Алакөл жағалауындағы «Dolce Vita Alakol» демалыс орталығында Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы мен «Жұмысшы мамандықтары жылына» орайластырылған «Мәдениет және спорт – кәсіподақ идеяларын насихаттау құралы» тақырыбындағы облыстық семинар-практикум өтті.
Іс-шара Абай облыстық филиалының төрағасы Гүлнар Оразбекованың бастамасымен ұйымдастырылып, оған мәдениет және спорт салаларындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының 35-тен астам төрағасы мен белсенді мүшелері, сондай-ақ «Семей орманы» орман шаруашылығы кәсіподағының төрағасы Гүлсара Баймағамбетова қатысты.
Семинардың басты мақсаты – бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары мен белсенділерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру, сондай-ақ кәсіподақ қызметін тиімді басқарудың жергілікті деңгейдегі тетіктерін жетілдіру болды.
Семинар модераторлары ретінде филиал төрағасы Гүлнар Оразбекова, Абай облыстық кәсіподақтар орталығының құқықтық мәселелер және медиация бөлімінің бас маманы Ержан Разбеков, орталықтың бас маманы Гүлмира Нұғыманова сөз сөйледі.
Семинардың салтанатты ашылуында Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ төрағасы Светлана Иманқұлова құттықтау сөз сөйлеп, қазіргі таңда кәсіподақ рөлін күшейтудің маңыздылығына тоқталды. Ол мәдени және спорттық бастамалардың жастарды жұмысқа тартуда және ұйымшыл кәсіподақ қауымдастығын қалыптастыруда үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Сондай-ақ, қатысушыларға табысты жұмыс пен жаңа кәсіби жетістіктер тіледі.
Салтанатты бөлімнен кейін қатысушылар жеребе арқылы командаларға бөлінді. Командаларға «Кәсіподақ жұлдызы», «Отбасы құндылықтары», «Біздің кәсіподақ», «Маевка», «Кәсіподақ 3D» сынды символдық атаулар берілді.
Семинар жұмысы коучинг сессиясымен басталып, қатысушылардың жеке және топтық құзыреттіліктерін дамытуға бағытталды. Коучинг барысында қатысушылар өз рөлдерін тереңірек түсініп, командалық жұмыс пен ынтымақтастықтың маңыздылығын тәжірибе жүзінде сезінді.
Әр команда өз атауының мәнін шығармашылық тұрғыда ашып, презентациялар мен шағын сахналық қойылымдар ұсынды. Бұл кезең қатысушылардың ұйымшылдығын арттырып, шығармашылық орта қалыптастырды.
Семинар аясында кәсіподақ қызметі бойынша блиц-турнир өткізілді. Сайыс барысында қатысушылар кәсіподақ қозғалысының тарихынан бастап, қазіргі құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелерге дейінгі білімдерін сынға салды. Турнир командалық қолдау мен жоғары белсенділік жағдайында өтті. Қорытынды кезеңде капитандар сайысы ұйымдастырылып, команда жетекшілері өздерінің шешендік қабілеті мен жылдам ойлау шеберлігін көрсетті.
Семинардың финалдық кезеңінде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған зияткерлік QUIZ ойыны өтті. Қатысушылар ұлы ақынның өмірі, шығармашылығы және рухани мұрасы туралы білімдерін ортаға салып, Абай идеяларының қазіргі қоғам үшін өзектілігін тереңірек ұғынды.
Қорытынды бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді:
1-орын – «Отбасы құндылықтары» командасы
2-орын – «Маевка» командасы
3-орын – «Біздің кәсіподақ» командасы.
Сондай-ақ, «Кәсіподақ жұлдызы» және «Кәсіподақ 3D» командалары ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Зияткерлік ойын мен марапаттау рәсімі қатысушылар үшін шабыттандыратын, достыққа негізделген жарқын әсер қалдырды. Семинар кәсіби біліктілік пен шығармашылықтың, ұжымдық рух пен ынтымақтастықтың мерекесіне айналды.
Шара соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға медальдар, Құрмет грамоталары, сертификаттар және естелік сыйлықтар табыс етті. Бұл марапаттар әрбір қатысушының белсенділігі мен кәсіподақ ісіне қосқан үлесінің нақты көрінісі болды.
Семинар қатысушылары шарадан мол әсер алып, кәсіподақ жұмысында жаңа серпінмен жұмыс істеуге зор мотивациямен оралды.