Әлеуметтік әріптестікті нығайту мәселелері талқыланды

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Мейірхановтың төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті.Оған Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов қатысты.

Отырыс барысында бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – Астана қаласының еңбек тәуекелі картасына енгізілген кәсіпорындардағы ағымдағы жағдай. Бұл мәселе бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Исмағұлов баяндама жасады.

Ерлан Исмағұловтың айтуынша, қазіргі таңда Астана қаласының өзекті еңбек тәуекелі картасына сәйкес 248 ұйым жоғары тәуекел дәрежесі бар кәсіпорындар санатына енгізілген. Бұл көрсеткіш бұған дейін 196 ұйымды құраған болатын. Яғни, тәуекелді кәсіпорындар саны 52-ге артқан.

Кәсіпорындардың тәуекел тобына ену себептері:
-90% жағдайда – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша жарналарды уақтылы аудармау;
-Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша берешектің болуы;
-Әлеуметтік аударымдар бойынша қарыздың болуы.

Ерлан Исмағұлов сондай-ақ 2025 жылғы 7 ақпанда өткен үшжақты комиссия отырысында берілген тапсырмалардың орындалу барысына тоқталды. Оның айтуынша, сол кезде:
Мемлекеттік кірістер департаменті мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына – әлеуметтік аударымдар бойынша жұмыс беруші-борышкерлерге қатысты нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеу тапсырылған болатын. Және Алматы, Сарыарқа, Есіл, Байқоңыр, Нұра және Сарайшық аудандары әкімдерінің аппараттарына – тәуекел дәрежесі жоғары кәсіпорындармен кездесулер ұйымдастыру жүктелген еді.

Алайда, қазіргі таңда бұл жұмыстар тек Есіл, Алматы, Сарыарқа және Нұра аудандарында ғана жүргізілді. Байқоңыр және Сарайшық аудандарында іс-шаралар тиісті деңгейде өткізілмеген.

Отырыста сөз сөйлеген Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және «Еңбек жолы» еңбек әулеттері мен үздік еңбеккерлерді марапаттауға арналған республикалық конкурстарына қатысу үшін өтінімдерді қабылдау барысы туралы баяндады.

Илья Скубтың айтуынша, қазіргі уақытқа дейін «Парыз» байқауына – 5 өтінім, «Еңбек жолы» байқауына – 13 өтінім келіп түскен.

Бұл байқаулар еліміздегі еңбек мәдениетін нығайту, жұмысшылардың абыройын арттыру және әлеуметтік жауапты жұмыс берушілерді көтермелеу мақсатында жыл сайын өткізіліп келеді.Өтінімдерді қабылдау 2025 жылғы 1 шілдеге дейін жалғасады.

Осыған орай, И.Скуб әлеуметтік әріптестерді, үшжақты комиссия мүшелерін және аудан әкімдіктерінің аппараттарын белсенділік танытып, байқауларға қатысу үшін кәсіпорындар мен еңбек ұжымдары арасынан үміткерлерді ұсынуға белсене атсалысуға шақырды.

Айта кетерлігі, Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы тарапынан байқауларға қатысу бойынша ақпараттық-насихат жұмыстарын ұйымдастыруға қосып отырған үлесін және кәсіподақ ұйымдарының белсенді атсалысуына ықпалын атап өтуге болады.

Отырыс қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар беріліп, комиссия мүшелеріне алдағы уақытта еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік төлемдердің уақытылы аударылуын қамтамасыз ету және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру бағытында белсенді жұмыс істеу қажеттілігі ескертілді.