2025 жылғы 17 маусым күні Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділовтің төрағалығымен Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста Кеңес мүшелерімен қатар, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының (ҚРКФ) XXVII кезекті Съезіне сайланған делегаттар да қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес Астана қаласы Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтаналин «Еңбек жолы» және «Парыз» конкурстарына қатысу деңгейі туралы баяндама жасап, қазіргі уақытта қалалық коммуналдық шаруашылық және білім беру салаларындағы кәсіподақ ұйымдарының бастамасымен «Еңбек жолы» байқауына алты өтінім жолданғанын атап өтті. Сонымен қатар, ол аталған байқауларға салалық кәсіподақ ұйымдарын белсенді қатысуға шақырып, бұл бастамалар еңбек адамының мәртебесін арттыруға ықпал ететінін айтты.
Отырыс барысында Қ. Сұлтаналин ҚРКФ XXVII Съезін ақпараттық қолдау жөніндегі концепцияның орындалу барысына да тоқталды. Ол делегаттар мен ұйым мүшелерін алдағы съезд туралы қоғамда кеңінен ақпарат таратуға белсенді атсалысуға үндеді.
Кеңес отырысының келесі бөлігінде Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов сөз сөйлеп, еңбек дауларының алдын алу және ұжымдық келіссөздердің тиімділігін арттыру мақсатында жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасында еңбек заңнамасының нормаларын кеңінен түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Ол сондай-ақ кәсіподақ ұйымдарының еңбек қатынастарын тұрақтандырудағы рөлін айрықша атап көрсетті.
Отырыс қорытындысында кеңес мүшелері мен делегаттар ұйымшылдық пен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, кәсіподақ қозғалысының дамуына серпін беретін шешімдерді бірлесе қолдауға дайын екендіктерін білдірді.