Абай облысында жаңа кәсіподақ ұйымы құрылды

Абай облысындағы Спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу орталығының ұжымы кәсіподақ ұйымын құру мақсатымен жалпы жиналыс өткізіп, оған облыстық филиал төрағасы Гүлнар Оразбекова мен облыстық кәсіподақтар орталығының заңгері Разбеков Ержан қатысты.


Кездесу барысында ұжым қызметкерлері өздерін толғандырған бірнеше сұрақты ортаға салды. Ұжымдағы жастарды мазалаған ең маңызды сұрақ – 1991 жылдан кейін туғандарға экологиялық ай сайынғы қосымша ақы төлеу мен жыл сайынғы қосымша ақылы демалыстың берілуі болды. Бұл сұраққа жауапты облыстық кәсіподақтар орталығының заңгері Разбеков Ержан беріп, 2024 жылдың 25 маусымында Абай облысының әкімдігі, жұмыс берушілердің уәкілетті өкілдері және аумақтық кәсіподақтар бірлестігі арасында 2024 – 2026 жылдарға арналған өңірлік келісімге қол қойылғанын, оның 5 тармағында еңбек жағдайлары мен қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы көрсетілгенін және оның 5.3 тармақшасы негізінде ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақтарда тұратын және еңбек ететін барлық қызметкерлерге таратыла отырып, “зардап шеккен адамның куәлігінің” бар-жоғына қарамастан, 1991 жылдан кейін туылғандарды қоса алғанда, жыл сайынғы қосымша ақылы демалыс берілсін.

Жыл сайынғы қосымша демалыстың ұзақтығы «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының талаптарына сәйкес айқындалатынын , келісім шарттың Еңбек министрлігінде тіркелгенін атап өтіп, сол себептен ол ұжымдық шартқа енгізілуі қажет екенін де айта кетті.


Облыстық филиал төрағасы Гүлнар Оразбекова өз сөзінде жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымын құруға ниет білдіріп отырған ұжымға ынтымақтастық туралы келісімнің кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, кәсіподақ бірлігін сақтау және нығайту жөніндегі ынтымақтастық пен өзара бірлесіп іс атқару туралы келісім екенін түсіндірді.
Кездесудің соңында филиал төрағасы Гүлнар Оразбекова Абай облысындағы Спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу орталығының қызметкерлерімен ерікті түрде жаңа құрылған бастауыш кәсіподақ ұйымына келешекте бірлесіп атқаратын жұмыстарына сәттілік және үлкен табыс тіледі.