Еңбекшілер жолымен: ҚРКФ төрағасы металлургияның жүрегі – Павлодар алюминий зауытына барды

Жұма күні, 25 шілдеде, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды. Ол бірқатар кәсіпорындардың еңбек ұжымдарының қызметімен танысып, еңбекші жастармен пікірлесті және металлургтердің еңбегін ҚРКФ марапаттарымен атап өтті.ҚРКФ төрағасы өңірге сапарын жиналыс залынан емес, елдің ірі қала құраушы кәсіпорындарының бірі – «Қазақстан Алюминийі» АҚ-ның қарапайым жұмысшылардың жолымен бастады. Сатыбалды Дәулеталин жұмысшылармен бірге трамвай вагонында отырып, Павлодардың тұрғын аудандарынан өндірістік аймаққа дейінгі жолды жүріп өтті.

Сапар барысында ол аймақтағы ең көне әрі әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін кәсіпорындардың бірі – «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» акционерлік қоғамының жұмысымен танысты.

Кәсіпорынның қозғалыс қызметі бөлімінің басшысы Сәуле Жовба трамвай паркінің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен даму жолы туралы айтып берді.

«Қазіргі таңда күн сайын желіге 80-ге жуық трамвай шығады. Алюминий зауытына баратын желі 1965 жылы салынған – ол бүкіл қалалық көлік жүйесінің негізіне айналды. Сол уақытта бізде небәрі 11 трамвай болса, бүгінде парк 110 жылжымалы құраммен толыққан. Біз Беларусьта жасалған заманауи, жайлы әрі сенімді 802 үлгісіндегі трамвайларды пайдаланамыз. Тек зауыт бағытының өзімен күніне шамамен 1400 жолаушы тасымалданады. Қазіргі таңда дәстүрлі кондукторлық жүйеден бас тартып, электронды төлем жүйесін енгіздік. Төлем банктік қосымшалар, көлік карталары және арнайы мобильді қосымшалар арқылы жүргізіледі», — деді Сәуле Жовба.

Оның айтуынша, трамвай жүргізушілерін оқытып, біліктілігін арттыру жүйесі – кәсіпорынның мақтанышына айналған.

«Біз мамандарды өзіміз дайындаймыз. Кәсіпорында арнайы оқу сыныбы және аймақтағы жалғыз трамвай жүргізушілерін оқытатын мектеп жұмыс істейді. Жаңа қызметкер үшінші санаттан бастап, тәжірибе мен аттестациялардан өтіп, екінші, одан кейін бірінші санатқа дейін көтеріле алады. Бірінші санат иелері базалық жалақысына қосымша 25 пайыз үстемақы алады. Қазір трамвай жүргізіп жүрген қызметкерлеріміз – ондаған жыл апатсыз еңбек еткен тәжірибелі мамандар. Біз осындай мамандарымызбен мақтанамыз», — деп толықтырды Сауле Жовба.

«Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Аида Жаналиева кәсіподақтың қызметі туралы айтып берді.

«Біздің кәсіподақ ұйымы кәсіпорынмен бірге құрылды. Бүгінде ұйым құрамында 542 қызметкер бар, яғни кәсіпорын қызметкерлерінің 100 пайызы кәсіподақ мүшесі. Зауытта ұжымдық шарт жұмыс істейді, ол кәсіподақтың қатысуымен үнемі жаңартылып, толықтырылып отырады. Татуласу комиссиясы, өндірістік кеңес, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік қорғау жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді. Жалақы, демалыс, сыйақы мәселелері кәсіподақтың қатысуымен реттеледі. Біз жүйелі түрде жұмыс істейміз – зияндылық үшін, еңбек өтілі мен кәсібилік үшін үстемақылар, қосымша міндеттер атқарғаны үшін қосымша ақы қарастырылған. Мысалы, жүргізушілер қосымша төлемдерді есептемегенде орта есеппен 350 мың теңге жалақы алады. Бастауыш кәсіподақ ұйымында жастармен және әйелдермен жұмыс жөніндегі комиссиялар құрылған, еңбек өтіліне байланысты марапаттау жүйесі бар. Кәсіпорында 20 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан 60-тан астам еңбек ардагері жұмыс істейді. Еңбек әулеттерінің жалғасуы – біздің ерекше мақтанышымыз әрі құндылығымыз», – деді Аида Жаналиева.

Ал Павлодар облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және көлік қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Нелли Каримова кәсіпорынның әлеуметтік бағыттағы саясатының дамуына басшылықтың қосқан үлесі туралы айтты.

«Бұл – үлкен тарихы бар мекеме. Оның негізін қалаушы – бұл ұйымға ұзақ жыл басшылық еткен Жафар Жафарұлы Махмұдов. Оның бастамасымен тек өндірістік нысандар ғана емес, сонымен бірге балабақша, спорт залы, пионер лагері мен медпункт салынды. Қазір оның ісін ұлы Мүсілім Жафарұлы жалғастырып келеді. Ол қарапайым жұмысшыдан басшыға дейінгі жолдан өтіп, ұжым арасында үлкен беделге ие. Осындай басшылық – тұрақтылықтың және еңбек адамына деген құрметтің кепілі»,  – деді ол.

«Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ ұжымына қарата сөйлеген сөзінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қалалық электр көлігі қызметкерлерінің күнделікті әрі аса маңызды еңбегіне терең құрмет білдірді.

Ол трамвай жүргізушісі болу үлкен жауапкершілікті, шыдамдылық пен зейінді қажет ететін мамандық екенін баса айтты.

«Кейде трамвай – қала көрінісінің бір бөлшегі сияқты ғана көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде, оның әр қозғалысының артында үлкен еңбек, тәртіп, кәсібилік, қаншама ерте тұрған таңдар мен құрбан болған мерекелер тұрғанын түсінеміз. Мұнда нағыз өз ісіне адал мамандар жұмыс істейді. Сондықтан біз, кәсіподақтар, осы еңбекті қорғап, оны құрметті, қауіпсіз және лайықты етуге міндеттіміз», — деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Әлеуметтік әріптестік пен кәсіподақ жауапкершілігі туралы сөз қозғаған Сатыбалды Дәулеталин еңбек пен құрмет арасындағы берік байланысты ерекше атап өтті.

«Мен мұнда нақты әрекет жасайтын, қорғауды қамтамасыз ететін, келіссөздерге қатысатын, басшылықпен тұрақты диалог жүргізетін күшті, белсенді кәсіподақ ұйымын көргеніме шын жүректен қуаныштымын. Тұрақтылықтың негізі де осы. Еңбекті адал атқарып жүргендеріңіз үшін, шынайы әрі жауапкершілікті болғандарыңыз үшін алғыс айтамын. Кәсіподақ сіздер үшін әрқашан тірек те, қорған да бола бермек, осыны естен шығармаңыздар»,  – деп толықтырды сөзін Сатыбалды Дәулеталин.

Осы әңгіме барысында трамвай бағытымен бірнеше шақырым жол артта қалып, делегация өңірдегі ең ірі өндіріс ошағы — Павлодар алюминий зауытына жетті. Мұнда ҚРКФ төрағасы зауыт ұжымымен кездесіп, еңбек жағдайымен, кәсіподақ ұйымының жұмысы және 2025–2030 жылдарға арналған жаңа стратегия — «Өзгерістер дәуіріндегі әділетті еңбек: қорғау, даму, инновациялар» аясында алдағы ынтымақтастықтың бағыттарын талқылады.

1964 жылы Павлодар саз топырақ зауыты ретінде негізі қаланған бұл кәсіпорын — еліміздегі алюминий өндірісіне қажетті негізгі шикізат – саз топырақ шығаратын жалғыз мекеме. Ол «Қазақстан Алюминийі» АҚ құрамына кіреді және ұлттық өндіріс тізбегіндегі маңызды буын саналады.

Сала бойынша «QAZAQMETAL KÁSIPODAǴY» кәсіподағының Павлодар облысы бойынша төраға орынбасары Раушан Даумова металлургтер мәселесіне көңіл бөлгені үшін Федерация басшылығына алғысын білдірді.

«ҚРКФ стратегиясы – экономикалық өзгерістер жағдайында жұмысшылардың мүддесін қорғау үшін нақты құрал. Біз Федерацияның қолдауын сезінеміз, бұл әр ауысымға шығатын қызметкерге сенімділік береді», — деді ол.

Зауыт директоры Айтуған Ахметов кәсіпорынға елдегі ең ірі қоғамдық ұйым басшысының келуі — маңызды оқиға екенін атап өтті.

«Біздің зауыт – өндірістік те, әлеуметтік те маңызы зор кәсіпорын. Жылына 1,4 миллион тонна саз топырақ өндіріледі. Электр энергиясы Павлодардың 1-ЖЭО-нан келеді, ал дайын өнім ішкі және сыртқы нарыққа жөнелтіледі. Қазір бізде 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді — технологтар, механиктер, энергетиктер, инженерлер, операторлар – барлығы бір мақсат жолында еңбек ететін мамандар. Кәсіподақтың қолдауы – біздің тұрақты жұмысымыздың маңызды кепілі. Біз кәсіподақты тек еңбек қатынастары саласында ғана емес, әрбір қызметкер үшін қауіпсіз, тұрақты және жайлы орта қалыптастырудағы сенімді серіктес ретінде көреміз», — деді зауыт директоры.

Кәсіпорындағы кәсіподақ ұйымының жұмысы туралы  ұйым төрағасы Виталий Голубенко айтып берді. Ол қызметкерлердің кәсіподақ жұмысына жоғары деңгейде тартылғанын атап өтті.

«5216 қызметкердің 4820-сы кәсіподақ мүшесі. Бұл — ұжымның 92 пайызынан астамы. Біз кәсіподақ ұйымының белсенді әрі нәтижелі жұмыс істеп жатқанын мақтан тұтамыз. Қазір кәсіподақ белсенділері қатарында 20 адам бар, сонымен қатар Ардагерлер кеңесі де жұмыс істейді. Біз қолдауды тек қазіргі қызметкерлерге ғана емес, зауытқа өмірін арнаған зейнеткерлерге де көрсетеміз», — деді Виталий Голубенко.

Ол 2025–2030 жылдарға арналған ұжымдық шарттың орындалу барысына жеке тоқталды. Құжатта әлеуметтік кепілдіктердің кең ауқымы қарастырылған: қосымша демалыс, уақытша еңбекке жарамсыздық үшін төлем, көпбалалы отбасылар мен ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға материалдық көмек, жазатайым жағдайлар кезінде өтемақы, қызметкерлер мен олардың балаларына арналған сауықтыру шаралары, кәсіби байқаулардағы марапаттар және зейнеткерлерге қолдау шаралары.

«Біздің кәсіподақтың басты міндеті — еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қоғамдық бақылауды 21 техникалық инспектор жүргізеді. Барлық ескертулер өндірістік кеңес отырысында қаралады. Еңбек қауіпсіздігі бөлімімен бірлесе отырып, жұмыс орындарын тұрақты аралап, кәсіби шеберлік байқауларын өткізіп тұрамыз. Бұл бір реттік шара емес, жүйелі жұмыс», — деді ол.

Зауыт ұжымын тыңдағаннан кейін ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіпорында әлеуметтік әріптестіктің жақсы дамығанын атап өтті. Ол еңбек қауіпсіздігі, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы және елдегі кәсіподақ қозғалысының дамуы сияқты маңызды мәселелерге назар аударды.

«Барша зауыт қызметкерлері мен басшылығына қажырлы еңбегі үшін алғыс айтамын. Ең бастысы — бізді біріктіретін ынтымақ пен бірлік ешқашан сарқылмасын. Бұрын зауыт десе, ескі техника, ауыр цехтар, кеңестік заман еске түсетін. Бірақ қазір бәрі өзгеріп келеді. Павлодар алюминий зауыты — соның жарқын мысалы. Мұнда еңбек жағдайы жақсарып, инфрақұрылым жаңарып, өндірістік орта сапасы артқан. Бұл — қызметкерлердің ынтасын көтеріп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Себебі металлургтер жоғары тәуекел жағдайында жұмыс істейді — шу, діріл, шаң, жоғары температура мен ауыр физикалық еңбек. Еліміздегі кәсіби аурулардың 60 пайызы тау-кен металлургия саласына тиесілі, — деді ол.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, еңбек қауіпсіздігі саласындағы ең үлкен қиындық – өндірістегі жарақаттардың жоғары деңгейі.

«Ресми мәліметтер шынайы жағдайды толық көрсетпейді. Жеңіл жарақаттардың 40 пайызы тіркелмей қалады. Біз сіздердің кәсіпорында бұл мәселе шешілгеніне сенеміз және барлық жарақаттар дер кезінде тіркеліп, тексеріледі деп үміттенеміз. Қазір жарақаттан кейін өтемақы төлеумен ғана шектеліп қалу жеткіліксіз. Ең бастысы – алдын алу, себептерін анықтау және нақты шаралар қабылдау. Өкінішке қарай, өндірістегі жазатайым оқиғаларды тексеру кезінде олардың 50 пайызының негізгі себептері анықталмайды. Бұл осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу шараларын дер кезінде қабылдауға кедергі келтіреді. Тағы бір өкінішті жайт — қайғылы жағдайлардың, яғни адам өлімімен аяқталған оқиғалардың саны азаймай отыр. Жыл сайын шамамен 200 адам жұмыс барысында қаза табады. Бұл — бәріміздің ортақ қайғымыз және жауапкершілігіміз. Мұндай қасіретті жағдайлардың қайталануына жол беруге болмайды», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Сондай-ақ ол еңбек қауіпсіздігін бақылауға жауапты мемлекеттік инспекторлардың жетіспеушілігіне тоқталды.

«Қазір Қазақстанда бір инспектор 23 мың жұмысшыға қызмет көрсетеді. Ал халықаралық стандарт бойынша – бір инспектор 10 мың адамға болуы керек. Сондықтан біз қоғамдық инспекторлардың өкілеттігін кеңейтіп, қоғамдық бақылауды күшейтуге тырысып жатырмыз», — деді ол.

Кәсіподақ басшысы еңбек мәдениетінің төмендігін де үлкен мәселе ретінде атап өтті.

«Өкінішке қарай, көптеген қызметкер қауіпсіздік ережелеріне мән бермейді, заңбұзушылықтар жайлы дер кезінде хабарламайды. Мұндай жағдайда ешқандай шара нәтиже бермейді. Әсіресе, жастар мен әйелдер арасында жарақат алу жиілеп барады. 2019 жылы 30 жасқа дейінгі жұмысшылардың үлесі 28%-ды құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 36,2%-ға дейін өсті. Өкінішке қарай, жастар арасындағы өндірістік жарақаттану деңгейі де артып келеді. Әйелдер де кәсіби ауруларға жиі шалдығуда. Бұл бізден қосымша назар аударуды және арнайы алдын алу бағдарламаларын енгізуді талап етеді», – деп есептейді ҚРКФ төрағасы.

Осыған байланысты ол еңбек қауіпсіздігін қаржыландыруды арттыру, өндірістік кеңестердің жұмысын жандандыру және оларды барлық кәсіпорындарда міндетті түрде құру, еңбек қауіпсіздігі бойынша кәсіби оқыту және мамандар даярлау жүйесін дамыту, сондай-ақ кәсіподақтардың делдал әрі жұмыскерлер мүддесін қорғаушы ретіндегі рөлін күшейту секілді маңызды міндеттерді атап өтті.

Кәсіподақтың негізгі бағдарлары туралы айта келе, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ҚРКФ-ның 2025–2030 жылдарға арналған Стратегиясына тоқталды. Ол қабылданған Стратегияны әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге, еңбеккерлерді қорғауға және инновацияларды енгізуге бағытталған кешенді құжат екенін атап өтті.

«Кәсіподақ – демократияның, ортақ шешім қабылдаудың және еңбек адамына деген құрметтің үлгісі. Енді біз тек мәселе туындағанда әрекет етпей, оның алдын алуға баса мән береміз. Біз еңбек қауіпсіздігін жақсарту үшін нақты ұсыныстар енгізіп жатырмыз. Мысалы, кәсіби ауруларды тіркеудің ұлттық электронды базасын құру, өндірістік қауіпсіздік рейтингін енгізу, еңбек қауіпсіздігін бұзатын кәсіпорындардың жауапкершілігін арттыру, жас мамандарға арналған «Жас профпатолог» грантын енгізу және медицина университеттерінде кәсіби аурулар бойынша арнайы модуль енгізу», — деп түйіндеді Сатыбалды Дәулеталин.

Кездесу барысында кәсіпорынның жастар қозғалысының жетекшісі жас кәсіподақ белсенділерін қолдау бағдарламалары туралы сұрақ көтерді.

Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясы жастар бастамаларын республикалық та, халықаралық та деңгейде алға жылжытып жатқанын айтты.

«Жастар – бұл біздің болашағымыз ғана емес, бүгінгі күніміздің де қозғаушы күші. Жастарды кәсіподақ қозғалысын басқаруға тартпай, оның тұрақты дамуын қамтамасыз ете алмаймыз. Бүгінде кәсіподақ мүшелерінің шамамен 26 пайызы жастар. Біз бұл көрсеткішті 30 пайызға дейін жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Осы жолда маңызды қадам – жастар өздері бастамалар мен жобалар ұсынатын «30 Еңбек елшісі» жобасын жүзеге асыру болады», – деп атап өтті ҚРКФ Төрағасы.

Кәсіпорын қызметкерлерінің көп жылдық еңбегі мен кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан елеулі үлесі кәсіподақ марапаттарымен атап өтілді. Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының “Еңбек озаты” медалін жентектеу цехының диірмен машинисі әрі жабдықтардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі сарапшы Мұхамеджан Саудегеровке, басқару пультінің операторы Светлана Бережнаяға, гидрометаллургиялық цехтың сорғы қондырғыларының машинисі Мадина Марденоваға, жентектеу цехының агломератшысы Сергей Чернышқа және ЖЭО-ның жалпы станциялық жабдықтарды жөндеу учаскесінің басшысы Нұрболат Қайыржановқа табыстады.

Марапаттарды табыстай отырып, Сатыбалды Дәулеталин әрбір еңбеккердің – кәсібіне адалдық пен жоғары кәсіби шеберліктің үлгісі екенін айтты.

Кәсіпорын қызметімен танысу барысында Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Павлодар алюминий зауытының негізгі өндірістік бөлімшелерін аралап, еңбек ұжымдарымен кездесті, өндірістік цехтар мен әлеуметтік нысандарды көрді.

Гидрометаллургия цехында Сатыбалды Дәулеталин жұмысшылармен кездесіп, өндірістегі өзекті мәселелер мен цифрлық технологияларды енгізу жайын талқылады.

«Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект еңбек жағдайларын айтарлықтай жақсартып, қауіпсіздікті арттырып, өндірістегі жарақат алу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Алайда жаңа жүйелерді енгізу барысында ең алдымен жұмысшылардың мүдделері ескеріліп, кәсіподақтардың міндетті түрде қатысуы қажет», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кездесу барысында зауыт қызметкерлері жұмыс орындарын сақтау бойынша кәсіподақтың бағдарламасы туралы сұрақ қойды.


Бұл сауалға жауап бере отырып, Сатыбалды Дәулеталин жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету – мемлекет, жұмыс беруші және кәсіподақтардың ортақ міндеті екенін атап өтті.

«Біз білікті кадрларды даярлауға және қызметкерлерді қайта оқытуға баса назар аударамыз. Бұл – адамдардың еңбек нарығында сұранысқа ие болып қалуын қамтамасыз етудің тиімді жолы», – деді ҚРКФ Төрағасы.

Сапар барысында ерекше назар аударылған нысандардың бірі – зауыттағы биіктікте қауіпсіз жұмыс істеу дағдыларын үйретуге арналған модульдік оқу-жаттығу полигоны болды.

«ERG сервис орталығы» ЖШС-нің Еңбекті қорғау және өрт қауіпсіздігі академиясының сарапшы-үйлестірушісі Нұрсұлтан Жапаров полигонның мүмкіндіктері туралы жан-жақты айтып берді.

Оның айтуынша, бұл оқу кешені – ТМД елдеріндегі ең заманауи алаңдардың бірі. Модульдік құрылым нақты өндірістік міндеттерге сәйкес икемделіп, оқытуды тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

Бұл – биіктікте жұмыс істеу жағдайларын барынша шынайы етіп модельдеуге болатын инновациялық платформа. Мұнда дәнекерлеу, құрастыру, құтқару және эвакуациялық жұмыстар бойынша тәжірибелік жаттығулар өткізіледі. Бұл өз кезегінде қызметкерлердің қауіпсіздігін арттыруға елеулі ықпал етеді.

Сондай-ақ, Сатыбалды Дәулеталин зауыттағы әлеуметтік дүкеннің жұмысымен танысты. Бұл дүкен зауыт қызметкерлеріне нарық бағасынан едәуір төмен бағада тауарлар ұсынады.

ҚРКФ төрағасы мұндай әлеуметтік жауапкершілік форматын еңбеккерлердің әл-ауқатын арттыру жолындағы маңызды қадам ретінде атап өтті. Ол леуметтік дүкен – бұл қызметкерлер мен олардың отбасыларына нақты қолдау көрсететін, кәсіпорынның әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі екенін баса айтты.

 

 

Зауыттың Құрмет тақтасы да ерекше назарда болды – бұл еңбек ұжымының жетістіктеріне деген құрметтің нышаны.

«Құрмет тақтасынан тек ардагер қызметкерлерді ғана емес, сонымен қатар зауытқа жаңа идеялар мен серпін әкеліп жатқан жас мамандарды көру ерекше қуантады. Бұл – ұжымдағы ұрпақ сабақтастығы мен тұрақты дамудың айғағы», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Алюминий зауытына сапар соңында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы зауыт басшылығы мен еңбек ұжымына ашық әрі мазмұнды кездесу үшін алғысын білдірді.

«Біздің басты мақсатымыз – әрбір жұмыскер үшін лайықты еңбек жағдайын, қауіпсіздік пен әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету. Мұндай нәтижеге тек жұмыс ұжымы мен жұмыс берушімен тығыз ынтымақтастық арқылы ғана қол жеткізе аламыз», – деп қорытындылады Сатыбалды Дәулеталин.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы