Бүгін Бейжің қаласында «Модернизация жолы және кәсіподақтардың рөлі» атты халықаралық семинар өз жұмысын бастады. Қазақстан делегациясына Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жетекшілік етуде. Семинар жұмысына сондай-ақ Қытай Халық Республикасының және Орталық Азия елдерінің ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары қатысуда.
Халықаралық семинарды аша отырып, Бүкілқытайлық кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Вэй Дичунь Орталық Азия елдерінің кәсіподақ көшбасшыларына арнап сөз сөйледі. Ол қазіргі заманның жаңа технологияларға негізделген еңбек нарығындағы жаһандық өзгерістерге тоқталып, мұндай кезеңде кәсіподақтардың ынтымақтастығы мен тәжірибе алмасуы аса қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, Бейжіңде өтіп жатқан бұл халықаралық семинар — өңір елдерінің кәсіподақ ұйымдары арасындағы берік әрі нәтижелі әріптестіктің бастамасы болуы тиіс.
Семинарға қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйлегендердің қатарында Ұлттық кәсіподақ орталықтарының жетекшілері де болды.
Өз сөзінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан мен Қытай кәсіподақтарының қарым-қатынасы берік сенімге, өзара құрмет пен шынайы қолдауға негізделгенін ерекше атап өтті.
«Ең ауыр шақта – індет қыспаққа алған кезеңде – алғаш болып көмек қолын созған дәл осы қытайлық кәсіподақтар болды. Бұл жай ғана гуманитарлық көмек емес, адамгершілік пен шынайы ынтымақтастықтың жарқын көрінісі еді. Бұл – дипломатиядан тыс, жүректен шыққан көмек. Ал жүректен шыққан жақсылық – аудармасыз-ақ түсінікті. Адамгершілікті сөзбен емес, жүрекпен сезінеді. Конфуцийдің «Шынайылық бар жерде қашықтық жоғалады» деген сөзі бар. Бұл сөздер — әсіресе, бүгінгі күнге дөп келетін тұжырым. Мемлекеттер мен кәсіподақтар, жалпы қоғам әлемнің күрделі сын-тегеуріндеріне жауап іздеп жатқанда, бұл ой ерекше мәнге ие», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Еске сала кетейік, COVID-19 пандемиясы өршіп тұрған 2020 жылы Қытай кәсіподақтары – Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының сенімді серіктестері – отандастарымызға гуманитарлық көмек көрсетіп, жеке қорғаныс құралдарын жіберген болатын.ъ
Қазіргі кезеңдегі өзара іс-қимыл туралы сөз қозғаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың бүгінгідей ауқымды өзгерістер дәуірінде ерекше стратегиялық мәнге ие екенін атап өтті. Бұл жерде әңгіме тек сауда мен инвестиция төңірегінде емес, одан да маңызды — тұрақты, әлеуметтік тұрғыдан әділетті әрі теңгерімді ортақ болашақты бірлесе қалыптастыру туралы болып отыр.
«Қытай Халық Республикасы — өңір елдерінің барлығына ортақ ең ірі сауда серіктесі. Бүгінде Қазақстанда мыңдаған бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Ел ішінде инфрақұрылым, энергетика, машина жасау, агроөнеркәсіп салаларында ірі жобалар жүзеге асырылуда. «Қытай – Орталық Азия – Еуропа» бағытындағы жаңа транзиттік маршруттар қалыптасып келеді. Бұл дегеніміз — логистика, жаңа жұмыс орындары және заман талабына сай жаңа мамандықтар. Мұндай үрдістер Өзбекстанда, Қырғызстанда, Тәжікстан мен Түрікменстанда да қарқын алып келеді. Қытай тарапынан өнеркәсіп, құрылыс, цифрлық инфрақұрылым, жоғары білім алмасуы мен жасыл энергетиканы дамытуға ірі көлемде инвестициялар салынып жатыр. Ал бұл салалар еңбекке деген тың көзқарасты — икемділікті, технологиялық бейімділікті және әділеттілікті талап етеді. Осындай жаңа жағдайда кәсіподақтардың рөлі бұрынғыдан да маңызды.
Біз, Орталық Азия елдерінің кәсіподақтары, бұл жаңару үдерісін сырттай бақылаушы емес, оның бел ортасындағы белсенді қатысушы болуымыз керек. Бүгінде біздің дауысымыз халықаралық кәсіподақтар қозғалысында айқын естіледі. Ең бастысы — бізді тек тыңдап қана қоймай, біздің пікірімізбен санасады. Бұл — кері қайтпайтын, алға бастайтын үдеріс», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ төрағасы Қытайдағы әріптестермен ынтымақтастықтағы негізгі бағыттарды нақтылап берді.
«Орталық Азия елдері мен Қытай кәсіподақтарының бірлескен жұмысының маңызды бағыттары — цифрландыру мен автоматтандыру жағдайындағы еңбек тәжірибесімен алмасу, бірлескен білім беру алаңдарын және кәсіподақ академияларын құру, трансшекаралық кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек стандарттарын әзірлеу, көші-қон үдерістерінде жұмысшылардың құқықтарын қорғау, жасыл экономиканы қалыптастыру және жаңа мамандықтарға қызметкерлерді бейімдеу болып табылады. Бізге Орталық Азия елдері мен Қытай кәсіподақтарының ортақ сараптамалық желісі — яғни сын-қатерлерді ғана емес, ортақ шешімдерді де бірлесіп талқылай алатын тұрақты платформа құру туралы ойланатын кез келді. Біз кәсіподақтарды жаңғырту халықаралық әріптестіксіз мүмкін емес екеніне нық сенеміз. Тек өзара тәжірибе алмасу, ортақ бастамалар және еңбек адамының мәдениеті мен құқығына деген құрмет арқылы ғана Еуразия кеңістігінде тұрақты дамуға қол жеткізуге болады», — деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Қазақстандық делегацияның Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында кәсіподақ ұйымдарының қызметімен, Бейжің қаласындағы Жұмысшыларға қызмет көрсету орталығының тәжірибесімен танысу жоспарланған.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясы Еуразия өңіріндегі еңбек қатынастарын дамытуға арналған бірқатар маңызды бірлескен іс-шараларға қатысады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы