Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Бас кеңесінің мүшесі Сатыбалды Дәулеталин ХКК Бас кеңесінің кезекті 36-шы отырысына қатысты. Бас кеңестің отырысы 17 және 19 маусым күндері өтті.
ХКК Бас хатшысы Люк Триангл ұйымның өткен кезеңдегі қызметі туралы егжей-тегжейлі есеп берді, әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізу және еңбекшілердің құқықтарын қорғау үшін ұжымдық іс-қимылдың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, отырыс барысында Халықаралық еңбек конференциясының 113-ші сессиясының, Әйелдер комитетінің және Ынтымақтастық қорын басқару жөніндегі кеңестің есептері тыңдалды.
ХКК-ның алқалы органы бірқатар мәселелерді де қарастырды, соның ішінде ХКК-ның Климаттық саясат жөніндегі жұмыс тобының қызметі, Әлеуметтік даму жөніндегі Екінші дүниежүзілік саммитке және Әлеуметтік даму мүддесі үшін жоғары деңгейдегі Екінші дүниежүзілік кездесуге дайындық жұмыстары және басқа да тақырыптар бар.
Сонымен қатар, Бас кеңес мүшелері түрлі елдердің кәсіподақ бірлестіктерінің ХКК- не мүшелікке өтініштері бойынша шешім қабылдады. Ұйымға мүшелік мәселелері жөнінде шешім қабылдау ХКҚ Бас кеңесінің құзыретіне кіреді.
Айта кетерлігі, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас кеңесі – осы ұйымның жоғары басқарушы органы. Ол ХКК-не мүше ұйымдардың өкілдерінен құралып, конфедерация қызметінің түйінді мәселелері бойынша шешімдер қабылдауға, сондай-ақ оның стратегиясы мен басымдықтарын айқындауға жауапты.
ХКК Бас кеңесі ұйым қызметіне қатысты маңызды мәселелерді талқылау және шешім қабылдау үшін отырыстар жүйелі түрде өткізіледі.
Еске сала кетейік, Бразилияда өткен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Бас кеңесінің 35-ші отырысында 5 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталинді Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Бас кеңесінің мүшесі етіп сайлау туралы бірауыздан шешім қабылданды. Атап өтілгендей, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының ХКК Бас кеңесіне толыққанды мүше болуы – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының еңбекшілердің құқықтарын ұлттық және халықаралық деңгейде қорғауға қосқан үлесінің мойындалуының дәлелі. Сонымен қатар, бұл жаһандық кәсіподақ қозғалысында Қазақстан кәсіподақтарының беделі артып келе жатқанын растайды.
Бүгінде ХКК өз қатарында 169 ел мен аймақтан 330-дан астам ұлттық кәсіподақ орталығын біріктіріп отыр. Олардың жалпы мүше саны 200 миллионнан асады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы