“Съезд делегаты”: Салтанат Рахимова – Қазақстандық мұнай-газ кешені салалық кәсіподағының делегаты

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII Съезінің делегаты – «Қазақстандық мұнай-газ кешені салалық кәсіптік одағы» ҚБ Атырау облыстық филиалының төрағасы Рахимова Салтанат Асқарқызы еңбек жолын 1998 жылы Махамбет аудандық прокуратурасында прокурордың көмекшісі қызметінен бастап, 2008 жылға дейін аудан прокурорының аға көмекшісі, 2010 жылға дейін Атырау облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры, аға прокуроры қызметтерін атқарған.

2015 жылдан бері «Қазақстандық мұнай-газ кешені салалық кәсіптік одағы» ҚБ Атырау облыстық филиалын басқарып келеді.

«Теңізшевройл», «NCOC N.V» сияқты ірі мұнай компанияларымен бірге «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС, «КазСтройСервис» АҚ, «Өмірзақ-Сервис», «NCRC» сияқты сервистік компанияларының басын біріктіріп отырған Атырау облыстық филиалы осы кәсіпорындардағы қызметкерлердің әлеуметтік қауіпсіздігін арттыруға және еңбек қатынастары тараптары арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етіп келеді. Мұнайшылар еңбегінің мәртебесін көтеру мақсатында әлеуметтік серіктестер арасында тиімді өзара әрекеттестік орнатуға қызмет етуде. Мұнай газ саласы қызметкерлерінің құқықтарын мен мүдделерін қорғау мақсатында заң шығару процесіне белсене араласады.

Еліміздің Еңбек Кодексінің 50 бабының 3 тармағын алып тастауға мұрындық болған заңгер С.А.Рахимованың бүгінгі күні де көптеген ұсыныстары Парламент Мәжілісінің жұмысшы топтарымен талқылануда.

Кәсіподақтар Федерациясының Заң клиникасы жобасы аясында Атырау облысының жұмысшыларына тегін құқықтық көмек көрсететін заңгер күнделікті тыныс-тіршілігінде еңбек құқықтары бұзылған азаматтарға арыздарын жазып беріп, тіптен, олардың бұзылған еңбек құқықтарын сот арқылы қалпына келтіруге көмектесуде.

Еңбек адамының құқықтарын қорғауға үнемі басымдық беретін кәсіподақ жетекшісі Салтанат Асқарқызы Кәсіподақтар федерациясының XXVII съезіне делегат болып сайланды.