Құрметті ақ халатты абзал жандар!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Адам жаны мен денсаулығына араша болу – үлкен жауапкершілік пен биік парасаттылықты талап ететін ерекше мамандық. Сіздер күн сайын дертпен арпалысқан жандарға үміт сыйлап, әр науқастың жүрегіне жылу ұялатып келесіздер. Бұл – тек кәсіп қана емес, адамға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың көрінісі.
Бүгінгі қоғамда медицина саласының орны айрықша. Соңғы жылдары болған қиын-қыстау кезеңдер – денсаулық сақтау жүйесінің маңызын, ал сол жүйенің жүрегі – сіздердің қажырлы еңбектеріңіз екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Кәсіподақтар федерациясы денсаулық сақтау саласы мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсарту, қауіпсіз еңбек етуге лайықты орта қалыптастыру, әділ еңбекақы мен кәсіби дамуға мүмкіндік беру бағытында тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Бұл бағыттағы істер алда да жалғаса бермек.
Сіздердің әр күніңіз – адам өмірін сақтау жолындағы ерлікпен тең. Сіздердің арқаларыңызда мыңдаған отбасы қуанышқа бөленіп, өмірдің шуақты сәттеріне қайта оралуда.
Осы тамаша мереке күні сіздерге зор денсаулық, отбасы амандығы, көңіл-күй сергектігі мен кәсіби табыс тілеймін! Еңбектеріңіз бағаланып, жүректеріңіз мейірім мен алғысқа толы болсын!
Ізгі тілекпен,
ҚР Кәсіподақтар федерациясының
төрағасы Сатыбалды Дәулеталин