2025 жылдың 16 мамырында, жұма күні Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының орталық кеңсесінде ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеевтің төрағалығымен салалық кәсіподақтардың өкілдері мен ҚРКФ аппаратының мүшелері Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы жанындағы Бүкілеуропалық аймақтық кеңестің (ХКК БЕАК) кеңесшісі Анна Сальниковамен кездесуі өтті.
Анна Сальникова — кәсіподақ қозғалысын дамыту мен үйлестіру саласына, сондай-ақ түрлі елдердің кәсіподақтары арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған халықаралық миссияларға қатысуға маманданған халықаралық сарапшы. Оның құзыретіне еңбеккерлердің құқықтарын қорғау шаралары мен халықаралық еңбек стандарттарын ратификациялауды ілгерілету, көші-қон үдерістерін реттеу және әділ көшу басымдықтарын дамыту мәселелері де кіреді.
Анна Сальникова 2022 жылы Қазақстандағы ХКК миссиясының құрамында болған.
Іс-шараны ашқан ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев биыл шілде айында Астанада өтетін БЕАК-нің Жазғы мектебіне дайындық шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
«Орталық Азия өңірінде алғаш рет Қазақстан астанасында ХКК БЕАК-нің ауқымды іс-шарасы — Жазғы мектебі өтпек. Бұл шара Еуропа мен Азия елдерінің кәсіподақтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді», — деді Мұхтар Тінікеев.
Өз кезегінде халықаралық сарапшы Анна Сальникова Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясымен ынтымақтастықтың біртіндеп дамып келе жатқанын атап өтіп, ҚРКФ-сын Орталық Азия өңіріндегі кәсіподақ қозғалысының «ту ұстаушысы» деп атады.
ХКК БЕАК кеңесшісі Анна Сальникова жаһандық кәсіподақ қозғалысының құрылымы жөнінде презентация өткізіп, ХКК, ЕКК және БЕАК тарапынан еңбеккерлердің құқықтарын қорғау бойынша басым бағыттарға тоқталды.
«Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы — әлемдегі ең ірі еңбек ұйымы. Ол 169 ел мен аумақта 191 миллион мүшесі бар 340 ұлттық кәсіподақ орталығын біріктіреді. Ұйым халықаралық аренада еңбеккерлердің мүддесін қорғап, дипломатиялық тетіктерден бастап тікелей әрекет ету науқандарына дейінгі барлық құралдарды пайдаланады. Ұйымның негізгі бағыттары — лайықты еңбек, әлеуметтік қорғау, кәсіподаққа бірігу бостандығын қолдау, әділ көшу және демократияны нығайту. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы осы жаһандық бірлестіктің толыққанды мүшесі болып табылады, ал ҚРКФ Төрағасы ХКК-ның басшылық органы — Бас кеңес құрамына кіреді, — деп атап өтті Анна Сальникова.
Оның айтуынша, ХКК Біріккен Ұлттар Ұйымының агенттіктерімен, Халықаралық Еңбек Ұйымымен (ХЕҰ), Халықаралық Валюта Қорымен, Дүниежізілік банкпен және Еуропалық Одақ сияқты өңірлік ұйымдармен және институттармен тығыз жұмыс істейді. Сонымен қатар, еңбеккерлердің мүддесіне қатысты жаһандық саясатты жасауға белсенді қатысады.
Халықаралық сарапшы Бүкілеуропалық аймақтық кеңес (БЕАК) пен Еуропалық кәсіподақтар конфедерациясының (ЕКК) қызметіне егжей-тегжей тоқталды. ХКК-нің Еуропадағы мүшелері автоматты түрде БЕАК құрамына кіреді.
«Біз мүшелеріміздің науқан өткізу және адамдарды біріктіру қабілетін нығайтып, жылдам әрекет ету әдістерін дамытып, кәсіподақ басшылығындағы әйелдердің үлесін арттырамыз», — деді спикер.
Презентацияда ХКК күн тәртібінің негізгі бағыттарына ерекше көңіл бөлінді.
«Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы кәсіподаққа бірігу бостандығын және ереуіл құқығын қорғайды. Олар Халықаралық Еңбек Ұйымының (ХЕҰ) процестеріне, оның ішінде Бірлестік еркіндігі жөніндегі комитеті (CAS) мен Сарапшылар комитетінің (CEACR) жұмысына қатысады. Ұйым авторитарлық режимдерге қарсы тұрады, ХЕҰ Ережесінің 33-бабын іске қосады және кәсіподақтарға қысым көрсетіліп жатқан елдерде бірлік науқандарын ұйымдастырады. Сонымен бірге, еңбек құқықтарын қорғауға арналған қаржыны ұлттық және халықаралық бюджеттерден алуды, жеткізу тізбегіндегі құқықтарды сақтау міндетті механизмдерін (соның ішінде Еуропалық Одақтың мұқияттылық директивасы арқылы) дамытуға, сондай-ақ халықаралық форумдарға — БҰҰ-ның Даму қаржыландыру конференциясына (FFD), UNFCCC және COP климаттық саммиттеріне, Тұрақты даму мақсаттары және жаһандық көші-қон бастамаларына қатысуға ерекше көңіл бөледі», — деді ХКК БЕАК кеңесшісі.
Сонымен қатар, ХКК әділ көшу мәселелерінде әлеуметтік диалогты қолдап, жасыл экономикаға өтуге арналған ұлттық жоспарларды әзірлеу, энергияға әділ қол жеткізуді қамтамасыз ету және негізгі еңбек құқықтарын тұрақты өзгерістердің негізі ретінде ілгерілету қажеттігін баса айтты.
«Климатқа бейтарап экономикаға және цифрлық қоғамға өту әділеттілік пен еңбеккерлердің қатысуынсыз мүмкін емес. Біз трансұлттық корпорациялардың ықпалының артуы мен жұмыс түрлерінің әртүрлілігі жағдайында жұмысшылар мүдделерінің барлық саясатты әзірлеу және жүзеге асыру кезеңінде ескерілетініне қол жеткіземіз», — деп қорытындылады кеңесші.
Кездесу барысында ынтымақтастықты дамыту, ұйымдастыру саласындағы тәжірибе алмасу, Қазақстан кәсіподақтарының халықаралық бірлескен бастамаларға және БЕАК пен ХКК күн тәртібіне белсенді қатысуы туралы ұсыныстар айтылды.