24 шілде, бейсенбі күні ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қосшы қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді. Іссапар қала әкімі Азамат Қапышевтың шақыруымен жүзеге асырылды. Қалалық әкімдікте өткен кездесуде ҚРКФ төрағасына Қосшы қаласын дамытудың бас жоспары таныстырылды.
Қосшы – Ақмола облысындағы облыстық маңызы бар қала, Қазақстан астанасы Астана қаласына жақын орналасқан. Әкім Азамат Қапышевтың айтуынша, қала мәртебесін алған сәттен бастап Қосшыда жүйелі және инфрақұрылымдық өзгерістер байқалуда.
«Қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы халық санының қарқынды өсуімен сипатталады. Бұл – Астанаға жақын орналасуымыздың және инфрақұрылым мен өнеркәсіпті дамытуға бағытталған нақты жоспарларымыздың нәтижесі. 2030 жылға қарай қала халқының саны 107 мыңға, ал 2038 жылға дейін 150 мыңға жетеді деп болжануда. Соңғы төрт жыл ішінде негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 127 миллиард теңгеден асып, құрылыс жұмыстарының жалпы құны 65 миллиард теңгені құрады. 2024 жылы алғаш рет 180 отбасы баспаналы болды, ал биыл тағы 180 азаматқа пәтер кілті табысталады. Астана агломерациясын дамытудың кешенді жоспары аясында 2025–2028 жылдар аралығында Қосшыда жалпы құны 80 миллиард теңгеден асатын 26 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Олардың қатарында көпсалалы аурухана, Мәдениет үйі, мектептер, балабақшалар, сондай-ақ су, газ, жылу және электр желілері секілді маңызды инфрақұрылым нысандары бар. Мұның барлығы – жаңа жұмыс орындары, жаңа мүмкіндіктер. Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу саласында мол тәжірибеге ие. Сондықтан да сіздердің кеңесшілік көмектеріңіз біз үшін аса маңызды, – деді қала әкімі.
ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қосшы әкімдігі мен қала кәсіпорындарына әлеуметтік әріптестікті дамытуда Кәсіподақтар федерациясы тарапынан қолдау көрсетілетінін атап өтті.
«Қала дамуының бас жоспарына сәйкес, негізгі бағыттар – өндірістік аймақтар құру, көлік-логистика кешендерін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және сауда-сервис орталықтарын салу. Бұл жобаларды іске асыратын – адамдар. Бас жоспар материалдарына сәйкес, жұмыспен қамтылу деңгейі 95,8%-ды құрайды, ал жұмыссыздар саны еңбекке жарамды халық құрылымының 4,2%-ынан аспайды. Қаланың өнеркәсіптік, агроөнеркәсіптік және сервистік секторларындағы даму қарқыны сақталса, жұмыссыздық 3,0%-ға дейін төмендейді, жалдамалы еңбек үлесі артады деп күтілуде. Жаңа кәсіпорындар ашылғанда, ең алдымен, жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау шараларын ойластыру қажет. Кәсіподақтар федерациясының білікті мамандары Қосшыдағы еңбек ұжымдарында әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуге қажетті барлық көмекті көрсететін болады», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Жұмыс сапары аясында ҚРКФ төрағасы қала әкімімен бірге Қосшы қаласындағы жаңа Мәдени-спорттық қоғамдық орталықтың жұмысымен танысты. Бұл – спорттық, білім беру және мәдени-ойын-сауық аймақтарын біріктіретін заманауи форматтағы кешен. Орталықта 233 орындық кинотеатр, 300 адамға арналған концерт залы, көрме және конференц-залдар, студиялар бар. Аумағында спорт алаңдары, воркаут-аймақтар және серуен аллеясы орналасқан. Балалар үшін робототехника, шахмат, хореография және қолданбалы өнер үйірмелері жұмыс істейді. Ересектерге арналған жайлы жұмыс, демалыс және қарым-қатынас алаңдары қарастырылған.
Кешенде кітап қоры 25 мың данадан тұратын Қалалық орталықтандырылған кітапхана орналасқан. Аталған кітапханаға ай сайын шамамен 2500 оқырман келіп, тұрақты түрде пайдаланады.
Сондай-ақ, кешенде Жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Мұнда жастардың идеяларын жүзеге асыруға арналған екі коворкинг-аймақ бар. Орталық 14–35 жас аралығындағы жастармен жұмыс жүргізеді, олардың әлеуетін ашуға ықпал етіп, қолдау көрсетеді, бейресми білім, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек ұсынады. Орталықтың басты басымдықтарының бірі – жастардың жан-жақты дамуын қолдау, атап айтқанда: жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, кәсіпкерлікке баулу, өмірлік дағдыларды дамыту, тегін психологиялық және құқықтық кеңес беру. 2022 және 2023 жылдары орталық облыстағы үздік жастар орталығы деп танылды. 2025 жылдың екінші тоқсанында да үздіктер қатарынан көрінді.
Кешенде орналасқан Тілдерді оқыту орталығында жыл сайын шамамен 200 адам қазақ және ағылшын тілдерін тегін оқиды.
Орталықта табиғи материалдармен жұмыс істейтін халық шебері Карим Бектас та өз туындыларын ұсынып, ҚРКФ төрағасымен жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамыту жолындағы көзқарасымен бөлісті.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жастар саясатын дамыту мәселелерін талқылай отырып, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы мен Қосшы қаласының әкімі Мәдени-спорттық қоғамдық орталық базасында қала жастарының қатысуымен бірлескен іс-шаралар өткізуге уағдаласты. ҚРКФ Қосшыдан шыққан жұмысшылардың «Үздік маман» кәсіби байқауларына қатысуына да қолдау көрсететін болады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы