Ағымдағы жылдың 28-30 мамыры аралығында Астанада өтіп жатқан еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша XIII Қазақстандық халықаралық конференция мен көрмесі – KIOSH 2025 аясында отандық және шетелдік сарапшылар еңбек қауіпсіздігі саласындағы заманауи сын-тегеуріндер мен инновациялық шешімдерге байланысты кең ауқымды мәселелерді талқылауда.
Іскерлік бағдарламаның шымылдығын түрген стратегиялық пленарлық сессия «Еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздіктің болашағы: стратегиялар, трендтер және инновациялық шешімдер» тақырыбына арналды.
Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымының, Халықаралық еңбек инспекторлары қауымдастығының өкілдері мен Австралия, Ұлыбритания, Ресей, Армения және басқа да елдерден келген делегаттар қатысты.
Пленарлық сессияны ашқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарының арасындағы диалогтың маңыздылығына тоқталып өтті.
«Еңбекті қорғау – бұл әрбір адамның өмірі, денсаулығы мен әл-ауқаты. Мұнда жұмыс берушілер мен қызметкерлердің дауысын есту өте маңызды. Олар күн сайын нақты мәселелермен бетпе-бет келіп, қандай шешімдердің шынымен тиімді екенін жақсы біледі. Есептер – бір бөлек, ал нақты тәжірибе – мүлде басқа. Біз тек тығыз ынтымақтастық арқылы ғана шынайы қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыра аламыз», – деді вице-премьер.
Ол сондай-ақ мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.
«Қазақстан бұл бағытта нақты нәтижелер көрсетіп отыр. Үкімет цифрлық шешімдерді енгізіп, заңнамалық базаны нығайтып келеді және халықаралық ұйымдармен белсенді жұмыс істеп жатыр. Біз енді бұл жолдың басында тұрған жоқпыз – жеткен жетістігіміз де, үлгі етерлік тәжірибеміз де бар. Қазір басты мақсат – жаңа жоспар құру емес, бар шараларды сапалы әрі нәтижелі іске асыру. Қолда бар құралдар мен тетіктер жеткілікті, ең маңыздысы – солардың әр жұмыс орнында нақты нәтиже беруіне қол жеткізу», – деп түйіндеді Ермек Көшербаев.
Стратегиялық сессияның негізгі спикерлерінің бірі – Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин болды. Ол еліміздегі өндірістік жарақат алу жағдайына талдау жасап, еңбек қауіпсіздігі саласындағы басты басымдықтарды атап өтті.
Ең алдымен, ҚРКФ басшысы еңбек қауіпсіздігіне деген көзқарасты түбегейлі қайта қарау қажеттігін айтты. Оның айтуынша, қазіргі қауіпсіздік жүйесінің өзегінде формальді бақылау емес, адам өмірінің шынайы құндылығы тұруы тиіс.
«Бүгінде еңбекті қорғау дегеніміз – тек қана ережелер мен нұсқаулықтар, немесе жоспарлы тексерістер шеңберімен шектелмейді. Бұл – өндірістегі көзқарасты түбегейлі өзгерту, жаңа ойлау жүйесін қалыптастыру. Мұнда басты құндылық – адам, оның өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігі», – деді Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бұл мәселе ұйым үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
«Біздің көздегеніміз – заманауи, қауіпсіз әрі технологиялық еңбек ортасын қалыптастыру. Мұндай ортада ең алдымен адам өмірі мен денсаулығы қорғалуы тиіс, ал өндірістік жоспар – екінші орында тұруы керек», – деді ол.
ҚРКФ төрағасының пікірінше, еңбек қауіпсіздігін жақсарту үшін тек мемлекеттік органдардың немесе жұмыс берушілердің емес, барлық тараптардың – мемлекет, жұмыс беруші және жұмыскерлер – ортақ, үйлесімді іс-қимылы қажет.
Қазіргі таңда еңбекті қорғау жүйесі күрделі сын-тегеуріндермен бетпе-бет келіп отырғанын айта келе, Сатыбалды Дәулеталин бұл мәселеде жүйелі әрі тұрақты шешімдер қабылдау қажеттігін баса айтты. Ол формальді талаптардан нақты әрекеттерге, жағдайға жауап қатудан алдын ала болжауға көшу керектігіне назар аударды. Сондай-ақ, еңбек ұжымдарының да қатысуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, трансформацияның негізгі бағыттарын тізіп өтті.
«Бүгінгі сын-қатерлерге тек жүйелі жауап қажет. Мұндай жағдайда біз, кәсіподақтар, үш жақты жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз», – деді ол.
ҚРКФ төрағасы кәсіподақтар тек бақылаушы емес, өзгерістердің бастамашысы болуға тиіс екенін жеткізді.
«Біз күн тәртібін өзіміз ұсынуымыз керек. Осы мақсатта біз еңбекті қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіруді талап етеміз. Қауіпсіздік – бұл жай есеп үшін толтырылған қағаз емес, бұл – әрбір басшы үшін нақты нәтижемен өлшенетін көрсеткіш (KPI) болуы тиіс», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Оның пікірінше, еңбек қауіпсіздігі тиімді әрі жүйелі нәтижеге қол жеткізу үшін басқару сапасын бағалау жүйесіне енгізілуі тиіс.
Сондай-ақ, кәсіподақтардың болашақтағы рөліне тоқталып, оларды білім мен тәжірибе орталығына айналдыру қажет екенін айтты.
«Заманауи кәсіподақ – тек қорғаушы ғана емес, ол – зияткерлік орталық. Біз еңбекті қорғауға арналған тренингтер, қауіпсіздікке қатысты шағымдар мен сигналдарды қабылдайтын цифрлық платформалар, Қазақстан мен әлемдегі озық тәжірибелердің базасы сынды білім орталығына айналуымыз қажет», – деп түйіндеді ол.
Сатыбалды Дәулеталиннің сөзінше, кәсіподақтар сыншы емес, өзгерістерді жүзеге асыруда теңқұқықты әріптес болуы қажет.
Өз сөзінде ол еңбек ұжымдарында ортақ жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына да ерекше тоқталды.
«Еңбекті қорғау – жоғарыдан берілетін бұйрық емес. Бұл – ұжым ішінде қалыптасатын құндылық. Қауіпсіздік мәдениеті тек әр қызметкер өз ойын білдіре алатынына, оның алаңдаушылығы назарға алынатынына және өзгерістерге қосқан үлесі бағаланатынына сенген кезде ғана қалыптасады», – деп қорытындылады ҚРКФ төрағасы.
Практикалық қадам ретінде Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы кәсіпорындардың қауіпсіздік деңгейін бағалайтын Кәсіподақтық қауіпсіздік индексін енгізуді ұсынады. Бұл индекс ашық критерийлер мен әдістемелерге негізделеді. Сонымен қатар, жұмыс орындарынан келіп түскен алаңдаушылықтар мен ұсыныстарды жинауға арналған «Жұмысшы дауысы» атты цифрлық платформаны іске қосу жоспарлануда.
ҚРКФ төрағасының пікірінше, жас кәсіподақ белсенділерін еңбекті қорғау мәдениетінің негізгі қағидаттары бойынша оқыту аса маңызды. Кәсіподақтың басымдықтары тақырыбын жалғастыра отырып, Сатыбалды Дәулеталин өндірісті жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударды. Ол жұмыс орындарының физикалық инфрақұрылымы жарақат алу деңгейіне тікелей әсер ететінін еске салды.
«Қауіпсіздік каскадан басталмайды, ол инфрақұрылымнан басталады. Бүгінде жарақаттардың 60%-ға жуығы құрал-жабдықтың тозуымен байланысты. Федерация ескі механизмдерді жедел ауыстыруға басымдық береді. Біз техникалық қайта жарақтандыру мәселелері кәсіпорындардың даму бағдарламаларына формальды емес, нақты тәуекелдерді ескере отырып енгізілуін талап етеміз», – деді ол.
ҚРКФ төрағасының сөзінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект тақырыбы да кеңінен қозғалды. Сатыбалды Дәулеталин жаңа технологиялардың үлкен әлеуеті барын мойындағанымен, тәуекелдерді де ескеру қажеттігін айтты.
«Бүгінгі таңда жасанды интеллект апаттарды болжай алады, тәуекелдерді төмендетеді, қызметкерлердің денсаулығын бақылап отырады. Бірақ сонымен қатар бақылаудың күшеюі және қызметкерлерді қысқарту қаупі де артады», – деп атап өтті ол.
ҚРКФ төрағасы Федерация жасанды интеллектіні енгізу этикалық стандарттарын әзірлеуді және цифрлық шешімдерді жобалау мен енгізу кезеңдерінде кәсіподақтардың міндетті түрде қатысуын қамтамасыз етуді талап ететінін айтты. Барлық техникалық жаңалықтар әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан тексеруден өтуі тиіс.
Бақылау және қатысу мәселесіне тоқтала отырып, Сатыбалды Дәулеталин Федерация қоғамдық бақылау механизмдерін күшейтіп, еңбек жағдайларын бақылауда кәсіподақ өкілдерінің қатысуын дамытуға ниетті екенін мәлімдеді.
«Біз жаңа заң актілері мен бастамаларды бақылауда кәсіподақ өкілдерінің құзыретін кеңейтіп, қоғамдық бақылауды күшейту арқылы еңбек жағдайларының әлеуметтік аудитін барлық тараптардың қатысуымен енгізуді алға тартамыз», – деді ҚРКФ төрағасы.
Оның пікірінше, маңызды бағыттардың бірі – қорқынышқа емес, саналы түсінікке негізделген тұрақты қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
«Шынайы тұрақты жүйе – айыппұлдан қорқудан емес, саналы түсінік пен құндылықтардан тұрады. ҚРКФ жұмысшыларды тәуекелдерді бағалауға үйретуді, қауіпсіздік бойынша тәлімгерлік тәжірибесін дамыту мен басшылар арасында ағартушылық жұмыстарын белсенді жүргізуді қолдайды», – деп түйіндеді Сатыбалды Дәулеталин.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы жаңа буындағы саларалық оқыту орталықтарын құруды ұсынды. Бұл орталықтар виртуалды шындық тренажерлерімен (VR), онлайн курстармен, сондай-ақ цифрлық гигиена мен жасанды интеллект бойынша модульдермен жабдықталмақ.
Сессия соңында ҚРКФ төрағасы әлеуметтік тұрғыдан маңызды қорытынды жасап, бүгінгі басты сынақ техникада емес, әділдікте екенін атап өтті.
«Біз технологиялардың барлығын түбегейлі өзгертіп жатқанын көреміз. Бірақ әрбір жаңалық Еңбек адамына зиянын тигізбей, оның игілігіне қызмет етуі керек», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Ол әлеуметтік әріптестерді еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тиімділігін арттыруға, қауіпсіз әрі лайықты еңбек жағдайларын қалыптастыруға күш біріктіруге шақырды.
«Еңбек қауіпсіздігі – бұл мемлекеттің айнасы. Егер онда адамға деген құрмет болмаса, онда болашақ та жоқ. Ең бастысы – әрбір қызметкердің жай жұмысқа ғана емес, қауіпсіз және қадірлі еңбекке де құқығы бар екенін түсіну. Ал біздің ортақ міндетіміз – бұл құқығын күн сайын, әрбір кәсіпорында, әрбір адамға нақты жүзеге асыру», – деп түйіндеді Федерация төрағасы.
Сессияны жалғастыра отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жаһандық технологиялық өзгерістердің маңыздылығына назар аударды.
«Бұл тақырып еңбек жағдайларын жақсарту және жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін жаңа технологияларды қолданудың маңыздылығын көрсетеді. Бұрын роботтандыру, автоматтандыру, цифрландыру, климаттың өзгеруі, «жасыл» экономикаға көшу жайлы алыстағы болашақ ретінде айтылса, бүгін бұл болашақ біздің шындыққа айналды», – деді министр.
Ол елімізде цифрлық құралдарды енгізу және заңнаманы жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатқанын хабарлады.
«Жаһандық үрдістерді ескере отырып, қауіпсіз әрі лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету ұлттық еңбек саясатының басты басымдықтарының бірі болып қала береді. Соңғы жылдары өндірістік жарақаттардың деңгейі мен еңбек қабілетін жоғалтқан қызметкерлер санының азаюы байқалады», – деп мәлімдеді министр.
Стратегиялық сессия барысында жетекші салалық қауымдастықтар, мемлекеттік органдар, ғылыми қауымдастық және халықаралық ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі. Қатысушылар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірістік қауіпсіздік мәдениетін нығайту, цифрлық трансформация және инновацияларды қолдану мәселелеріне жүйелі түрде қарау қажеттігін атап өтті.
Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының өкілдері KIOSH конференциясына белсенді қатысып, еңбек қауіпсіздігі жүйесін дамытуға елеулі үлес қосуда.
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, еңбек дауларын алдын алу және шешу бөлімінің меңгерушісі Марат Имаш екі негізгі сессияда сөз сөйлеп, биологиялық қауіпсіздік пен еңбекті қорғау саласындағы статистикалық мониторингті жетілдірудің маңыздылығына баса назар аударды.
«Қазақстан Республикасындағы биологиялық қауіпсіздік: жүйені нығайту және қызметкерлерді қорғау» сессиясында Марат Имаш қызметкерлерді биологиялық тәуекелдерден қорғауда жүйелі тәсілдің маңыздылығын атап өтті. Ол елдің географиялық орналасуын, тіршілік әлемінің байлығы және шекаралас байланыстарының тығыздығын ескере отырып, биологиялық қауіпсіздік принциптерін ұлттық саясат пен заңнамасына енгізу қажеттігін ерекше айтты.
Марат Имаш мемлекеттік биоқауіпсіздікті басқару жүйесін жетілдіру, орталықтандырылған мониторинг пен алдын алу шараларын енгізу, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту — ұжымдық шарттарға биологиялық қауіпсіздік мәселелерін енгізу және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ биологиялық қауіптерді диагностикалау және алдын алу саласындағы ғылыми әлеуетті дамыту сияқты негізгі ұсыныстарды ортаға салды.
«Біз биологиялық қауіпсіздік принциптерін нормативтік түрде бекітіп қана қоймай, оларды өндірістік кәсіпорындардан бастап мемлекеттік мекемелерге дейін толыққанды енгізуді маңызды деп санаймыз», — деді кәсіподақ сарапшысы.
Сонымен қатар, ол кәсіподақтардың маңызды қоғамдық бақылаушы ретінде қатысуымен Еңбектің биологиялық қауіпсіздігі бойынша Ұлттық платформаны құруды ұсынды.
Екінші сессия — «Еңбекті қорғау саласындағы статистикалық мониторинг: сандардан қауіпсіздікке» тақырыбында Марат Имаш сенімді статистиканың өндірістік жарақаттар мен кәсіби ауруларды төмендетудегі шешуші рөлін атап өтті.
«Бүгінде статистикалық мониторинг — Қазақстан Республикасында қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асырудың негізі», — деді ол.
Маман негізгі проблемалар ретінде деректердің бытыраңқылығы, бірыңғай әдістемелік стандарттардың жоқтығы, цифрлық технологиялардың шектеулі қолданылуы және жұмыс берушілердің есептілігінің объективтілігі төмендігін атады.
«Ресми статистика көбіне нақты жағдайды көрсетпейді. Сол себепті біз мәлімет жинау үдерісіне қызметкерлер мен кәсіподақ өкілдерін электрондық құралдар мен анонимді кері байланыс жүйелері арқылы белсенді тартуды ұсынамыз», — деді Марат Имаш.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы