Қазақстан мен Тәжікстан кәсіподақтары ынтымақтастықты нығайтуда

Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеевтің жетекшілігімен аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің делегациясы Тәжікстан Республикасының Соғды облысына ресми сапармен барды. Бұл іссапар Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің стратегиялық жоспары аясында жүзеге асты. Сапардың басты мақсаты – екі ел кәсіподақтары арасындағы ынтымақтастықты нығайту және Соғды облысы кәсіподақтар кеңесімен достық пен әріптестік туралы келісімге қол қою болды.

Сапар нәтижесінде үш жылға арналған екіжақты келісімге қол қойылып, кәсіподақтық тәжірибе мен ақпарат алмасу, бірлескен семинарлар мен форумдар өткізу, жастар мен әйелдер лидерлігін дамыту, мәдени-спорттық және туризм саласындағы іс-шараларды ұйымдастыру, бастауыш кәсіподақ ұйымдары арасындағы тікелей байланысты нығайту, медиативті және құқықтық қызмет бойынша оқыту мен тәжірибе алмасу бағыттарында бірлескен жұмыс жүргізу жоспарланды. Келісім мерзімі аяқталған соң, ол өзара келісім бойынша ұзартылуы мүмкін.

Делегация құрамында Бауыржан Әлтеевпен бірге «Қызмет» кәсіподағының қалалық төрағасы Серік Ауесханов, Халықаралық медиация орталығының директоры Лаура Ақшегірова, бірқатар өндірістік кәсіпорындардың кәсіподақ жетекшілері болды. Делегация мүшелері Соғды облысындағы әлеуметтік серіктестік жүйесімен, «Джавони» кәсіпорнындағы алғашқы кәсіподақ ұйымының қызметімен танысты.

Бүгінде Соғды облысында 231 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі, 2666 бастауыш ұйым және 12 салалық кәсіподақ жұмыс істейді. Тәжік тарапы кәсіподақ қызметін ғана емес, туризм саласындағы ынтымақтастықты да дамытуға мүдделілік танытты. Аймақтың бай тарихи және табиғи мұралары тараптар арасындағы жаңа бағыттағы серіктестікке жол ашады.

Сапар барысында Бауыржан Әлтеев Қазақстан кәсіподақтарының халықаралық деңгейдегі беделіне де ерекше тоқталдыҚазақстандық кәсіподақтар тарихында тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Телағысұлы Бүкілеуропалық аймақтық кеңестің вице-президенті болып сайланды, сондай-ақ ҚРКФ басшылығы ХКК БЕАК-інің басқарушы органдарының құрамына кірді. 2025 жылғы 4 маусымда Женевада өткен Халықаралық еңбек ұйымының 113-сессиясында Сатыбалды Даулеталин алғаш рет қазақ тілінде тарихи баяндама жасап, Еңбек адамының үнін халықаралық аренаға жеткізді.

Бауыржан Әлтеев «Жұмысшы мамандықтарының жылы» бастамасына да тоқталып өтті. Бұл бастама жастарды өндірістік салаға тарту, қоғамда еңбек адамының беделін арттыру және жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру мақсатында жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, Шымкент қаласының медиация орталығы Тәжік әріптестеріне медиация институтының мүмкіндіктерін таныстырып, құқықтық көмек көрсету мен медиативті келісімдер жасау бойынша бірлескен жобалар ұсынды. Соғды облысында бұл сала енді дамып келе жатқандықтан, медиативті тәжірибе алмасу екі жақ үшін де өзекті бағыт ретінде белгіленді.

Кездесу қорытындысында тараптар достық пен әріптестікті жүйелі дамытуға келісті. 2025 жылдың қазан айында Соғды облысы кәсіподақтарының делегациясы Шымкентке сапарлап келмек. Бұл сапар Қазақстанда Кәсіподақтар күніне орайластырылып, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға сеп болмақ.

Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев бұл сапардың маңызын атай келе: «Халықтың шынайы мұқтажын түсінетін кәсіподақтар арасындағы ынтымақтастық — еңбек адамына деген ортақ құрметтің көрінісі», – деп атап өтті.