9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры директорының орынбасары Самат Тергембаев пен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Роза Көпеева тыл ардагерлерінің үйіне арнайы барып, Ұлы Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Қамқорлық пен құрметтің белгісі ретінде соғыс жылдарында жасөспірім шағында тылда аянбай еңбек еткен – Валентина Иванова, Мафура Ибраимова, Анна Ибрагимова және Дина Иванова сынды ардагерлерге сыйлықтар мен мерекелік себеттер табыс етілді. Шынайы ықыласпен ұйымдастырылған бұл кездесулер ерекше көңіл-күй сыйлап, ардагерлердің жүрегін жылытып, көзіне қуаныш жасын үйірді.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Роза Көпееваның айтуынша: «Бейбіт күнді жақындатқан, тылда қажырлы еңбек еткен ардагерлеріміздің қосқан үлесі зор. Театр ұжымы ретінде біз олардың ерлігі мен төзімділігін ешқашан ұмытпаймыз. Бұл кездесулер – жас ұрпаққа үлгі, тарихқа тағзым.»
Өз кезегінде ардагерлер театр қызметкерлеріне ыстық ықыласын жеткізіп, жас ұрпаққа бейбіт күннің, татулық пен бірліктің қадірін бағалап, әрдайым елдің амандығы мен тұрақтылығы үшін еңбек етуге үндеді.
Осындай игі істер – ұрпақтар сабақтастығының, елге деген сүйіспеншіліктің, ерлік пен еңбекқорлықтың жарқын көрінісі және жастарға тарихты құрметтеуді, ардагерлердің ерлігін бағалауды және елдің болашағына жауапкершілікпен қарауды үйретеді.