Шымкентте өндірістік қауіпсіздік пен еңбек қатынастарына арналған семинар өтті

2025 жылғы 30 шілде күні Шымкент қаласында еңбек қатынастары мен өндірістік қауіпсіздік мәселелеріне арналған маңызды семинар-кеңес өтті. Аталған іс-шара Шымкент қалалық Кәсіподақтар орталығының ғимаратында өткізіліп, жұмыс берушілер мен кәсіподақ өкілдері арасында өзекті мәселелер бойынша ашық пікір алмасуға мүмкіндік берді.


Семинарды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша Департаменті ұйымдастырды. Жиынға Департамент басшысының орынбасары Серік Бахтыгерейұлы Алиманов, еңбек қауіпсіздігін бақылау және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Алжан Өмірбекұлы Мамадалиев, салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысты.


Басқосуда жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау, өндірістік тәуекелдерді басқару және кәсіби қауіптерді бағалау, жазатайым оқиғаларды тіркеу мен есепке алу тәртібі, еңбек инспекторларының бақылау-қадағалау функциялары, жалақы берешегі мәселесі және оны өндіріп алу жолдары, ұжымдық шарттар мен әлеуметтік әріптестікті дамыту, қауіп-қатер карталарын енгізу тәжірибесі, еңбек дауларының алдын алу сынды мәселелер жан-жақты талқыланды.Шымкент қаласы бойынша еңбек қатынастарын реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау көрсеткіштері де назарға ұсынылды. 2025 жылдың алғашқы алты айында 195 тексеру жүргізіліп, 143 заң бұзушылық анықталған. Оның 86%-ы жойылып, жалпы сомасы 12,3 млн теңге айыппұл салынған. Бұл соманың 58%-ы бюджетке өндірілген. Сонымен қатар, еңбек инспекторлары 1260 арыз-шағымды қарап, әрқайсысына заң аясында шаралар қолданған.


Семинар барысында қала кәсіпорындарындағы жалақы бойынша берешекке де ерекше назар аударылды. Есептік кезеңде 13 кәсіпорында 84 жұмыскерге 134,6 млн теңге қарыз бар екені белгілі болды. Бұл берешекті өтеу мақсатында арнайы кесте әзірленіп, сот орындаушыларының қатысуымен нақты әрекеттер жасалуда.


Осыған ұқсас мысал ретінде «Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС-інде орын алған еңбек дауы келтірілді. Жұмысшылардың ұжымдық жолданымы негізінде жүргізілген тексеру нәтижесінде 5,7 млн теңге жалақы берешегі анықталып, жұмыс берушіге әкімшілік шара қолданылып, іс жеке сот орындаушыларына берілді. Бұл мәселе толық шешілгенге дейін Департамент тұрақты бақылау жүргізетінін жеткізді.


Кәсіпорындарда ұжымдық шарт жасау деңгейі де сөз болды. 2025 жылғы маусымдағы жағдай бойынша Шымкенттегі 10 211 кәсіпорынның 1 932-сінде (18,9%) ұжымдық шарттар жасалған. Бұл әлеуметтік әріптестіктің деңгейін арттыру қажеттігін көрсетеді.
Іс-шара барысында сөз алған Шымкент қалалық Кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев: «Еңбек адамы – қоғамның діңгегі. Оның қауіпсіздігі мен құқығын қорғау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Бүгінгі семинар – нақты тәжірибе мен түсіністікке жол ашатын маңызды алаң», – деді.


Семинарда Серік Алиманов пен Алжан Мамадалиев еңбек заңнамасындағы соңғы өзгерістерді таныстырып, қатысушылардың сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Олар кәсіби аурулар мен өндірістік жарақаттардың алдын алуда жүйелі түсіндіру жұмыстары мен бақылаудың маңыздылығын атап өтті.


Жалпы, бұл семинар еңбек қатынастары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде кәсіподақтар, мемлекеттік құрылымдар және жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимылдың нақты, тәжірибеге негізделген үлгісі болды.