Астана қаласындағы Кәсіподақтар үйінде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның өкілдері бас қосты.
Іс-шараға Астана қаласының Кәсіподақ орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Исмагулов, Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілер (кәсіпкерлер) «PARYZ» Ұлттық Конфедерациясы Бас директорының орынбасары Шолпан Әбікенова, Астана қаласы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» филиалының директоры Айжан Қасенова және кәсіподақ көшбасшылары қатысты.
Отырыста қазіргі уақытта елордадағы еңбек нарығының жағдайы, жұмысшылардың еңбек құқықтарының қорғалуы, электрондық еңбек шарттарын енгізу барысы және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысудың өзекті мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Бүгінде Астана қаласында 644 мыңнан астам жалдамалы жұмыскер еңбек етеді. Оның ішінде 410 мыңнан астамы электрондық еңбек шарттары арқылы тіркелген. Алайда, әсіресе құрылыс саласында еңбек шарттарын рәсімдемей жұмыс істейтін азаматтар саны әлі де көп. Бұл өз кезегінде жұмысшылардың әлеуметтік құқықтарының бұзылуына және еңбек дауларының туындауына алып келуі мүмкін.
«Электрондық еңбек шарттарын енгізу арқылы жұмысқа орналасу барысы жеңілдейді, қызметкердің жеке ісі автоматты түрде қалыптасады. Ең бастысы – қағазбастылық қысқарады. Сонымен қатар бұл жүйе арқылы жұмыс берушінің жауапкершілігі артады, өйткені Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, әлеуметтік сақтандыру қорына міндетті жарналардың түсуі автоматты түрде бақыланады. Бұл өз кезегінде жұмысшыны әлеуметтік тәуекелдерден қорғауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті комиссия мүшелері.
Жиын қорытындысында еңбек қатынастарын тиімді реттеу, электрондық еңбек шарттарын кеңінен енгізу және әлеуметтік сақтандыру жүйесінің жұмысын жетілдіру бағытындағы іс-шараларды жүйелендіріп, жандандыру қажеттігі атап өтілді. Комиссия мүшелері жұмыс берушілер тарапынан еңбек заңнамасының талаптарын сақтау, жұмыскерлердің әлеуметтік құқықтарын қорғау, көлеңкелі жұмыспен қамтуды азайту және еңбек дауларының алдын алу бойынша әлеуметтік әріптестік аясында бірлескен жұмысты жалғастырудың маңыздылығына назар аударды.