«Қалың қалай, бастауыш ұйым» акциясы аясында «Қызмет» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалы Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығының кәсіподақ мүшелерімен кездесу ұйымдастырды.
Іс-шараға «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов пен «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Жарқымбек Құрманбек қатысты. Олар мекеме басшысы Ерсұлтан Амзеев және кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлия Белгібаевамен бірге еңбек ұжымының жұмыс жағдайымен танысты.
Кездесу барысында еңбек қатынастары, қызметкерлердің құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мен техникалық қауіпсіздік талаптары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі жан-жақты жауаптар алды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ХХVII съезі мен «Қызмет» салалық кәсіподағының ХІІ съезінің шешімдері таныстырылып, кәсіподақ қызметінің 2025-2030 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру туралы айтылды.
Жиын соңында Қазақстан Конституциясының 30 жылдық мерекесі қарсаңында бірқатар қызметкер кәсіподақ наградаларымен марапатталды. Атап айтқанда:
«Еңбек озаты» төсбелгісімен: күзетші Әбдіманап Жора Әбділлахапұлы және санитар тазалаушы Усманова Жамиля Джумадиллаевна;«Құрмет грамотасымен»: күзетші Дәрібай Мұрат Жұмаділлаұлы; «Алғыс хатпен»: күзетшілер Абдуманапов Нұргелді Абдулахапович және Бадамбаев Бауржан Жұмабекович марапатталды.
Мұндай кездесулер жұмысшылардың пікірін тыңдап, олардың талап-тілектерін ескеруге жол ашады және кәсіподақтың шынайы қолдау көрсететін ұйым екенін көрсетеді.