4-5 маусым күндері Женевада өтіп жатқан Халықаралық еңбек конференциясының 113-сессиясы аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған қазақстандық делегация шетелдік әріптестермен және серіктес ұйымдармен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Атап айтқанда, Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі (ОАЕКК) аясында ұлттық кәсіподақ орталықтары басшыларының кездесуі өтті. Оған Халықаралық еңбек ұйымы (ACTRAV/ХЕҰ) Еуропа және Орталық Азия елдері бөлімінің басшысы Сергиюс Гловацкас қатысты.
Кездесу барысында ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары ОАЕКК-нің кезекті отырысын биылғы жылдың 5–7 қыркүйегі аралығында Қырғызстанда өткізуге уағдаласты. Алдағы отырыстың күн тәртібіне мынадай мәселелер енгізу ұсынылды: «Үздік Жастар кеңесі» байқауының қорытындылары, әйелдер кеңестерінің қызметі жөніндегі есептер, экологиялық қауіпсіздік мәселелері және басқа да маңызды бағыттар. Тараптар ОАЕКК мен жаһандық кәсіподақ ұйымдарының ынтымақтастығын жандандыру және Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясымен байланыстарды нығайту туралы келісімге келді.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өз сөзінде Түрікменстанның жаңадан сайланған кәсіподақ орталығының төрағасы Огулдженнет Бердилиеваны құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
«Сізді біздің қатарымыздан көргенімізге шын жүректен қуаныштымыз. Әйел адамның кәсіподақ қозғалысына жетекшілікке сайлануы – Орталық Азия елдерінде гендерлік теңдік қағидаттарының берік орнығып келе жатқанының жарқын дәлелі. Қазіргі экономикалық жағдайда кәсіподақ қызметі – оңай жол емес. Дегенмен, бізге жол көрсетіп, бағдар беретін басты құндылығымыз – кәсіподақтық санамыз, яғни «Еңбек адамы – бәрінен биік» деген қағида. Бүгінде ОАЕКК құрамында 15 миллионға жуық орталықазиялық еңбеккер бірігіп отыр. Бізді ортақ тарих пен түп-тамыр біріктіреді, сол тамыр – осы ынтымақтастықтың негізі. Түрікменстанның Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі жұмысына араласуын зор құрметпен қабылдаймыз. Кеңеске мүше әрбір ел еңбеккерлердің құқықтарын қорғау жолындағы ортақ іске сүбелі үлес қосып келеді. Бұл бағыттағы ынтымақтастықты тереңдете түсетін мүмкіндіктер әлі де мол», – деді ҚРКФ төрағасы.
Сондай-ақ, ол Орталық Азия елдері кәсіподақтар кеңесінің алдында тұрған негізгі міндеттерге тоқталып, қазіргі заманның сын-қатерлеріне бірлесе қарсы тұру қажеттігін атап өтті.
«Сәуір айында өткен Кеңес отырысында Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы ЖИ дәуірінде Еңбеккерлердің құқықтарын қорғау стандартының әзірленуіне қатысты бастама көтерді. Енді осы мәселе бойынша жұмыс тобының құрылуын бекіту уақыты келді. Қазақстанда «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы әзірленіп, кәсіподақтар оның талқылауына белсенді қатысуда. Біз стандартты әзірлеу барысында өз тәжірибемізбен бөлісе аламыз. Бірлесе отырып, жаңа сынақтарды еңсеру үшін ортақ ұстаным қалыптастырып, тиімді шаралар қабылдауға уағдаластық. Осы жолда бізге Халықаралық еңбек ұйымының әріптестері қолдау көрсетіп жатқаны – үлкен қуаныш», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин. Сондай-ақ ол Халықаралық еңбек ұйымының (ACTRAV/ХЕҰ) Еуропа және Орталық Азия елдері бөлімінің басшысы Сергиюс Гловацкаске ынтымақтастығы мен қолдауы үшін алғысын білдірді.
Сол күні Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының делегациясы ХЕҰ-ның Еуропа және Орталық Азия өңірінің аймақтық директоры Беате Андрееспен және ХЕҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша Мәскеу кеңсесінің директоры Михаил Пушкинмен кездесті.
Тараптар бір жыл бұрын Женевада Қазақстанның әлеуметтік әріптестері мен ХЕҰ арасында қол қойылған Лайықты еңбекке жәрдемдесудің жол картасының іске асырылу мәселелерін талқылады.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ХЕҰ-ның 131-ші конвенциясын ратификациялауға дайындық барысы туралы хабарлап, Қазақстанда Лайықты еңбек бағдарламасын қабылдау жөніндегі қадамдарды атап өтті.
Айта кету керек, 113-ші сессияның пленарлық отырысында Қазақстан делегациясының басшысы Сатыбалды Дәулеталин көтерген бастамалар бүгін ХЕҰ-ның Еуропа және Орталық Азия өңірінің аймақтық директоры Беате Андреес пен ХЕҰ-ның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша Мәскеу кеңсесінің директоры Михаил Пушкиннің қолдауына ие болды.
Қазақстан кәсіподақ жетекшісі әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің үшжақты комиссияларының жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Жұмыс берушілер бірлестіктерінің қалыптасу мәселелері мен олардың еңбек дауларын болдырмаудағы рөлін атап көрсетті. Сонымен қатар, Қазақстан кәсіпорындарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету шараларының іске асырылу барысын егжей-тегжейлі баяндады.
«Біз 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын әзірлеу және насихаттауға белсенді атсалыстық. Әлеуметтік әріптестерімізбен бірге күш-жігеріміздің арқасында Қазақстанда еңбек қауіпсіздігін басқарудың өтемақы үлгісінен тәуекелге негізделген үлгіге көшу жүзеге асты. Сонымен қатар, Ұлттық гигиена және кәсіптік аурулар орталығының қайта құрылуы қамтамасыз етілді», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Кездесу қорытындысында Еуропа кәсіподақтар конфедерациясының Бас хатшысы Беате Андрес Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы табысты қадамдарын және әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын Қазақстанмен қатар бүкіл Орталық Азия өңірінде алға бастырудағы маңызды рөлін айрықша атап өтті.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы