Руханияттың шамшырағы – Зейнеп Ахметовамен кездесу

Қазіргі қоғамда ұлттық болмысты сақтау, жастарды рухани тәрбиелеу – аса маңызды мәселелердің бірі.Осы орайда, халқымыздың асыл құндылықтарын дәріптеп, ұрпақ санасына ұлттық тәрбиені сіңіруге ұмтылған зиялы қауым өкілдерімен жүздесу – үлкен олжа. Осындай тағылымға толы, ерекше әсер қалдырған рухани кештердің бірі – ел анасы атанған Зейнеп Ахметовамен болған кездесуде орын алды.

Кешті ұйымдастырған Алматы қаласының Жергілікті «Серіктес» кәсіподақ ұйымы. Кездесу «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ «Book Club АЖК» клубының алаңында өтті.

Book club АЖК – энергетика саласындағы қызметкерлерінің кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып, оқу мәдениетін насихаттау мақсатында құрылған ерекше бастама. Клубтың басты мақсаты – тек көркем әдеби шығармаларды талқылау ғана емес, сонымен қатар: ұлттық әдебиетті дәріптеу, тарихи-мәдени мұраны ұлықтау, шығармашылық қабілетті дамыту, ой-өрісті кеңейту, ана тіліне деген құрметті арттыру.

Аталған кешке түрлі саланың өкілдері – «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қызметкерлері, ұстаздар, түрлі мекеме мамандары мен жұмысшы қауым қатысты.

«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ «Alataý Jastary» жастар кеңесінің төрайымы Перизат Нәби: «Бүгінгі күн біз үшін ерекше әрі мәнді сәтке айналды. Қазақ халқының аяулы анасы, ел құрметіне бөленген жазушы, қоғам қайраткері – Зейнеп Ахметовамен кездесудің сәті түсті. Бұл кеш – жай ғана жүздесу емес, аналық мейірімге, шынайы жүректен шыққан сөздерге, рухани байлыққа толы тағылымды уақыт болды. Біз бұл кездесуден ерекше әсер алып, өмірлік маңызы зор ой түйдік», – деп әсерімен бөлісті.

Зейнеп Ахметова – қоғам қайраткері, педагог, бірнеше кітаптың, соның ішінде «Күретамыр», «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты» сынды тағылымды еңбектердің авторы.Бұл туындыларда ол халқымыздың ата-бабадан жалғасып келе жатқан салт-дәстүрі мен ұлттық тәрбиенің өзегін терең қозғайды.«Күретамыр» – жай кітап емес, ол – ұлттың бойтұмары іспеттес, тәрбиенің қайнар көзі.Кездесу барысында Зейнеп апамыз осы еңбектердің жазылу барысы, көздеген мақсаты мен қазіргі қоғамдағы орны туралы кеңінен баяндап берді.

Бұл жүздесу – ананың жүрегінен шыққан шынайы сөзге, қазақы тәрбиенің қадірін ұғындырған тағылымға толы сәт болды.Апамыздың әрбір ойы – өмірдің өзінен алынған, халықтың тұрмысымен тамырлас терең тәжірибеге негізделген.Ол кісінің даналықпен айтқан әрбір сөзі тыңдаушылардың жүрегіне жол тауып, рухани күш пен сенім сыйлады.

Кеш өте жылы, еркін форматта өтті.Залда отырған әрбір жан апамыздың айтқан ой-пікірін ықыласпен тыңдап, жүрек сүзгісінен өткізіп отырды.Ол өз сөзінде: «Қазақ – үлкенді құрметтеп, баланы баулыған, ана мен әкенің орнын биік қойған халық.Біз осы тамырымыздан ажырамауымыз керек», – деп жастарға үн қатты.Әрбір мысалы өмірден алынған, әрбір кеңесі – өмірлік сабақ болды.

«Ұлт болам десең, бесігіңді түзе», – деп аналар тәрбиесінің маңызын алға тартқан Зейнеп апайымыз жастарға бағыт-бағдар, өмірлік ақыл-кеңес беріп, болашаққа үмітпен қарауға шақырды.Жас буынға аманат етілген ұлттық құндылықтар, тектілік пен тәрбиенің тамыры тереңде екенін тағы бір мәрте еске салды.

Кездесу барысында ұлттық тәрбие, ата-ананың жауапкершілігі, бүгінгі буын мен бұрынғы ұрпақтың дүниетанымындағы айырмашылықтар туралы салиқалы сұхбат өрбіді.Апамыз жастардың көкейіндегі сұрақтарға ашық әрі терең жауап беріп, өз өмір жолынан сыр шертті.Оның даналығы мен байыптылығы, жүректен шыққан сөздері – жас ұрпаққа үлкен ой салып, шабыт берді.

Бұл кездесу – ұлттық руханияттың, шынайы тәрбиенің, адамгершіліктің биік үлгісі болды.Жиналғандар тек бір кітаптың авторымен емес, қазақ аналарының биік бейнесімен, рухани ұстазбен жүздескендей әсерде тарады.Әсіресе, бүгінгі буынға рухани бағдар беретін, санасын серпілтіп, жүрегін оятатын мұндай кештердің маңызы зор.

Кеш соңында қатысушылар Зейнеп апамыздан естелікке қолтаңба алып, жылы тілектерін жеткізді. Бұл сәт-әр жүректе ұмытылмас естелікке айналды. Жан дүниемізге сәуле сыйлаған, жүрекке шуағын төккен Зейнеп апайымызға мың алғыс!