Шымкентте оқыту семинары өтті

2025 жылдың мамыр айында Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты А.С. Пушкин атындағы қалалық кітапханада «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен маңызды іс-шара – семинар-тренинг өтті. Бұл оқыту іс-шарасы бастауыш кәсіподақ ұйымдары бар мекемелердің кәсіподақ төрағалары мен келісу комиссияларының мүшелеріне арналды.

Семинар-тренинг «Еңбек жанжалдарын басқару. Еңбек дауларын шешудің құқықтық аспектілері, кәсіподақтардың рөлі мен қызметі» тақырыбын қамтып, еңбек қатынастарында жиі кездесетін күрделі мәселелерді тиімді әрі заң аясында шешудің жолдарын көрсетуге бағытталды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының дәріскерлер пулының мүшесі, білікті маман Майра Боранбаева арнайы шақырылып, қатысушыларға терең мазмұнды дәріс оқыды. Лектор семинар барысында еңбек жанжалдарының алдын алу, келіссөздер жүргізу тәртібі, еңбек даулары туындаған жағдайда тараптардың құқықтары мен міндеттері туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, нақты мысалдар келтіре отырып, еңбек қатынастарына байланысты орын алатын даулы жағдайларды шешу жолдарын қарастырды.

Семинар интерактивті форматта өтті. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тәжірибелік жағдайлар бойынша кеңес алды. Бұл қатысушылардың теориялық білімдерін практикамен ұштастыруына мүмкіндік берді.

Іс-шара барысында кәсіподақтардың еңбек ұжымындағы маңызы, қызметкерлердің құқықтарын қорғаудағы рөлі, келісу комиссияларының міндеттері және оларды тиімді ұйымдастыру тәсілдері жан-жақты талқыланды. Әсіресе, еңбек дауларын сотқа дейінгі кезеңде шешудің механизмдері мен кәсіподақ тарапынан көрсетілетін құқықтық қолдау құралдары нақты мысалдар арқылы көрсетілді.

Семинар соңында қатысушылар атынан сөз алған «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов жоғары деңгейде өткізілген оқыту семинары үшін лектор Майра Боранбаеваға шын жүректен алғыс білдіріп, оның кәсіби шеберлігі мен тәжірибесінің қатысушылар үшін өте пайдалы болғанын атап өтті.

Аталған семинар кәсіподақ қозғалысы өкілдерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, кәсіподақ ұйымдарының беделін көтеруге және еңбек дауларын тиімді шешуге үлкен септігін тигізетіні сөзсіз.