Ақтөбе медицина колледжі мен бастауыш кәсіподақ ұйымына – 90 жыл

Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе Жоғары медициналық колледжінің 90 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Қоғамға аса қажет ақ халатты абзал жандарды даярлауда үлкен үлес қосып келе жатқан колледж ұжымын мерейлі мерекесімен кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері де құттықтады.

Оқу орны 1935 жылы медбикелер мектебі ретінде ашылған. Кейін Ұлы Отан соғысы жылдарында жаралы жауынгерлерді емдейтін госпиталь қызметін атқарған. Соғыс жағдайына байланысты санитарлар мен медбикелер жеделдетілген курстарда даярланып, майданға жіберілген. 1950 жылдан бастап медициналық мектепте балаларды емдеуге арналған арнайы медбикелерді даярлау қолға алынды. Ал 1954 жылы Кеңес Одағы Министрлер Кеңесінің жарлығымен бұл оқу орны медициналық училище болып қайта құрылып, бүгінге дейін халыққа үздіксіз қызмет етіп келеді.

Конференцияда сөз алғандар:
«Тоқсан жыл бойы сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында мыңдаған түлек кәсіби шеберлікке қол жеткізіп, ел игілігі үшін қызмет етіп келеді. Сіздердің бала көңілдеріңіз әр оқушының жан дүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын төгуде. Ұстаздан өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған әр шәкірт өз ұстазымен мақтанады», – деп атап өтті.

Шара барысында 90 жылдық тарихы бар колледждің әрбір жетістігі – білім мен тәрбие жолындағы жүйелі еңбектің, ұйымшылдық пен іскерліктің нақты көрінісі екені айтылды.

«Qamqor» Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Сабыр Қайрат колледж ұжымын 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, еңбектеріне алғыс білдірді. Ол ұжымға биік белестер мен жаңа табыстар тіледі. Естелік ретінде оқу орнына проектор табысталды. Сонымен қатар, 7 оқытушыға Алғыс хаттар, бағалы сыйлықтар және гүл шоқтары ұсынылды.