Үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті

Түркістан облысы кәсіподақтар орталығының мәжіліс залында әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның кезекті көшпелі отырысы өтті. Жиынға «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі төрағалық етті.

Отырысты ашқан Бердіғали Жақсылықұлы бұл басқосудың басты мақсаты – еңбек заңнамасының орындалуын бақылау, жұмысшылардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету, еңбек дауларының алдын алу және еңбек саласындағы өзекті мәселелерді әлеуметтік әріптестік аясында бірлесе шешу екенін тілге тиек етті.

Күн тәртібінде ең алдымен «Механизированная колонна №49» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қалыптасқан жағдай қаралды. Бұл мәселе бойынша Созақ ауданы әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы Ешенқұлова баяндама жасап, кәсіпорындағы еңбек қатынастары, жұмысшылардың құқықтарын қамтамасыз ету, жалақы төлеу тәртібі, еңбек жағдайлары және мекеменің қазіргі экономикалық ахуалы жөнінде кеңінен баяндады. Мәселенің өзектілігін ескере отырып, кәсіпорын атынан сөз алған Илияржан Пазылбаев мекемедегі ағымдағы жағдайға түсініктеме беріп, туындаған мәселелерді шешуге бағытталған жоспарларымен бөлісті. Комиссия мүшелері өз кезегінде нақты ұсыныстар айтып, кәсіпорынмен өзара іс-қимылды жандандыру қажеттігін атап өтті.

Келесі мәселе – еңбек қауіпсіздігі, жазатайым оқиғалар және жалақы қарыздарына қатысты туындайтын шиеленістердің алдын алу болды. Бұл бағытта «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығының» төрағасы Бердіғали Өмірәлі арнайы баяндама жасап, өңірде еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттардың алдын алу және жұмысшылар алдындағы жалақы қарыздарын болдырмау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, ол еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін еңбек қатынастарына тұрақты мониторинг жүргізудің, жұмыс берушілермен және кәсіподақ ұйымдарымен тығыз әрі сенімді байланыс орнатудың маңызын ерекше атап өтті.

Отырыс қорытындысында комиссия мүшелері еңбек дауларының алдын алу, еңбек жағдайларын жақсарту және жұмысшылардың құқықтарын қорғау бағытында бірлескен жұмысты жалғастыру қажет екенін баса айтты. Сонымен қатар, әлеуметтік әріптестік тетіктерін одан әрі жетілдіру және еңбек саласындағы өзекті мәселелерді шешу бойынша бірқатар ұсыныстар қабылданды.