«DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Түркістан облысы және Шымкент қаласындағы медицина мекемелерінде еңбек ететін кәсіподақ мүшелерінің балаларына дәстүрлі «Бірінші сыныпқа – бірінші рет!» акциясын өткізді. Бұл шараның негізгі мақсаты – мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндерді оқу құралдарымен қамтамасыз етіп, жаңа оқу жылына дайындық кезеңін жеңілдету.

Жаңа оқу жылы – әрбір отбасы үшін ерекше кезең.Баланың мектепке алғаш қадам басуы – үлкен жауапкершілік пен толқыныс сәті.Осы орайда «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отырған «Бірінші сыныпқа – бірінші рет!» акциясы ата-аналарға да, балаларға да үлкен қуаныш сыйлады.

Биылғы акция аясында 256 бірінші сынып оқушысына мектепке қажетті құрал-жабдықтары салынған сөмкелер табысталды.Сөмкелер құрамында оқу процесіне қажет барлық жабдықтар – дәптерлер, қалам-қарындаштар, сурет салу құралдары, сызғыштар мен бояулар бар.Бұл – кәсіподақ тарапынан жыл сайын көрсетілетін қолдаудың бір көрінісі.
Іс-шара барысында кәсіподақ төрағасы Сакен Катбаев ата-аналар мен балаларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, акцияның маңыздылығына тоқталды:
«Бұл бастама – біздің ұйымның жобаларының бірі. Бала – отбасының болашағы, еліміздің ертеңі. Олардың жақсы білім алып, тәрбиелі болып өсуіне жағдай жасау – қоғам алдындағы ортақ міндетіміз. Кәсіподақ мүшелерін қолдау және олардың балаларына лайықты жағдай жасау – біздің тұрақты басымдығымыз болып қала береді», – деді ол.
Акцияға қатысқан ата-аналар кәсіподақтың осындай дәстүрлі бастамаларына ризашылықтарын білдіріп, бұл көмектің жаңа оқу жылына дайындық кезінде үлкен демеу екенін атап өтті. Балалардың мектепке деген қызығушылығы артып, қуанышты көңіл-күймен қабылдағаны да іс-шараның мәнін айқындай түсті.
Кәсіподақ ұйымы алдағы уақытта да «Бірінші сыныпқа – бірінші рет» акциясын тұрақты негізде жалғастырып, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін және олардың отбасыларын қолдауға бағытталған жобаларды жүйелі түрде іске асыруды жоспарлап отыр.
