Жастар кәсіподақтардың болашағын талқылады: «Бізге қандай кәсіподақ керек?» атты дөңгелек үстел

«Бізге қандай кәсіподақ керек?» республикалық акциясы аясында Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Астана қалалық филиалы «Астанабасжоспар» ҒЗЖИ, «Астана-Көгалдандыру құрылысы» ЖШС, «Мемсараптама» РМК, «Астана су арнасы» МҚК мүшелік ұйымдардың жастар кеңесі мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді. Талқылау тақырыбы кәсіподақ қозғалысын дамытудағы және оның болашақ бағытын қалыптастырудағы жастардың рөлі болды.

Өз сөзінде филиал төрайымы Тілеулес Мадьярова 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланғанын және өткізілетін іс-шаралар аясындағы негізгі міндеттердің бірі – жұмысшы жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол қатысушыларды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезіне дайындық туралы хабардар етіп, оның мақсаттары мен міндеттерін айтты.

«Бізге қандай кәсіподақ керек?» акциясының ұсыныстарды жинау және кәсіподақ қозғалысының алдағы бес жылға арналған стратегиялық бағытын әзірлеу үшін тұғырнама ретіндегі маңыздылығына ерекше назар аударылды. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар жастармен өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін, кәсіподақ құрылымдарын тартудың тиімді нысандары мен жаңарту жолдарын талқылады.

Турин қаласындағы Халықаралық еңбек ұйымының оқу орталығында еңбек стандарттары бойынша курсты аяқтаған Жастар кеңесінің төрағасы Әкежан Жаңбыр өзінің тәжірибесімен бөлісті. Оның алған білімі мен дағдысы республикалық деңгейде жастардың құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыстардың практикалық негізіне айналады.

Жас белсенділер әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудегі кәсіподақтардың маңызды рөлін атап өтті, сондай-ақ қазіргі заманғы кәсіподақ – ашық, тиімді, жастардың қажеттіліктеріне бағдарланған болуы тиіс деген көзқарастарын білдірді.

Дөңгелек үстел нәтижесінде кәсіподақтардағы жастар саясатын күшейту, білім беру және ақпараттық бағдарламаларды әзірлеу, шешім қабылдауға жас қызметкерлерді белсенді тарту бойынша ұсыныстар тұжырымдалды.