«Астана — Аймақтық Электржелілік Компаниясы» АҚ бас кеңсесінде еңбек қауіпсіздігі мен жұмысшылардың құқықтарын сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты — жұмыс орнында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, жұмысшылардың еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері жөнінде ақпарат беру, сондай-ақ өндірістік жарақаттанудың алдын алу болды.
Аталған кездесуге Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтаналин, заңгері Азамат Менсейітов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы Мақсат Дүйсенов, сондай-ақ Астана қаласы прокуратурасы №4 басқармасының прокуроры Тамара Тагаева қатысты.
Жиын барысында спикерлер еңбек заңнамаларына енгізілген соңғы өзгерістер, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің құқықтары мен міндеттері, еңбек даулары мен оларды шешу жолдары туралы толық ақпарат берді.
Сонымен қатар өндірістік қауіпсіздік техникасын сақтау, қауіпті жағдайларды алдын ала анықтау және жазатайым оқиғалардың алдын алу тетіктері кеңінен талқыланды.
Компания қызметкерлері өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, құзырлы органдардың мамандарынан нақты жауаптар алды. Құқықтық сауаттылық пен еңбек мәдениетін арттыруға бағытталған осындай іс-шаралар еңбек ұжымындағы өзара түсіністікті нығайтып, өндірістің қауіпсіз әрі тиімді жүруіне ықпал етеді.