқ кәсіподақ ұйымдарының саны – 692. Кәсіпорындарда әлеуметтік әріптестермен бірлесіп ұжымдық шарттар жасасу жұмысын мақсатты түрде жалғастыру қажет», – деді ҚРКФ төрағасы.

Оның айтуынша, кәсіпорында ұжымдық шарттың болуы – қызметкерлердің әлеуметтік және еңбек құқықтарының сақталуы мен қорғалуының кепілі. Ал кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын заң жүзінде қорғауға келсек, Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, еңбек дауларын сот органдарында шешуге кәсіподақ заңгерлерінің қатысуы нақты нәтиже беріп келеді. Мәселен, 122 сот процесінің 102-сінде шешімдер жұмысшылардың пайдасына шығарылған.

ҚРКФ Атқару комитетінің мүшелері сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII кезекті съезін дайындау және өткізу жоспарын қарап, қабылдады, сондай-ақ ұйымдастыру комитетін құрды.

«Федерация мен оның мүшелік ұйымдарының бес жылдық қызметінің қорытындысы бойынша Бас кеңестің есебі ұсынылады. Съезд қарсаңында бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан ұсыныстар жинау бойынша мұқият жұмыс жүргізу қажет. Федерацияның жаңа даму стратегиясын қалыптастыру кезінде әрбір кәсіподақ мүшесінің даусы ескерілуі тиіс», – деді Сатыбалды Дәулеталин қорытынды сөзінде.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы