Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының XXVII Съезі өтті. Бұл – елдегі кәсіподақ қозғалысының ең жоғары органы. Маңызды жиынға еліміздің барлық өңірінен жиналған делегаттар, салалық кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, әлеуметтік әріптестер, халықаралық сарапшылар мен әлемнің қырыққа жуық елінен келген ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары, барлығы 300-ден астам адам қатысты.
Жылдың басты кәсіподақ оқиғасы жаңа стратегияны қалыптастырудың бастауы ғана емес, сонымен бірге еліміздегі кәсіподақ қозғалысының 120 жылдық даңқты тарихының жалғасын білдіретін маңызды шара болды.
Съезд жұмысы Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына арналған арнайы пошта маркасын айналымға енгізу салтанатымен басталды. Бұл марка – кәсіподақ көшбасшыларының әлеуметтік қарым-қатынасты дамытуға, еңбек құқықтарын қорғауға қосқан үлесі мен ұрпақтар сабақтастығын бейнелейді.
Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин осы сәттің тарихи маңызына тоқталды.
«Бүгінгі шара – өткенге тағзым, кәсіподақ қозғалысының қалыптасуына үлес қосқан ондаған ұрпақтың өлшеусіз еңбегіне деген құрмет. Біз олардың ерлігіне бас иіп, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Қазақстан кәсіподақтары – әрбір еңбек адамы үшін сенімді қорған. Біз ынтымақ, әділдік пен орнықты дамуға деген берік сеніммен жаңа дәуірге аяқ бастық», – деді ҚРКФ төрағасы.
Съезд аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев делегаттар мен форум қатысушыларына құттықтау сөз сөйледі.
Өз сөзінде ол кәсіподақтардың азаматтық қоғам мен әлеуметтік әріптестіктің маңызды институты ретінде алатын орнын атап өтті. Бүгінде кәсіподақтар ел бойынша 2,5 миллионнан астам жұмысшыны біріктіреді.
«Қазақстан кәсіптік одақтары елдегі әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық өсімді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. 2,5 миллионнан астам жұмыскерді біріктіре отырып, олар еңбек құқықтарын қорғау мен еңбек жағдайын жақсарту жолында Үкіметтің сенімді серіктесіне айналды», – деді бірінші вице-министр.
Сонымен қатар, Асқарбек Ертаев 2025 жылдың елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануының маңыздылығына да тоқталды.
«2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы болып жариялануы – қарапайым жұмысшылардың ел дамуына қосқан үлесінің мойындалуы. Жұмысшы мамандықтар көбіне назардан тыс қалып жатады. Бірақ дәл осы мамандар – өндірістік қуат пен экономикалық өсімнің негізін қалайтын басты күш», – деп атап өтті ол.
Ол сондай-ақ әлеуметтік қарым-қатынасты одан әрі дамыту мен еңбек қатынастарын жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.
«Біз №131«Дамушы елдерді ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» Конвенцияны ратификациялау жұмысын бастадық. Осыған сәйкес заң жобасы әзірленіп, қазіргі уақытта ол Парламент Мәжілісінде қаралуда. Мемлекет, кәсіподақтар мен жұмыс берушілер бірлесе әрекет еткенде ғана біз лайықты еңбекке, тиімді әлеуметтік қорғауға және тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізе аламыз. Бұл Съездің жұмысы еңбек және әлеуметтік саясат саласындағы ұлттық әрі халықаралық басымдықтарды жүзеге асыру жолында маңызды қадам боларына сенемін», – деді Асқарбек Ертаев.
Съезд күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің соңғы бес жылдағы қызметінің есебі болды. Есепті ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин баяндады.
ҚРКФ басшысы кәсіподақ қозғалысының ел ішіндегі басты жетістіктері, туындаған қиындықтар мен алдағы мақсаттар туралы мәлімдеді.
«Бастысы – біз сенімді қайтардық. Осы бес жылдың ішінде кәсіподақтар өзгеру мен жаңғыру жолынан өтіп, ел ішінде де, халықаралық аренада да беделін қайта қалпына келтіре алды. Біз өзімізден бастадық: тыңдауды, біріктіруді үйрендік, қателік жасаудан қорықпадық. Бастауыш ұйымнан бастап орталық аппаратқа дейін нақты құрылым қалыптастырдық», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Оның айтуынша, кәсіподақ жұмысының негізгі бағдарына айналған – «Әділет пен дамуға – бірлікте» стратегиясы нақты іске асқан құжатқа айналып, жергілікті мәселелерді шешуден бастап Үкіметпен келіссөз орнатуға және халықаралық алаңдарға қатысуға дейінгі нақты әрекеттермен толықты.
ҚРКФ төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын қолдаудағы ҚРКФ-ның рөліне де тоқталды.
«Осы бес жылда кәсіподақтар Халық коалициясының құрамына еніп, Конституцияны жаңғырту ісіне өз үлесін қосты. 478 кәсіподақ мүшесін ұсынып, олардың 270-і халық сеніміне ие болып, әртүрлі деңгейдегі мәслихаттардың депуттары болып сайланды. Бұл еңбеккерлер үнін билікке анық жеткізуге жол ашты. Бүгінде кәсіподақтар – қоғамдық өзгерістердің ортасында. Біз халық мүддесі үшін әрекет етеміз», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Халықаралық бағыттағы жұмыстар жайында айта келе, ол бірқатар маңызды жетістіктерге тоқталды.
«Біз Қазақстанды әлемдік кәсіподақтар кеңістігіне қайта алып шықтық — бұл тек мәртебе үшін емес, нақты мүмкіндіктер үшін жасалды. Федерация мен әлеуметтік әріптестердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде Қазақстанда лайықты еңбекке қолдау көрсету жөніндегі ХЕҰ Жол картасы қабылданды. Бұл — Қазақстанның еңбек саласындағы жетістіктерінің халықаралық деңгейде мойындалғанының айғағы. Еліміздің тарихында алғаш рет ХЕҰ Бас директоры Жильбер Унгбо елімізге ресми сапармен келді, оның ең алғашқы кездесуі Кәсіподақтар федерациясымен өтті. Бұған қоса, Қазақстан Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына қайта мүше болып кірді. Федерация төрағасы ХКК Бас кеңесінің мүшесі және Бүкілеуропалық аймақтық кеңестің вице-президенті болып сайланды. Бұл – әлемдегі миллиондаған еңбек адамына әсер ететін шешімдерге ықпал етудің нақты тетігі», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Сондай-ақ ҚРКФ төрағасы Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі мен Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы аясындағы өңірлік ынтымақтастықты дамытудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл интеграциялық құрылымдардың алаңдары Қазақстанның халықаралық кәсіподақтар қозғалысындағы беделін арттырып, елді ықпалды әріптес ретінде танытуға жол ашты.
Оның айтуынша, әлеуметтік әріптестік саласында да Федерация өзінің тең құқықты серіктес ретіндегі орнын нақтылап үлгерді.
«2024–2026 жылдарға арналған Бас келісімнің негізіне өзіміз әзірлеген жоба енді – бұл көпжылдық жүйелі жұмыстың жемісі. Есепті кезең ішінде Республикалық үшжақты комиссияның 9 отырысы өтіп, онда жалақыны индексациялау, ең төменгі жалақы көлемі, әлеуметтік төлемдер, еңбек дауларының алдын алу секілді негізгі мәселелер талқыланды. Өңірлерде кәсіподақтар формалды келісімерден нақты шешім қабылдауға ықпал ететін тетікке айналды – әкімдердің қатысуымен және бірлескен төрағалықпен 800-ден астам жиын өтті. 2024 жылы ұсынылған бастамалардың әр үшіншісі кәсіподақтардан шыққан – бұл күн тәртібін белсенді қалыптастырудың нақты көрінісі», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Бас кеңес ұсынған есепке сәйкес, ұжымдық шарттардың саны 40 пайызға артып, кәсіподақ ұйымдары бар мекемелердің 97 пайыздан астамын қамтыды. Оның ішінде шағын және орта бизнес нысандары да бар. Бұл – жұмыс берушілердің кәсіподақтарға деген сенімі арта түскенінің айғағы.
Жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту мен құқықтарын қорғау бағытындағы бірқатар нәтижелер бар. Ең төменгі жалақы екі есе өсті, оны есептеудің әділ әрі жаңа тәсілі енгізілді. Еңбек даулары бойынша әділеттілікті қалпына келтіру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді — сотта 247 іс жұмысшылардың пайдасына шешіліп, 3,7 миллиард теңге көлеміндегі еңбекақы берешегі қайтарылды.
«Ең маңызды сұрақ — кәсіподақтар еңбек адамының өмірін жақсарту үшін нақты не істейді? Біз үшін жеңіс жай статистика емес, әрбір еңбек адамының өмірі», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Кәсіподақ жұмысының басым бағыттарының бірі — еңбек дауларының алдын алу.
«Біз бұл саладағы жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерттік – реактивті әрекеттен – жүйелі алдын алуға көштік. Күн сайынғы ахуалды бақылау жүйесін енгіздік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып, еңбек сын тәуекелдері картасын жасадық. 1600-ден астам еңбек консультациялары өткізілді, 40 мыңнан аса адам оқудан өтті. «30 Еңбек елшісі» жобасы – дәстүрлі тәсілдер нәтиже бермейтін жағдайларда ортақ шешім табуға көмектесіп жүр. Ең бастысы, кәсіподақтар қатысқан істердің 97%-ында жұмысшылардың талаптары қабылданды», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Сонымен қатар Сатыбалды Дәулеталин Федерацияның стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде еңбек қауіпсіздігін атады.
«Кәсіподақ бар кәсіпорындарда әлеуметтік әріптестіктің бірлескен күш-жігерінің арқасында өндірістегі жарақат алу деңгейі екі есеге төмендеді», – деп атап өтті Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Федерацияның осы күнге дейінгі маңызды жетістіктерінің қатарында зиянды өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлерге арнайы төлемдердің енгізілуі, 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек пен Өнеркәсіптік қауіпсіздік тұжырымдамаларының қабылдануы, еңбек медицинасын дамыту және шахталардағы қауіпсіздікке қатысты Халықаралық еңбек ұйымының №176 Конвенциясын ратификациялау мәселесін ілгерілету бар.
«Бұл — еңбек тек өнімді ғана емес, қауіпсіз де болуы тиіс деген көзқарасқа негізделген қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың бастауы», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Съезд аясында қоғамда көбіне назардан тыс қалып қоятын әлеуметтік топтар — әйелдер мен жастардың мүдделеріне ерекше көңіл бөлінді.
Жастар саясаты туралы сөз қозғаған Федерация төрағасы «Келешек» жастар қозғалысы аясындағы жас мамандарды тартуға бағытталған жобалардың маңыздылығын атап өтті.
«Жастар – біздің болашағымыз» деген сөз жиі айтылады. Бірақ шын мәнінде, жастар – болашақтың емес, бүгіннің тынысы. Бүгінгі күннің болмысы. Керек десеңіз қазірдің өзегі. Біз саналы түрде жастарға біздің саясатымыздың төрінен орын бердік. Өйткені бүгінгі кәсіподақтың жаңа қуатын, жаңарған серпінін арқалап жүрген – дәл осы жастар», – деп баяндады Сатыбалды Дәулеталин.
Сонымен бірге, оның айтуынша, гендерлік саясат та қарқынды дамып келеді. Бүгінде Федерация құрамындағы мүшелердің 55 пайызы — әйелдер, ал бастауыш кәсіподақ ұйымдарының 60 пайыздан астамын әйелдер басқарады.
Халықаралық еңбек ұйымының №190 Конвенциясын — жұмыс орнындағы зорлық-зомбылық пен қудалауға қарсы күрес туралы құжатты — ратификациялау ілгерілеп келеді. Сонымен қатар, әйелдерге арналған тыйым салынған кәсіптер тізімі де жойылды.
Сөз соңында ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясының мүшелік ұйымдарына, әлеуметтік әріптестерге және жалпы қоғамға ортақ еңбектері мен қолдауы үшін алғысын білдіріп, кәсіподақтардың еңбек адамдарының сүйенішіне және қоғамдағы әлеуметтік өзгерістердің қозғаушы күшіне айналып отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар, ол халықаралық институттардың қолдауының маңыздылығын айтып, сөзді халықаралық әріптестерге берді.
Халықаралық еңбек ұйымының АКТРАВ директоры Мария Хелена Андре өз сөзін жылы лебізбен бастады. Ол ХЕҰ мен АКТРАВ-тың соңғы жылдары Қазақстандағы елеулі реформалардың куәсі әрі сол реформаларды іске асыруда ҚРКФ-ның сенімді серіктесі болғанын атап өтті.
Мария Хелена Андре Федерацияның халықаралық деңгейде мойындалған бірқатар жетістіктерін атап өтті:
«Халықаралық еңбек ұйымы Федерацияның Ұлттық үшжақты комиссияға белсенді қатысуын құптайды. Бұл – әлеуметтік тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз ететін маңызды тетік. 2023 жылдың шілдесінде күшіне енген жаңа Әлеуметтік кодекс аясында сіздердің жұмыстарыңыз икемді жұмыспен қамту мен платформалық экономиканың жаңа түрлерін тануға мүмкіндік берді. Бұл — бұған дейін еңбек құқықтарынан тыс қалып қойған мыңдаған жұмысшыны қорғау деген сөз. Федерация Әйелдер форумын өткізді, жұмыс орнындағы кемсітушілікке қарсы науқан бастады. Мұның бәрі — жоғары бағаға лайық бастамалар. Бұл тұрғыда Халықаралық еңбек ұйымы — сіздердің сенімді серіктестеріңіз. ҚРКФ -ның аймақтық және халықаралық ынтымақтастықтағы жетістіктері — сіздердің жаһандық кәсіподақ қозғалысына қосқан нақты үлестеріңіз», – деді ХЕҰ/АКТРАВ директоры.
Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас хатшысы Люк Триангл өз құттықтау сөзінде Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығымен ҚРКФ-ын құттықтап, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының жаһандық кәсіподақ қозғалысына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
«Кәсіподақтардың күресі – бұл тек жалақы мен еңбек жағдайы үшін ғана емес. Бұл – демократия, әділеттілік пен ешкім ескерусіз қалмайтын болашақ үшін күрес. Бүгінде Қазақстан бүкіләлемдік кәсіподақтар отбасының бір мүшесі», – деп түйіндеді Люк Триангл.
Съезд қатысушыларына арнаған сөзінде Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бүкілеуропалық өңірлік кеңесінің президенті, Молдова Ұлттық кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Игорь Зубку шақырту үшін алғысын білдіріп, съезд жұмысының маңыздылығына тоқталды.
«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Съезіне қатысу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – бір жағынан құрмет болса, екінші жағынан ҚРКФ-ның бүгінгі таңда заманауи, демократиялық және беделді ұйым екенінің дәлелі. Бүгінде кәсіподақ – жұмысшылардың мүддесін ұлттық және халықаралық деңгейде тиімді түрде қорғап, олардың атынан сөз сөйлей алатын сенімді өкіл. Біз Молдова мен Қазақстан кәсіподақтары арасындағы ынтымақтастыққа жоғары баға бере аламыз. Бұл қарым-қатынас өзара құрметке, ынтымақ пен еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған ортақ ұмтылысқа негізделген», – деді Игорь Зубку.
Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Кудратилла Рафиков Қазақстан мен Өзбекстанның ұлттық кәсіподақ орталықтарының қарым-қатынасын бауырлас байланыс деп атады.
«Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы бүгінде ашықтықты, даму динамикасын және диалогқа бағытталған ұстанымды көрсетіп отыр. Біз Орталық Азия өңірінде ортақ мақсат пен мәдени тамырларға негізделген кәсіподақ ынтымақтастығының берік негізі қаланғанын мақтаныш етеміз», – деді Өзбекстан кәсіподағының көшбасшысы.
Сондай-ақ Кудратилла Рафиков Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі мен Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының құрылуын кәсіподақ ынтымақтастығын нығайтудағы жаңа кезең ретінде бағалады.
«Бұл ұйымдар – тегіміз, рухымыз бен құндылықтарымыз ортақ екенін көрсетеді. Олардың шындыққа айналуы – Сатыбалды Дәулеталин сынды көшбасшылардың еңбегі. Алдағы уақытта да бізді ортақ жеңістер күтеді деп сенемін», – деді ол.
Грузия Кәсіподақтар конфедерациясының президенті Ираклий Петриашвили өз сөзінде ҚРКФ ішіндегі демократиялық үрдістерге ерекше назар аударды.
«Бүгін мұнда өз көшбасшысын өзі таңдайтын делегаттар жиналды. Бұл — кәсіподақ қозғалысының кемелденгенін көрсететін айқын белгі. Көшбасшыны еңбек адамдарының өзі дауыс беріп сайласа — нағыз жетістік сол», – деп атап өтті Грузия Кәсіподақтар конфедерациясының президенті Ираклий Петриашвили.
Съезд жұмысы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің есебіндегі негізгі бағыттарды талқылаумен жалғасты. Пікірталасқа қатысушылар Федерация жұмысының тиімділігін ресми түрде мойындауды ұсынды.
«Қорғау» көмір өндірушілер салалық кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев, Қарағанды облысындағы көмір саласы қызметкерлерінің атынан сөйлеп, Федерацияның заңнамалық саладағы жетістіктеріне тоқталды.
«Кәсіподақтар федерациясы 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек және Өнеркәсіптік қауіпсіздік тұжырымдамасын әзірлеу мен қабылдау процесіне белсенді қатысты. Бірлескен күш-жігердің арқасында кеншілерге зейнетке шығу бастамасы ілгеріледі — зиянды еңбек жағдайындағы жұмысшыларға 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлем енгізілді. Сонымен қатар, Еңбек гигиенасы мен кәсіби аурулардың ұлттық орталығының Денсаулық сақтау министрлігі құрамындағы мәртебесі қайта қалпына келтірілді. Бұл еңбек ауруларының алдын алу жүйесін айтарлықтай күшейтті», – деді ол.
Жамбыл облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы ұйымының төрағасы Ерлан Мағзымбеков кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету ісінің маңызын атап өтті.
«Кәсіподақтардың заң қызметі еңбеккерлердің құқықтарын қорғауда шешуші рөл атқарады. 2024 жылдың өзінде ғана 9 мыңнан астам құқықтық қызмет көрсетілді, кәсіподақ мүшелеріне 380 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. 2015 жылдан бері заңгерлік жұмыстың жалпы экономикалық тиімділігі 3 миллиард теңгеден асты», – деді ол.
Съезд делегаты, Абай облысындағы орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі қызметкерлері салалық кәсіподағы филиалының төрайымы Гүлсара Баймағамбетова 2023 жылы орын алған қайғылы жағдай — «Семей орманы» резервіндегі өртке тоқталды. Апат салдарынан орман инспекциясының бірнеше қызметкері қаза тапқан еді.
«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Телағысұлы Дәулеталин зардап шеккен отбасыларға өзі барып, моральдық және материалдық қолдау көрсетті. Сондай-ақ, ұжыммен кездесіп, олардың еңбекақының аздығына қатысты шағымдарын тыңдады. Бұл мәселенің Үкімет деңгейіне көтерілуіне және еңбекақыны 100 пайызға дейін көтеруге жол ашты», – деп еске салды ол.
Съезд күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелердің бірі — Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасын сайлау болды.
Ашық дауыс беру нәтижесінде делегаттар бірауыздан Сатыбалды Дәулеталинді тағы бір мерзімге сайлап, еліміздегі ең ірі кәсіподақ ұйымына деген жоғары сенімін білдірді.
Съезд жұмысының қорытындысы бойынша делегаттар Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының 2030 жылға дейінгі қызмет стратегиясын – «Өзгерістер дәуіріндегі әділетті еңбек: қорғау, даму, инновациялар» атты құжатты қабылдап, кәсіподақ қозғалысын дамытудың басым бағыттарын айқындаған қорытынды Қарарды бекітті. Құжатта Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған реформаларға қолдау білдірілді.
«Кәсіптік одақтар – қазақстандық қоғамның ажырамас бөлігі, олардың қызметінің негізгі қағидаттары – әрқашан және әрдайым еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады. Еңбек адамы – қоғамымыздың басты құндылығы.
Біз Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді түбегейлі жаңғыртуға, саяси реформалар мен әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге бағытталған стратегиялық бағытын қолдаймыз», – делінген Қаулыда.
Құжатта «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруда кәсіподақтардың билік пен қоғам арасындағы тұрақты өзара әрекеттестікті ілгерілетуге, ашықтық қағидаттарын және «кері байланыс» арналарының дамуына қосып жатқан үлесі ерекше атап өтілген.
Съезд делегаттары Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялау бастамасын зор ықыласпен қолдады. Бұл шешім – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге, еңбекқорлық пен кәсібилік идеясын ілгерілетуге, еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Сондай-ақ кәсіподақтар «Таза Қазақстан» стратегиясының құндылықтарын қолдайтыны, оны әртүрлі салаларда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған идеяларын бірізді түрде іске асыруға дайын екенін білдірді.
Съезд делегаттары Президент жария еткен әлеуметтік бастамалар азаматтардың өмір сапасын арттырып, адами капиталды дамытуға жол ашатынына сенім білдірді. Қатысушылар Қазақстан мемлекетінің еңбек саласында лайықты еңбек қағидаттарын енгізіп, ұлттық заңнаманы жетілдіру арқылы халықаралық стандарттарға сай болуға ұмтылып келе жатқаны ерекше аталды.
Съездің басты үндеуі – «Өзгерістер дәуіріндегі әділ еңбек: қорғау, даму, инновациялар» Мемлекет басшысының әділеттілікті қамтамасыз ету және «Әділетті Қазақстан» қағидатын іске асыру туралы негізгі тұжырымымен үндес екені айтылды.
Сонымен қатар әлеуметтік-еңбек қатынастарында «Заң мен тәртіп» қағидасын сақтау, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүзеге асыруда барлық тараптардың өзара диалогы мен әріптестігін арттыру қажеттігі де атап өтілді.
XXVII Съездің Қарары қабылдануы – жұмысшылардың мүддесін қорғауға және олардың лайықты еңбек етуі мен өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған кәсіподақ қозғалысының жаңа кезеңінің басталғанын білдіреді.
Съезд аясында жаңартылған Бас кеңесінің алғашқы отырысы өтті.
Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы