Астана қаласының білім беру қызметкерлерінің Кәсіподағы жас педагогтерге арналған «Білім беру менеджменті: жаңа бағыттар мен мүмкіндіктер» атты қалалық семинар-тренинг өткізді.
Іс-шара барысында келесі маңызды тақырыптар қаралды:
«Жастар және Кәсіподақ: Болашаққа бағдар» — жастардың кәсіподақ қозғалысына қатысуы, олардың ұйымдағы рөлі мен ықпалы, сондай-ақ кәсіподақ қызметінің дамуындағы жастардың болашағы туралы жан-жақты талқылау жүргізілді.Бұл бөлімде жастардың кәсіподаққа тарту жолдары мен олардың ұйым ішіндегі көшбасшылық қабілеттерін дамыту мәселелері сөз болды.
«Педагог мәртебесі – Кәсіподақ қолдауында» — педагогтардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етудегі Кәсіподақтың рөлі мен әлеуметтік маңыздылығы туралы баяндамалар мен пікірталастар өтті.Қатысушылар білім беру саласындағы қызметкерлердің мәртебесін көтеру бағытындағы кәсіподақтың атқаратын міндеттері мен іс-шаралары туралы ақпарат алды.
«Еңбек нарығы және Кәсіподақтың жаңа миссиясы» — еңбек нарығындағы өзгерістер мен қазіргі заман талабына сәйкес кәсіподақтардың бейімделу жолдары талқыланды.Бұл бөлімде кәсіподақтың болашақтағы миссиясы, жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайларда қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тиімді әдістері қарастырылды.
Семинар соңында «Бізге қандай кәсіподақ керек?» деген тақырыпта ашық пікірталас ұйымдастырылып, жас педагогтер өз ұсыныстары мен талаптарын ортаға салды.Бұл диалог жастардың кәсіподақтағы белсенділігін арттыруға және ұйымның келешек даму бағыттарын айқындауға бағытталған маңызды қадам болды.
Іс-шара жастарды кәсіби ұйым ретінде біріктіру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда кәсіподақтың рөлін күшейту, сондай-ақ білім беру саласындағы жаңаша басқару мен инновациялық тәсілдерді енгізу мәселелерін талқылау үшін маңызды алаң болды.