Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінде үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтіп, оның жұмысына өңірге іссапармен келген Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев қатысты. Бірлестік төрағасы Әлібек Семғалиев кеңес мүшелерін Кәсіподақтар федерациясының кезекті ХХVІІ съезінің қорытындыларымен және 2025-2030 жылдарға арналған федерацияның Стратегиясы мен Мемлекет басшысының реформаларын қолдау туралы саяси қарарынан туындайтын алдағы міндеттер жөнінде хабарлама жасады.
Ол биылғы күзде аталып өтілгелі отырған тағы бір үлкен тарихи мереке – Қазақстан Кәсіподақтарының құрылғанына 120 жыл толуына орай салалық кәсіптік одақтар шара жасақтап, кәсіпорындар мен компанияларда, мекемелер мен ұйымдарда әртүрлі мәдени-спорттық жарыстар мен байқаулар, конкурстар, кәсіподақ ардагерлерімен, еңбек династияларымен кездесулер ұйымдастыруды, әлеуметтік әлсіз отбасыларына қайырымдылық көмек көрсетуді де ойластырудың маңыздылығына тоқталды.
Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев әріптестерімен еркін пікір алмасу форматында өткен басқосуда кәсіптік одақтар – қазақстандық қоғамның ажырамас бөлігі, басты міндет еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау екендігіне тоқтала келіп, еңбек адамының қадір-қасиетін, қауіпсіздігін, әділ еңбекақы мен тұрақты өмір сүру құқығын қорғау бүгінгі кәсіподақтардың басты мақсаты болуға тиістігін тілге тиек етті.
Үйлестіру кеңесінің мүшелері – бірлестік төрағасының орынбасары Еділ Ұзақбай, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының төрағасы Майра Кашкенова, «Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіптік одағы» ҚБ облыстық филиалының төрағасы Жұмазия Есімова, мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Гүлнәр Шайхашева, «Келешек» жастар кеңесінің жетекшісі Серік Қадыровтар сөйлеп, өздерінің ойларын ортаға салып, құнды пікірлерімен бөлісті.
Салалық кәсіподақтар жетекшілеріне Қазақстан кәсіподағының 120 жылдығына орай ұйымдастырылатын түрлі шараларды БАҚ-тар мен әлеуметтік желілер арқылы кеңінен таратудың маңыздылығы да қаперге берілді.