Қызылорда облыстық кәсіподақтар қозғалысының қалыптасуы мен дамуы туралы

Қызылорда облысындағы кәсіподақ қозғалысының бастау көзі ХХ ғасырдың басына, 1905 жылғы Ресейдегі революциялық оқиғалармен тұспа-тұс келеді.Сол уақытта Перовск (қазіргі Қызылорда), Қазалы, Түркістан және Ақтөбе станцияларында теміржол жұмысшылары алғаш рет бірігіп, бейресми түрде еңбек құқықтарын қорғау жолында әрекет ете бастады.

Сыр өңіріндегі кәсіподақ қозғалысының ресми дамуы 1949 жылдан бастау алды.Сол жылы сәуір айында өткен КСРО Кәсіподақтарының X Бүкілодақтық съезінде елдегі кәсіподақ қозғалысының 17 жылдық даму жолы қорытындыланып, жаңартылған Жарғы қабылданды. Бұл тарихи сәт кеңестік кәсіподақтардың дамуына жаңа серпін берді.

1949 жылдың 25 қарашасында Кәсіптік одақтардың Бүкілодақтық орталық кеңесінің төралқасы Қазақстанда қосымша төрт облыстық кәсіподақ кеңесін, соның ішінде Қызылорда облыстық кәсіподақ кеңесін құру туралы шешім қабылдады. Осы шешімнің негізінде 1949 жылғы 31 желтоқсанда Қазақ КСР Кәсіподақтар Кеңесінің төралқасы №28 қаулымен Қызылорда облыстық кәсіподақтар кеңесін ресми түрде құрды.Жаңадан құрылған облыстық кәсіподақ кеңесі алғашқы кезде 7 адамнан құралды.Дегенмен, сол кездің өзінде облыс бойынша кәсіподақ мүшелерінің саны 33 мыңнан асып, кең ауқымды жұмысты қажет етті.

1958 жылдың 1 қаңтарында облыстық кеңес аймақтағы 9 облыстық, 2 аудандық және 16 дербес жергілікті кәсіподақ комитетін біріктірді.Бұл өңірде кәсіподақтар қозғалысының кең қанат жайып, түрлі сала қызметкерлерін біріктіруде маңызды рөл атқарғанын көрсетеді.

1950-1969 жылдар аралығында Қызылорда облыстық кәсіподақтар кеңесі:

  • 11 салалық кәсіподақ комитетін,
  • 6 біріккен кәсіподақ комитетін,
  • 1337 бастауыш кәсіподақ ұйымын,
  • 643 цех кәсіподақ комитетін және
  • 1265 кәсіподақ топтарын біріктіре алды.

Қызылорда облысындағы кәсіподақ қозғалысының даму жолы – осы бүкілқазақстандық үдерістің маңызды құрамдас бөлігі.Өңірлік кәсіподақ құрылымдарының қалыптасуы мен нығаюы нәтижесінде бүгінде мыңдаған жұмысшы мен қызметкердің әлеуметтік-еңбек құқықтары жүйелі түрде қорғалып, салалық келісімдер мен ұжымдық шарттар арқылы нақты қолдау табуда.