ҚРКФ делегациясы Халықаралық еңбек конференциясының 113-сессиясына қатысуда

Жексенбі, 1 маусым күні, Халықаралық еңбек конференциясының 113-сессиясының ресми ашылуына орай, Женева қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының (ҚРКФ) төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған делегация Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүше ұйымдардың отырысына және еңбеккерлер тобының жалпы отырысына қатысты.

Отырыста сөз сөйлеген Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) АКТРАВ Еңбеккерлер бюросының директоры Мария Хелена Андре қазіргі уақытта Женевада кәсіподақ қозғалысының жаһандық көшбасшылары бас қосып отырғанын айтты. Оның айтуынша, сессия делегаттары арасында гендерлік теңгерім бағытында әділ өзгерістер орын алып жатыр. Оның айтуынша, сессия делегаттары арасында гендерлік теңдікке қол жеткізу бағытында маңызды өзгерістер байқалады. Сондай-ақ, ол алдағы жаһандық еңбек форумының алдында геосаяси және экономикалық жағдайға да тоқталды.

«Біз жыл сайын Халықаралық еңбек конференциясында кездескен сайын, өкінішке қарай, әлем бұрынғыдан жақсы жаққа өзгеріп жатқан жоқ. Технологиялардың дамуы мен климаттың өзгеруі еңбек жағдайын қиындатып отыр. Экономикалық тұрақсыздық пен геосаяси ықпал еңбек тәртібіне әсер етіп, адам құқықтарына және кәсіподақтардың құқығына қауіп төндіруде. Демократиялық қағидаттар еңбек саласындағы жаңа сын-қатерлерге байланысты қауіпке ұшырап отыр. Бүгінде БҰҰ жүйесі, оның ішінде Халықаралық еңбек ұйымы адамдардың тұрақтылығын сақтау тиімділігін арттыруға күш салып отыр», – деді ХЕҰ АКТРАВ Еңбеккерлер бюросының директоры.

Сонымен қатар, ол еңбек нарығы осы өзгерістердің барлық кері әсерін сезініп отырғанын айтты.

«Кедейлік, осал топтағы жұмысшылар, еңбекке қабілетті халықтың, әсіресе жастар мен әйелдердің мәселелері, мигранттар, бейресми экономикада жұмыс істейтіндер – барлығы осы әсерге ұшырауда. Жаңа технологиялардың дамуы мен климаттық дағдарыс бізді еңбеккерлердің құқықтарын қорғап, лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін жаңаша жұмыс істеуге мәжбүр етуде. Біз осында тұрақты әлемнің негізін бірге қалау үшін жиналдық», – деді Мария Хелена Андре отырысқа қатысушыларға арнаған сөзінде.

Іс-шара барысында қатысушылар Халықаралық еңбек конференциясының 113-сессиясының күн тәртібін талқылады.

 

2025 жылғы Халықаралық еңбек конференциясының сессиясында 187 мүше мемлекеттің үкімет, жұмыс берушілер мен жұмысшылар өкілдері еңбек саласындағы маңызды тақырыптарды талқылайды. Күн тәртібінде – өндірістік ортадағы биологиялық қауіптерден жұмысшыларды қорғауға арналған жаңа халықаралық стандарттар, платформалық экономикадағы лайықты еңбек пен бейресми экономикадан формалды экономикаға көшуге көмектесетін инновациялық тәсілдер бар.

Жиын барысында Еңбеккерлер тобының төрағасын сайлау рәсімі өтті. Бұл жауапты міндет нидерландтық кәсіподақ көшбасшысы Катлин Паскеге жүктелді.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин шетелдік әріптестерімен екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Ол Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас хатшысы Люк Трианглмен және Нидерланд кәсіподағының жетекшісі Катлин Паскемен кездесті.

Сонымен қатар Қазақстан мен Жапония кәсіподақ делегацияларының басшылары арасында да екіжақты кездесу өтті.

Алдағы күндері ҚРКФ төрағасы мен қазақстандық делегация мүшелері еңбек саласына арналған басты форум аясындағы панельдік сессияларға, сондай-ақ биологиялық қауіпсіздік, лайықты еңбек және бейресми экономикадан ресми экономикаға көшуге жәрдемдесу мәселелерімен айналысатын комитеттердің жұмысына белсене қатысады. Осы алаңда Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан тарапынан лайықты еңбек қағидаттарын дамыту мен әділетті көшуге бағытталған бірқатар бастамаларды таныстырады.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы