Шымкент қаласының орталығындағы Арбат алаңында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында кең көлемді өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Іс-шараның басты мақсаты — жұмыссыз азаматтар мен жұмыс берушілерді тікелей жүздестіру, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты үйлестіру және азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал ету.
Жәрмеңкеге Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарынан сала мамандары мен жауапты өкілдер қатысып, солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасының шарттары мен мүмкіндіктері жөнінде кеңес берді.
Жәрмеңке аясында 300-ге жуық азамат қатысып, 775 жұмыс беруші тарапынан 3583 бос жұмыс орны ұсынылды. Нәтижесінде:
-
95 адам тұрақты жұмысқа орналасты;
-
29 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілді;
-
9 азамат (құқық қорғау органдарының бақылауында тұрғандар, бас бостандығынан жаңа босатылғандар және мүмкіндігі шектеулі жандар) квота бойынша жұмысқа жолданды;
-
4 алимент төлемей жүрген борышкерге тұрақты жұмыс ұсынылды;
-
84 адам ерікті көшу бағдарламасы бойынша кеңес алды.
Сонымен қатар, 11 азамат 24 маусымда өтетін «Ұлы көш» жобасы аясында Солтүстік және Павлодар облыстарына танысу сапарына қатысуға ниет білдірді.
Жәрмеңке барысында қатысушыларға қысқа мерзімді оқу курстары, қайтарымсыз гранттар және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары туралы толық ақпарат ұсынылды.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі — бұл тек жұмыс іздеуші мен жұмыс берушіні тоғыстыратын алаң ғана емес. Бұл — ел ішіндегі еңбек ресурстарын тиімді бөлуге, жастарды жұмысшы мамандықтарына тартуға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және еңбек адамының қоғамдағы рөлін арттыруға бағытталған нақты қадам.