Кәсіподақ қозғалысының қалыптасуы мен дамуы — ел тарихының еңбек шежіресімен тамырлас. Биыл осы қозғалыстың 120 жылдығы елімізде кең көлемде аталып өтілуде. Осыған орай Ақтөбе өңіріндегі кәсіподақтар тарихына үңілсек, еңбек адамына қорған болған, ұжым мүддесін биік қойған азаматтардың есімі ерекше аталады. Солардың бірі — Ақтөбе облыстық кәсіподақтар кеңесін ұзақ жылдар басқарған, еңбек ардагері Түрікпенбай Айжарықов.
Түрікпенбай Жұбанұлы ауыл шаруашылығы саласында білікті басшы, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азамат ретінде танылып, кейін еңбек жолын кәсіподақ қозғалысына арнады. Ол басқарған тұс — облыс кәсіподақтарының қайта жандану кезеңімен тұспа-тұс келді.Елімізде көптеген кәсіпорындар жабылып, жұмысшылар құқығы назардан тыс қалып, кәсіподақ ұйымдарының рөлі әлсірей бастаған шақта, ол бұл салаға жаңа серпін әкелді. Түрікпенбай Жұбанұлы кәсіподақтың қоғамдағы маңызын қайта көрсетуге ұмтылды, еңбек адамдарының сенімін ақтау жолында табанды еңбек етті.
Облыстық кәсіподақ ұйымының жұмысы тек өңір шеңберімен шектеліп қалмай, халықаралық әріптестік деңгейіне көтерілді. 2010 жылы көрші Орынбор облысының кәсіподақ делегациясы Ақтөбеге арнайы сапарлап келіп, бірқатар ақтөбелік азаматтарға «Ресей кәсіподақтарына 100 жыл» мерекелік медалін табыстады. Қонақтар ұжымдық келісімшарттың мазмұнды әрі нақты жасалып, жүйелі түрде орындалып жатқанын ерекше атап өтті. Бұл — Түрікпенбай Айжарықовтың бастамасымен жолға қойылған жұмыстардың бірі болатын.
Сол тұста тағы бір тарихи маңызды оқиға — Үрімшіге сапар шегіп, Қытай Халық Республикасының Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылуы еді. Бұл келісім кәсіподақ қызметін жаңа бағытқа бұрып, халықаралық байланыстарды кеңейтті.
Түрікпенбай Жұбанұлы жұмысшылар арасындағы теңсіздік, еңбек құқықтарының бұзылуы, жалақы мәселесі сияқты өзекті проблемаларға бейжай қарамай, нақты шешімдерді ұсынды. Келісімшарт талаптарының орындалуын қатаң бақылауға алды. Ол кәсіподақ ұйымының қоғамдағы беделін арттыру үшін жаңашыл идеяларымен танылды. Жергілікті ұйым жетекшілерінен белсенділік талап етіп, ұжым мүшелерінің мүддесін қорғауға ерекше мән берді.
Оның басшылығымен жүзеге асқан айтулы істердің бірі — облыстық кәсіподақтар музейінің ашылуы. Бұл бастама арқылы өткен мен бүгінді сабақтастырған, болашаққа аманат қалдырған құнды мәдени мұра жасалды. Қазіргі таңда бұл музейде облыс кәсіподақтарының әр кезеңіндегі жетекшілер — Хайрулла Иманалин, Алтынбек Әкімжанов, Диас Құлшаров сынды елге танымал тұлғалардың өмір жолы, еңбектері мен мұрағаттық құжаттары сақталған. Мұражай қорлары жаңа деректермен толықтырылып, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін рухани орталыққа айналды.
Бүгінде Ақтөбе облысындағы кәсіподақ қозғалысы өзінің тарихи жолын абыроймен жалғастырып келеді. Бұл жолда Түрікпенбай Жұбанұлы Айжарықовтай ұлтжанды азаматтардың қалдырған ізі сайрап жатыр. Кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығында осындай еңбек майталмандарының еңбегін ұлықтау — елдік парызымыз.