Бүгін «Қазақстан темір жол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Астана» филиалының VI есептік-сайлау конференциясы өткізілді. Конференцияға кәсіподақ мүшелері, еңбек ұжымдарының өкілдері, сондай-ақ арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Қонақтардың қатарында Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов, Салалық кәсіподақ төрағасының орынбасары Ғафу Несіпбаев, кәсіподақ қозғалысының ардагері Людмила Закина болды.
Конференция барысында сөз кезегі Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділовке берілді. Ол жиналғандарды жылы лебізбен құттықтап, кәсіподақ қызметінің маңыздылығына жан-жақты тоқталды. Еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерді қорғау жолындағы кәсіподақтардың орны толмас рөл атқаратынын ерекше атап өтті.
Төлеген Күнәділов өзінің сөзінде бірқатар маңызды тарихи белестерді атап өтті. Атап айтқанда, биыл елімізде Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығы және теміржолшылар кәсіподағының 120 жылдығы атап өтіледі. Бұл – еліміздегі кәсіподақ қозғалысының тамыры тереңде жатқанын және еңбек адамын қорғау жолындағы күрестің ғасырлық тарихқа ие екенін көрсетеді. Сонымен қатар, 2024 жылы Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының құрылғанына 25 жыл толып отырғанын да ерекше атап өтіп, бұл ұйымның елордадағы кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан үлесі зор екенін жеткізді.
Филиал төрағасы Серік Сәрсекеев соңғы бес жыл ішінде атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Ол кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында жасалған нақты жұмыстар мен жетістіктерге тоқталды. Атап айтқанда, 2024 жылдан бастап «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен еңбек ұжымы арасында жасалған 2024–2026 жылдарға арналған Ұжымдық шартта бұған дейін қолданыста болған барлық әлеуметтік кепілдіктер толық сақталған және бірқатар маңызды жаңашылдықтар енгізілген.
Серік Сәрсекеевтің айтуынша, жаңа Ұжымдық шарт аясында қызметкерлердің әлеуметтік пакетін жақсартуға бағытталған көптеген шаралар қарастырылған. Мәселен, теміржол саласы қызметкерлеріне жалақы қорынан төрт ірі мереке – Наурыз мейрамы, Көлік қызметкерлері күні, Республика күні және Тәуелсіздік күні қарсаңында біржолғы сыйақы төлеу келісілді. Бұдан бөлек, 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған сыйақыны енді бала күтіміне байланысты демалыстағы әйелдер де алатын болады.
Материалдық көмек көлемі де едәуір ұлғайтылды. Атап айтқанда: бала тууына байланысты – 30-дан 40 АЕК-ке дейін, ал шалғайда орналасқан 4,5 класты станциялар мен разъездерде – 40-тан 50 АЕК-ке дейін; жұмыскердің қайтыс болуына байланысты жерлеуге – 100-ден 150 АЕК-ке дейін; жұмыскердің ата-анасы, жұбайы, балалары қайтыс болған жағдайда – 50-ден 70 АЕК-ке дейін; неке қию кезінде – 15-тен 30 АЕК-ке дейін.
Сонымен қатар, кәсіподақтың белсенді араласуының арқасында қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған нақты шаралар жүзеге асқан. Нәтижесінде 2021-2025 жылдары аралығында қызметкерлердің жалақысы 67 пайызға артты. Сондай-ақ, төтенше жағдайлар кезінде (қар, су, құм жинау, авариялық-құтқару жұмыстары және басқа да ерекше жағдайларда) жұмысшыларды тамақпен қамтамасыз етуге бөлінетін қаражат көлемі ұлғайтылған.
Күн тәртібіне сәйкес, конференция делегаттары ұсынылған есепті бірауыздан бекітті. Конференция делегаттарының шешімімен Серік Сәрсекеев «Астана» филиалының төрағасы лауазымына қайта сайланды. Бұдан бөлек, Тексеру комиссиясының есебі мақұлданып, оның жаңа құрамы бекітілді. Сонымен қатар, филиал Кеңесінің жаңа мүшелері мен Салалық кәсіподақтың алдағы XI съезіне делегаттар сайланды.
Конференция қорытындысы бойынша делегаттар кәсіподақтың қызметін оң бағалап, алдағы кезеңге арналған міндеттерді айқындады. Кәсіподақ мүшелерінің бірлігі мен ұйымшылдығы – еңбеккерлердің құқықтарын қорғаудағы басты күш екені тағы бір мәрте дәлелденді.