Жуырда Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының “Отырар аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінде еңбек қауіпсіздігіне арналған жоспарлы семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Іс-шараға «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев, мекеме директоры Ермек Ташов және кәсіподақ мүшелері қатысты.
Семинар-тренингтің негізгі мақсаты – жұмыс орындарында қауіпсіздік талаптарын сақтау, өндірістік жарақаттардың алдын алу және еңбек қатынастарында құқықтық сауаттылықты арттыру болды. Қатысушылар еңбек қауіпсіздігіне қатысты заңнамалармен танысып, тәжірибелік бөлімде нақты жағдайлар арқылы қауіпсіздік ережелерін пысықтады.
Семинар барысында сөз алған Айдар Бахтыбаев еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау – әлеуметтік әріптестік жүйесінің маңызды бөлігі екенін атап өтіп, “Қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету – тек жұмыс берушінің емес, қызметкерлер мен кәсіподақтардың да ортақ міндеті. Біз бұл бағытта жүйелі түрде жұмыстар жүргізіп келеміз,” – деді ол.
Іс-шараға бастамашы болған мекеме директоры Ермек Ташев семинардың маңыздылығын атап өтіп, еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесі мекемеде үнемі назарда ұсталып отырғанын жеткізді.
Семинар соңында қатысушыларға әдістемелік құралдар таратылып, ұсыныстар қабылданды. Алдағы уақытта бұл ұсыныстар еңбек қауіпсіздігін арттыруға бағытталған іс-шараларда ескерілмек.